Басты ақпаратҚоғам

Адамды адам сыйлаудан қалып барады

«Адам баласын сыйлап көрмеген» деген ауыр сөздің барын білеміз. Жалпы адам сыйлау деген не? Ол – шын жүректен шығатын ұлы ұғым, ірілік пен кісілік және жанның мейірімі.

сіме Тойлыбек деген адамның оқиғасынан басқа нәрсені түсіре алмадым. Естуімше, мұндай адам Сыр бойында өткен екен. Өткен ғасырдың басында болған қуғын-сүргін кезінде қызыл белсенділердің бірі болыпты. Бірақ жақсы белсенді. Қай байды атып, қай жақсыны жер аудару керек деген үкім шығысымен түнделетіп сол адамды елден қашырып жіберудің амалын жасапты. Ертесіне өзі сол ауылға келіп, әлгі адамды іздеген болып, өзі сілтеген жағынан басқа жаққа іздеп кетеді екен. Қиын-қыстауда қаймықпай, адамшылықтың жолымен жүрген үлкен жүрек иесі бертінге дейін өмір сүрген. Бейбіт заманда ауылдың бір адамы өлсе, туған бауыры өлгеннен бетер «бауырымдап», қаралы үйге алдымен барып көңіл айтады екен. Жаназасында қатардың басында тұрған. Бұл қандай заман болса да адам сүюдің үлгісі – өзгеге де, өзіне де, құрметіне де сызат түсірмей өткен нағыз адам емес пе?!

Адам баласы бір қауымда, айналасындағы адамдармен бірге өмір сүреді. Туғанынан бастап сол ортада ержетіп, адамдардың ортасында өмірден өтеді. Өз өмірінде мыңдаған адаммен кездесіп, таныс-біліс болып, өмір сабағынан шыңдалып, кемелдене түседі. Құрдымға да сол ортада кетеді. Қоғамға сіңіп, қатар жүрген адамдардың жақсысымен тіл табысып, жаманымен алыстан сыйласуға ақылы жетуі керек. Сонымен қатар өз қауымының жазылған, жазылмаған заңдылығын ұстанып, сол қоғамның толыққанды мүшесі болу үшін жауапкершілік жүгін арқалап өтеміз. Онсыз болмайды.

Енді әркім өз жүрегіне үңілсінші. Адам сүймек түгіл, сыйластық, құрметтен жұрдай болып бара жатқан жоқпыз ба? Мүмкін туғанымыздың жолында жанымыз құрбан дерміз. Сонда да бөтен біреудің пікірі мен ұстанымы, әрекеті өз дегеніміздей болмаса, қабылдай аламыз ба? Біреуді сыйлау өзгенің даралығын ескеру деп те аталады. Оның даралығын өзіңіздің қалпыңызбен өлшеп, өзіңіздей ойлап, өзіңіздей болмағаны үшін сынап-мінемей, талап етпеу – осы сыйластықтың басы. Егер адами нормалардан асып кетпесе, сол қалпында қабылдау деп те айтып жатады. Олардың өз пікірін немесе мінез-құлқын өз қалауыңызша өзгертуді талап етпеу. Егер біреу құздан құлағалы тұрса, оны аяғынан тартып болса да құтқарып қалуға болады, бірақ мынадай жолмен жүр деп айта аламыз ба? Меніңше, қажеті жоқ нәрсе, әркім өз жолын өзі табуы керек. Бірақ тығырыққа тірелген сол адамдардың жақсы қасиеттерді оятып, оны жарқыратып алып шығып, сол жақсылықтың шуағына өзінің де, өзгенің де қуануына қолдан келгенше себепші болса ше?!

Жасыратыны жоқ, соңғы кездері осы орта нілдей бұзылды. Алдымен «шала қазақтан» басталды, оған сопылар, уахабтар, тәңіршілдер, тағы басқа діни ағым өкілдері қосылды, сондықтан олардан бойымызды аулақ ұстаймыз. Айналып келгенде, бір қазақ емес пе, неге бір-бірімізге мейірімсіз, адасқаны бар, адаспағаны бар, жау көргендей болдық. Арғы жағында өзімшілдік жатқан жоқ па?!

Жібек БОЛТАНОВА, Геральдикалық зерттеу орталығы

зерттеу бөлімінің басшысы:

«Ата заңымыздың 1-бабында «еліміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Мына заманда сол адам қара басының қадір-қасиетінен айырылып, құндылық болмай қалғандай. Осы мемлекеттің, елдің бірінші құндылығы адам болса, қазіргі қоғам үшін адамдар ешкім де емес. Осының бәрі – ата салтымыздан ажырап, жаһанданып бара жатқанымыздың алғашқы көрінісі. Адамдар өзімшіл, тәкаппар, дәулеті тасыса астамшыл болып барады. Солар алға шыққанда, қарапайым халық соларға қарап жерініп барады. Өзі үшін ғана өмір сүру деген қорқынышты нәрсе еді. Қазақ танымында көптен ажырамаған. «Көппен көрген ұлы той», «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» дейді. Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен бірге адасуға дайын халық жалғыздың арты қоғамнан оқшаулану, тұйыққа тірелу екенін білген соң айтқан болар. Адам тұйықталғанда өмірдің мәнінен айырылады, өзіне деген сенімнен айырылғанда түңіледі. Адамды сондай халге әкеледі. Ортада өмір сүрген адам, мысалы, мектептің өзін алайық, ұстазымыздың, қала берді ауыл адамдарының бізге деген сенімі, ықыласы арқылы өзімізге деген сенім мен құрмет қалыптасып, бөтен ойға бой алдырмадық. Біздің қазақ баласын көпшіл етіп өсіреді ғой, әркімнің көңіліне қарап қамқор болуды қалайды. Көп балалы болатынымыз да содан ғой. Эгоизмге жол берген сайын өзін-өзі жоғары көтеріп, ең жаман қасиеттерді сіңіріп, бөтен жолға түседі. Ұлық болған сайын кішік болу – қазақы болмысымыздың басты қасиеті. Сол қасиет қалмағанда, адам биік қалпында қалмайды».

Пікір иесі айтқандай, көпшіл халықтың ортасы өмір сүруге қолайлы, ұл-қызының болашағына да жайлы болуы тиіс. Ал мына дүние көкпар сияқты. Әсіресе әлеуметтік желі. Мән бермес пе едік, бірақ бұл да халық мәдениеті өресінің бір көрсеткіші болмаса. Егер әлеуметтік желіде айтарым бар дейтіндер отырмаса. Ең алдымен сыйластық, адамға құрмет осы жерден кетіп бара жатқан сияқты. Бейтаныс адамдар бірін-бірі қаралағанда, ортада айтылмайтын нәрселерді талдағанда желіні алақұйын етеді. Келелі әңгімені айта да білу керек, оны талдай да білу керек. Пікір айтқанда қазақы ойлау дәстүріміздің, қазақы мәдениетіміздің шегінен аспаған жақсы. Көп қазақтың баласы қосылған жерді қатыгез ортаға айналдырудың қаншалықты қажеті бар? Ауқымды әлеуметтік желіні ауыздықтау қиын болса, осы күні толған чат бар. Ең болмаса сыйластықты сақтау сол шағын ортада қолдан келетін шаруа емес пе?! Оның да сөз саптауын түзеп көрейік, жақсы нәрселерге ұмтылып, сөзбен болса да тәрбиелеуге көшелік.

Адамның өмірге көзқарасын жақсартып, адами құндылықтар мен идеал­дарды жаңғырта түсу аса маңыз­ды. Бұл жерде өзін-өзі құрметтеу, басқаларды сыйлау, саналы, парасатты әрекет пен сезім болуы керек. Яғни біз адамгершілігімізді, қадір-қасиетімізді қазақтың баласы ретінде өсуді, өркендеуді таңдау керек. Өткеннің кегін, өзгенің санамызда қалдырған табын өз жетістіктерімізбен аршып аламыз, өзімізді құрметтейтін қасиетімізбен қарсы тұрамыз. Оны қалпына келтіруде табандылық таныта отырып, аянбай еңбек етуге мәжбүр етеді. Арандатушылардың, ниеті бұзықтардың айтағына ермей, қазақы қасиетіміздің тұнығын шайқамай, қазақы болмысымызбен ғана жаһанданудың арандай аузына қақпақ бола алармыз, кім біледі?!

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button