Басты ақпаратРуханият

Елордаға ұлттық аспаптар музейі керек пе?

Әлемді тек қана төл өнерімізбен таңғалдыра аламыз. Елімізге туристерді тартудың да бірден-бір тетігі – тарихы терең, мәйекті мәдениеті бар ұлт екенімізді танытатын нысандарды салу. Әсіресе, мұндай нысандар ел жүрегі саналатын елордада болғаны ләзім. Жуырда Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің туризм мәселелері талқыланған отырысында кеңес мүшесі Төлеген Қуанышев елорда іргесіндегі Қосшы қаласындағы ұлттық аспаптар музейін бас қалаға көшіру мәселесін көтерді. Бұл ұсынысты әріптестері қолдады.

– Қазір Қосшы қаласында қолында 1500 ұлттық аспап ұстап отырған ініміз бар. Соны алақандай, қуықтай жерде сақтап отыр. «Аstana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы бас қаладан әдемі жерді тауып, сол аспаптарды орналастырып, неге туристік орталыққа айналдырмасқа? – дейді Төлеген Қуанышев.

Алматы қаласында Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі бар. Бұл мәдени ошақтың негізін көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков қалады. Соны еске салған Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зулфухар Ғайыпов осы үлгімен елордада да музей ашылса, туристерді тартуға үлкен септігін тигізеді деп есептейді.

Жиында Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров бұл мәселені қарастыруға уәде берді. Айтқандай, «Астана ақшамы» газеті елордада өлкетану музейін ашу мәселесін бірнеше рет көтерді. Қуаныш Сапаровтың айтуынша, бұл мәселе қазір тиісті органдарда жан-жақты талқыланып жатыр.

– Шынымен Астана қаласының тарихи-өлкетану музейі болуы керек. Бұл нысан қаланың кешегісінен сыр шертіп, бүгінін таныстырады. Осы мәселе бір жақты болғаннан кейін қаланың Қоғамдық кеңесінің талқылауына шығарамыз, – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Экспедициялық зерттеулер арқылы түркі тілдес халықтардың музыкалық аспаптарын қазақтың музыкалық аспаптарымен байланыстыра отырып, ғылыми жұмыстар жүргізіп, жинақтауда. Жеке қорында 1600-ден астам аспап жинақталып, Қосшы қаласында ашылған ұлттық музыкалық интерактивті музейінде сақталуда

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Төлеген ­Қуанышевтің пікірінше, кірме мәдениетті көп насихаттаймыз. Ұлттық мұраны дәріптеу жағы жеткіліксіз болып отыр.

– Отыз жылда талай елдің мәдениетін дәріптеп, мәдени ошақтарды салып жатырмыз. Елордада «Астана Опера», «Астана Балет» театрлары ашылды. Кезінде ұлттық нақышта театр тәрізді «Тілеп қобыз» сарайы салынды. Бірақ қазір бұл нысан өзінің нақты функциясын атқармай отырған секілді. Енді ұлттық нақыштағы мәдениет орталығын ашатын кез келді. Бұл мәселе шегіне жетті. Басқа ұлттарды қарасақ, мысалы, Әзербайжан еліңдегі ұлттық орталық көрген адамды таңғалдырады. Біздер неге осы жолмен жүрмейміз? Өңірлер Астанаға қарап бой түзейді. Біздер бастасақ, бұл ел бойынша қарқын алып кетеді, – дейді Төлеген Қуанышев.

Қосшы қаласындағы ұлттық музыкалық интерактивті музейіне келсек, бұл мәдени ошақ былтырғы жазда аталмыш шаһар әкімдігінің қолдауымен жергілікті мәдениет үйінің жанынан ашылды. Онда ұлттық аспаптарды жасайтын шеберхана да жұмыс істейді. Музейдің жетекшісі Азамат Бақияны кешегі Болат Сарыбаевтың ізбасары деп атасақ та болады. Себебі ол – қазақтың ұмыт қалған аспаптарын зерттеп, қайта жаңғыртып отырған азамат. Кәсіби музыкалық білім алып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын «Фольклорлық аспаптар» мамандығы бойынша тәмамдады, өнер бакалавры дәрежесі бар. Білімін жетілдіру мақсатында Алматы құрылыс және кәсіптік колледжінде «Аспап жасаушы шебер» мамандығы бойынша оқыды.

Экспедициялық зерттеулер арқылы түркі тілдес халықтардың музыкалық аспаптарын қазақтың музыкалық аспаптарымен байланыстыра отырып, ғылыми жұмыстар жүргізіп, жинақтауда. Жеке қорында 1600-ден астам аспап жинақталып, Қосшы қаласында ашылған ұлттық музыкалық интерактивті музейінде сақталуда. Аспаптар қатарында шертпелі ішекті аспаптар: шертер, үш ішекті домбыра, шіңкілдек. Үрлемелі аспаптар: уілдек, тастауық, үскірік, қоссайрауық, сазсыр­най. Шайқас кезінде және аңшылықта қолданылатын аспаптар: керней, ұра, бұғышақ, мүйіз сырнай. Сыбызғы түрлері: жез сыбызғы, қурай сыбызғы, ағаш сыбызғы, қылқобыз, ортеке басқа да көптеген аспаптар бар.

Музей ашылған күннен Қосшы қаласының туристік әлеуетінің артуына үлкен үлесін қосып отыр десек, қателесе қоймаспыз. Елордадан зиялы қауым өкілдері аталмыш музейге жиі барады. Мәселен, күні кеше ғана мемлекет және қоғам қайраткері Алихан Байменов барып көрді. «Ғажап әсер алып қайттық. Қорда белгілі, танымал аспаптардың алуан түрімен қатар қолданыстан шығып, ұмытыла бастаған аспаптар да жинақталған екен. Мысалы, мен үшін барбыт, доңызқауақ, қазақ кернейі секілді аспаптар таңсық болды» деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.

Азаматтан музейді елордаға көшіру туралы Астана қаласы Қоғамдық кеңесінде айтылған ұсынысқа пікірін сұрадық. «Мен Қосшы қаласына орналастым. Өте берекелі жер, жақсы жұмыс істеп жатырмын. Барлық жағдай жасалған, температура, ылғалдық дегендей бәрі сақталған» деген оның сөзінен ықыласты емес екенін аңғардық.

Айтпақшы, Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясына қарасты «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі, осы өнер ұжымының көркемдік жетекшісі Тоғжан Жахин білім ошақтарында «Ұлттық аспаптар әлеміне саяхат» дәрісін өткізіп жүр. Елордада ұлттық аспаптар музейі болса, бұл ісі ілгерірер еді деп есептейміз. Қалай дегенмен, Астанаға осындай музей керек. Тиісті мәселе көтерілді. Енді Қосшы қаласынан дайын музей елордаға көшіріле ме, жоқ тыңнан ашыла ма уақыт көрсетер. Бір анығы, осындай нысанның пайдасы болмаса, зияны болмайды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button