Басты ақпаратБілім

Кәсіптік білімнің болашағы қандай?

Астанада «Кәсіптік-техникалық білім және әлеуметтік серіктестік: тенденциялары, болашағы, мәселелері» тақырыбында қалалық семинар-кеңес өтті. Астана қаласының Білім басқармасы ұйымдастырған жиында елорданың еңбек нарығына қажетті мамандарды сапалы дайындау, жалпы бас қала экономикасына білікті кадрларды даярлау мәселелері талқыланды. Іс-шараға Парламент депутаттары, Оқу-ағарту министрлігінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, қалалық Халықты жұмыспен қамту орталығының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, елорда колледждерінің басшылары мен оқытушылары қатысты.

Жиынды жүргізген Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтың айтуынша, соңғы уақытта кәсіптік-техникалық білім саласына үлкен көңіл бөлініп жатыр. Колледждерге академия­лық еркіндік беріліп, арнаулы орта білім беру орындары жұмыс берушілермен және әлеуметтік серіктестермен бірлесе отырып, кәсіби стандарттар негізінде оқу бағдарламаларын әзірлейді.

– Қаламызда, жалпы елімізде де дуалды оқыту мәселесі қарқынды дамуда. Оған үлкен себеп – осыдан екі жыл бұрын басталған «Жас маман» бағдарламасы. Соңғы жылдары Оқу-ағарту министрлігі кәсіптік-техникалық білім жүйесін дамытуда бірқатар жүйелі жұмыстарды атқарды, – деді Қасымхан Сенғазыев.

Басқарма басшысының мәлімдеуінше, биыл аталмыш ведомство тарапынан балабақша тәрбиешісі және бастауыш сыныптар мұғалімі мамандықтарына алғаш рет мемлекеттік тапсырыс орналастырылмақ. Бұдан бұрын аталмыш мамандықтарға осындай тапсырыс болмаған. Жалпы елордада 140-тан астам қысқа мерзімдік оқыту бағдарламалары әзірленген.

Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының міндетін атқарушы ­Ақзира ­баяндауынша, Президент тапсырмасына сәйкес еңбек нарығында сұранысқа ие білікті кадрларды даярлау Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы мен «Барлығына қолжетімді сапалы білім беру» ұлттық баяндамасының жобасы аясында қарастырылып отыр. Қазіргі таңда колледждердің 85 пайызы техникалық, ауыл шаруашылық және қызмет көрсету салалары бойынша мамандарды даярлауда. 2020 жылдың қыркүйегінен колледж студенттерінің стипендиясы 50 пайызға артты, биыл тағы 50 пайызға арттыру көзделген.

Еліміз бойынша колледждер түлектерінің 77 пайызы, ал Астана қаласында 76 пайызы жұмысқа орналастырылған. Алдағы мақсат – бұл көрсеткішті кемінде 90 пайызға жеткізу. Бұл үшін жұмыс берушілермен бірлесіп, еңбек нарығына нақты қажет мамандарды анықтау керек. Қазіргі таңда Қазақстандағы 551 колледжде дуалды оқыту жүргізіледі. Бұл 91 мың студентті қамтып отыр. Ал Астана қаласының колледждері 6 мыңға жуық ірі, орта және шағын кәсіпорындармен байланыс орнатқан. Соның ішінде негізгі үлес шағын кәсіпорындарға түсіп отыр. Ендігі мақсат – ірі кәсіпорындармен тиісті жұмысты күшейту.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының вице-президенті Ерасыл Жұманбаев 2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Кәсіптік біліктілік туралы» заң қабылданғанын мәлімдеді. Заңның негізгі міндеттері, біріншіден, салалық біліктілік жүйелерін қалыптастыру. Мұндағы ең басты мәселе, тиісті кәсіптерді айқындау, салалық орталықтарды құру, жұмыс берушілерді жаңа жүйеге қатысуын арттыру. Екінші бағыт – еңбек нарығының сұранысына сәйкес кәсіби кадрларды даярлау. Ал үшінші бағыт – адами капиталдың сапасын арттыру.

Еңбек мобильділігі орталығының директоры Олжас Омар қазір еңбек нарығында Мансап орталығы маман мен жұмыс берушінің арасындағы көпірге айналғанын атап өтті. Яғни, жұмыссыз мамандарды «Электронды еңбек биржасы» порталына тіркелуге көмек беріп, сұранысына сай жолдама ұсынады. Соның ішінде «Алғашқы жұмыс орны», «Жастар практикасы», «Күміс жас», қысқа мерзімді кәсіптік оқыту және шағын несиелеу бағыттары бар. Баяндамашы аталмыш бағыттарға кеңінен тоқталды.

Атап айтқанда, «Алғашқы жұмыс орны» бағыты тәжірибесі жоқ жастарға арналған. Айына субсидиялау мөлшері 30 АЕК (110 мың теңге) және жұмыс беруші қосымша жалақы төлей алады. Мұнда жұмыс 18 айдан аспайды. Ал «Жастар практикасы» – 35 жастан аспаған білім беру ұйымдары жұмыссыз түлектерінің алған мамандығы бойынша тәжірибе жинақтауды ұсынатын қызмет түрі. «Күміс жас» болса, 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтарды жұмысқа орналастыруға бағытталған жоба. Бұл жоба жеке кәсіпорындарға арналған. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жұмыс берушінің тапсырысы бойынша 6 айға дейін созылады. Оқып жатқан азаматқа стипендия, ал жұмыс орнынан жалақы төленеді. Шағын несиелеу бағдарламасы 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерге арналған. Несие 5 жылға 5 млн теңгеге дейін беріледі. Жылдық сыйақы мөлшері – 2,5 пайыз.

Парламент Мәжілісінің депутаты Олжас Құспеков техникалық және кәсіптік білімді дамытуға қатысты пікірін жеткізді. Соның ішінде ауылдық жерлердегі колледждердің білім сапасына тоқталып, қаладағы колледждер ауылдағы арнаулы орта оқу орындарына қамқорлық көрсету керектігін айтты. Елорданың технологиялық колледжінің директоры Ләззат Разбекова кәсіпорындардың колледждерге қамқорлығы, колледждерді дамыту бағытында сөйледі.

Оның мәліметінше, қазір Астана қаласында 32 колледж бар. Соның 9-ы – мемлекеттік, 23-і – жекеменшік. Олар 73 мамандық 121 біліктілік бойынша 35923 студентті оқытады. Соның 20289-ы, яғни 56 пайызы мемлекеттік оқыту тапсырысы аясында білім алып жатыр. Осы оқу орындарының әлеуе­тіне тоқталған баяндамашы, елорданың колледждері сапалы білім беру, білікті кадрларды даярлау бағытында өңірлерге үлгі көрсету керектігін айтып өтті. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 7500 білім алушы жұмыспен қамтылған.

– 2022 жылдан бастап колледждерге академиялық дербестік берілді. Нәтижесінде жергілікті кәсіпорындармен ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік туды. Астана қаласының колледждері осы мүмкіндікті пайдаланып келе жатыр. Оқу бағдарламасы маман даярлау бойынша ұсыныс жолдаған кәсіпорындармен бірлесе жасалды. Екі жақты келісімнің, бірлескен шешімнің арқасында колледждер сапалы маман даярлайды, ал кәсіпорындар маман тапшылығы мәселесін шеше алады, – деді Ләззат Разбекова.

Кәсіпорындармен бірлесе кадр даярлау аясында Астана қаласы бойынша 1113 студент қамтылғанын, оған қаладағы 90 кәсіпорын ұсыныс жасағанын, 2029 жылға дейін 6 мың студентті қамту жоспарланғанын атап өткен баяндамашы өзі басқаратын технологиялық колледж тәжірибесіне тоқталды. «Ақмол холдинг» жеке шаруа­шылық серіктестігі аталмыш оқу орнын қамқорлыққа алып, әртүрлі материалдық, демеушілік көмек көрсетумен қатар Францияның Лион қаласындағы Sipr колледжімен тығыз байланыс орнатуға көмек берді. Нәтижесінде екі апта бұрын екі жақты келісімшарт жасалды. Алдағы 5 наурыз күні Sipr колледжінің өкілдері Астанаға арнайы іссапармен келіп, технологиялық колледжбен таныспақ. Алда франциялық әріптестермен қысқа мерзімдік курс ашу, Францияның ұлттық тағамдары мен қазақтың ұлттық тағамдарын біріктіріп, нарықта өтімді, халыққа пайдалы өнімді ұсыну жоспарланған.

«Электр энергетиктері қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасының орынбасары Арман Телев салалық қауымдастықтың дуалды білім беруге қосқан үлесімен таныстырса, «Hilton Astana» қонақ үйінің бас менеджері Лео Холли және осы қонақ үйдің кадр бөлімінің директоры Ольга Чеснокова елорда колледждері студенттерінің аталмыш мейманханада практикадан өту, одан кейін қонақ үйге жұмысқа тұру тәжірибесімен бөлісті. Семинар-кеңестің қорытындысында елорданың әлеуметтік дамуына сәйкес техникалық және кәсіптік білім саласын қоғам сұранысына сай одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар айтылды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button