Қоғам

Еуразиядағы жаһандық қауіптер қандай?

Еуразия құрлығы қауіп-қатерлердің айрығында тұр, ол не бірігуі тиіс, не жаһандық жанжалдардың алаңына айналады. Кеше Астанадағы Назарбаев орталығында «ASTANA CLUB»-тың төртінші отырысының арнайы сессиясының аясында «2019 жылы Еуразияға төніп тұрған әлемдік қауіптер рейтингі» атты халықаралық зерттеуді таныстырған сарапшылар осындай пікір білдірді.

Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры (ӘЭСИ) Ержан Салтыбаев сауда соғыстары, санкциялық және басқыншылық саясат орнаған заманда текетірестерді шешуге бағытталған БҰҰ, ДСҰ сияқты маңызды халықаралық институттардың өзіне қауіп төніп тұрғанын мәлім етті. Оның пайымдауынша, жаһандық қауіпсіздік жүйесінің дағдарысқа ұшырағанына бүгінгі үрдістер дәлел болуда. Мұның салдары ауыр болмақ. «Сол себептен Еуразия қазіргі таңда күрделі әрі маңызды шешім қабылдауға мәжбүр. Не бірігуі тиіс, не жаһандық жанжалдардың алаңына айналу қаупі туады. Таңдау қайсысына түсетіні жақын болашақта белгілі болады» деді Ержан Салтыбаев.
ӘЭСИ басшысы Астанадағы брифингте Қытай мен АҚШ сияқты алпауыт елдердің теке­тіресі, соның әсерінен болатын сауда соғыстарының Қазақстанға негізінен қауіп тудыратынына тоқталды. Ол Еуразияның жүрегінде орналасқан Қазақстан үшін осы аймақтағы елдердің барлық текетірестерді бейбіт жолмен шешіп, ымыраға келуі аса маңыз­ды екенін атап өтті. Сондықтан да Еуразияның жетекші елдері арасындағы диалог орнату Қазақстанның сыртқы саясатындағы басты міндеттердің бірі болмақ. «Бұл орайда, біз әзірлеген қауіптер рейтингі осы диалогтың негізі бола алатындай өзекті мәселелерді айқындауға бағытталған» деп түсіндірді отандық сарапшы.
«ASTANA CLUB»-тың тұрақты сарапшыларының бірі, Еуразия­лық зерттеулер институтының директоры, Шанхай университеті жанындағы халықаралық қатынастар және мемлекеттік басқару мектебінің профессоры Ян Чен Қытай мен АҚШ-тың алдағы қатынастары жағымды үрдіспен дамитынына зор үмітпен қарайды. Ол Вашингтондағы АҚШ-тың Қорғаныс министрі, Мемлекеттік департаментінің хатшысы, ҚХР-дың Сыртқы істер министрінің қатысуымен өткен кездесуді мысалға келтірді. «Олар Қытай мен АҚШ-тың арасындағы қатынастарды қалай реттеу қажеттігін талқылап, бір мәмілеге келді. Сондықтан біз диалогқа үміттіміз. Тараптар ымыраға келеді деп сенемін» деді ол.
Брифингте журналистердің сауалдарына жауап берген Атлантикалық кеңестің аға сарапшысы Ариэль Коэннің пікірінше, Қытай мен АҚШ текетіресінің шиеленісуі алдағы уақытта Еуразия өңірі үшін үлкен қауіп болмақ. Ол екі алыптың арасындағы шиеленіс тек сауда соғыстарымен шектелмейтінін қадап айтты. «Жұрттың көбі тек тарифтік, сау­да соғыстарын тілге тиек етуде. Өкінішке қарай, алдағы уақытта Қытай мен АҚШ әрі экономикалық, әрі әскери қуаты жөнінен күш сайыс­тырады» деді ол. Коэннің пікірінше, АҚШ пен Қытайдың диалогы тек сауда-саттықпен шектелмей, ядролық қаруды таратуға тыйым салу сияқты геосаяси мәселелерді де қамтығаны абзал.
Сарапшылардың болжамына сәйкес, Еуразияға төніп тұр­ған басты жаһандық қауіптер мыналар: Қытай мен АҚШ-тың текетіресінің шиеленісуі, кең ауқымды сауда соғыстары, Таяу Шығыстағы үлкен соғыс, Ресей мен Батыс арасындағы қарым-қатынастардың одан әрі нашарлауы, Еуразиядағы шиеленіс «ошақтарының» қайта жандануы, киберқауіптердің күшеюі, экологиялық және су ресурстарына төнген қауіптердің ушығуы, жаппай қаруланудың жаңа кейпі, ірі ядролық және техногенді апаттар. Зерттеу жұмысына әлемнің ең үздік 30-дан аса сарапшылары мен саясаткерлері қатысқан. Сондай-ақ зерттеу барысында 60 мемлекеттен 1000-нан аса кәсіби респонденттер арасында сауалнама жүргізілген. Авторлардың арасында Вудро Вильсон атындағы халықаралық ғылыми орталық жанындағы Кеннан инс­титутының директоры Мэтью Рожански, Әлем проблемаларын зерттеу бойынша Стокгольм халықаралық институтының директоры Дэн Смит, АҚШ Атлантика кеңесінің стратегиялық болжау басқармасының басшысы Мэтью Барроуз, МАГАТЭ-нің бас директоры (1997-2009), Мысырдың
вице-президенті (2013), Нобель сыйлығының бейбітшілік бойынша лауреаты Мохаммед Эл-Барадей және бас­қалар бар.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button