Жаңалықтар

Кенесары ханды ту етті

«Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының қолдауымен «Кенесары хан сарбаздары» атты клуб ашылды.

Әзірге аталмыш клубтың қырықтан астам мүшесі бар. Астаналық кез келген жас бұл клубқа мүше бола алады. Клуб жетекшісі, «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы саяси жұмыс бөлімінің меңгерушісі Ерлан Ахмедидің айтуынша, аталмыш жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынды. Мақсаты – жастарға тарихи деректер арқылы Қазақ елін азат ету жолында жаумен арпалысқан батырларымыздың ерлігін жеткізу, тарихи тұлғалар мен оқиғаларға деген құрметті арттыру. Кенесарыны қазақ тәуелсіздігі үшін күрестің символы ретінде насихаттау.
Ел астанасы Алатау баурайынан Арқаға көшкенде Есілдің бойында алғашқылардың бірі болып Кенесары ханның ескерткіші бой көтерді. Бұл тегін емес. 1838 жылдың тамыз айында Кенесары отаршылдыққа қарсы шығып, Ақмола бекінісіне шабуыл жасады. Сол көтерілісте 250 сарбазы қаза болды. Бүгіндері олар қала ішіндегі «Қараөткел» зиратында жатыр.
«Жобаны бастар алдында тарихшылармен кеңесіп, жоспарымызды көрсетіп, ақылдастық. Болашақта Кенесары ханның өміріне арналған отырыстар, дөңгелек үстел мен ғылыми конференциялар өткізуді жоспарлап отырмыз» дейді Ерлан Ахмеди.
Клубтың ашылу рәсімінен кейін клуб мүшелері «Қараөткел» зиратына барып, Кенесары сарбаздарының рухына құран бағыштап, сенбілік өткізді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button