Басты ақпаратМәдениет

Тамыры терең тағдыр

 20 қыркүйек күні Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Талан» көркем фильмі жалпыұлттық прокатқа шықты. Кинотуындыны белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің «Қасқыр адам» повесінің желісімен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер, кинорежиссер Болат Қалымбетов түсірді.

Сөзіміздің басында қазақ халқы өткен ғасырдың 30-40-жылдары бастан кешкен күрделі тарихи кезең туралы баяндайтын фильм әдеби шығарманың таза көшірмесі емес екенін айта кетуіміз керек. Режиссер желісін ғана алып, сценарийге көп өзгеріс енгізген. Мұнда таза режиссерлік шешім бар, яғни режиссер ой мен қиялына мейлінше еркіндік берген. Сценарий авторлары – Болат Қалымбетов пен Ғазиз Насыров.
«Қасқыр адамды» кітаптан оқып, оған алғашқы болып қызығушылық танытқан марқұм Аяған Шәжімбай екен. Мұны фильмнің тұсаукесерінде Жүсіпбек Қорғасбектің өз аузынан естідік. Кинорежиссер осы автордың шығармасын алып «Жансебіл» кинотуындысын түсіргенін білеміз.
«Бұл Аяғанның менің туындымның негізіндегі екінші киносы болатын еді. Осы фильм туралы «Аяғанға арналған кино» деген мақала жазғым келеді… Арада көп жыл өткеннен кейін Болат Қалымбетов соны жаңаша тірілтті, өзінің қолтабасымен мүлдем басқа кино жасады» деген жазушы ұлттық кодты бұл фильм­нен көргенін жеткізді.
«Талан» тілімізде тағдыр деген мағынаны береді. «Режиссермен бірге фильм­нің атын ары ойладық, бері ойладық. Тағдырдың терең тамырын іздедік. Соңынан осы атауға тоқтадық» деді Ж.Қорғасбек.

Өткен ғасырда халқымыздың басынан ашаршылық, ату, асу секілді небір ауыр нәубеттер өтті. Қаншама қандасымыз шекара асты, қаншамасы арыға өте алмай, бергі жағында ажал құшты. «Сталин емес, қазақ өзі бірін-бірі көрсетіп, қыр­ғынға ұшыратты» деген сөздер әлі күнге дейін айтылуда. Фильм содан бері қазақ өзгерді ме деген ойға жетелейді.
Кинотуындыға мықты актерлік құрам тартылды. Қытай жеріне жұртты бастаған Таласбекті – Ерік Жолжақсынов, Бибісара атты жесір келіншекті – Шынар Жанысбекова, НКВД-ның қатыгез қызметкері Шорманды – Ержан Нұрымбет, оның тоғышар әріптесі Шүкірді – Ұлан Нүсіпәлі, Қастек ақсақалды Оңдасын Бесікбасов сомдады. Ал Таласбектің Тағай атты ұлын, кейіннен Қастектің Табылғанына айналатын жігітті Асан Мәжит ойнады.
Бір айта кетерлігі, «Таланды» тамашалап отырып, мұның алдында тағы бір отандық режиссер түсірген кино ойымыз­ға оралды. Атап айтсақ, Таласбектің анасының қайсарлығы Досхан Жолжақсыновтың «Құнанбайындағы» Зерені еске түсірді. Болат Қалымбетов те мұнымен қазақ әйелінің мықтылығын көрсеткісі келген болуы керек. Ал Бибісараның еркек алдында әлсіздік танытып, нәпсіге берілуі Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлу» әңгімесін жадымызда жаңғыртты.

Фильмде «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деген идея да бар секілді. Ата-анасынан ерте айы­рылып, тауда тағыдай жалғыз жортып, ержеткен Керімді қасқырлар жатсынбаған сияқты. Жанымызда отырған көрермендер мұны Мауглиге ұқсатып жатса да, біз солай пайымдадық. Әйтпесе, Тағайды да аман қалдырар еді. 
Кинотуындыда режиссер детальдерді осылай ойнатып, ұлт тағдырын көрсеткісі келді. Жүсіпбек Қорғасбектің пікірінше, бұл ойы сәтті шыққан. «Таласбектің шешесі кітапты бекер ұстап отырған жоқ. Кітап пен қазынаның қатар қойылуы жайдан-жай емес. «Біз қандай ұлтпыз?» дегенге әлі жауап берген жоқпыз. Қызыл командир қардың үстінде жатқанда, біз қимай соған қарадық. Соны жек көреміз, бірақ қимаймыз. 1991 жылы Тәуелсіздік декларациясы қабылданған кезде өзім орынбасар болған Оралхан Бөкей мақалаға «КСРО-ның жаназасы Алматыда шығарылды» деген тақырып қойшы деп еді. Соның әлі жаназасын шығарумен келеміз» деді жазушы.
Болат Қалымбетов бұл фильмді он екі жыл күткенін жеткізді. Осының алдындағы «Сардар» кинотуындысын түсіргеніне осыншама уақыт өтіпті. Жалпы, ұлтқа қатысты, қазақ тағдыры туралы баяндайтын фильмдерді осындай режиссерлерге беру керек. Оларға мүмкіндік тудыру қажет. Алайда көбінесе олай бола бермейді. Сатыбалды Нарымбетовтің өзі біздің газетке берген сұхбатта жетпіс жасқа дейін жеті-ақ фильм түсіргенін, әр фильмнің арасында 3-4 жылы өтіп жатқанын өкінішпен айт­қан еді. Нарымбетов пен Қалымбетовті неге қолдамасқа?

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button