Басты ақпаратМәселе

Көлеңкеге күн қашан түседі

немесе ел экономикасындағы үлесі 30 пайызға жуық «көлеңкелі» миллиардтарды бақылау мүмкін бе?

Әділетті Қазақстан құру үшін көлеңкелі экономиканың көлемін қысқарту керек. Онсыз мақсат сағымға айналады. Өйткені халықтың ризық-несібесі мен елдің қазынасын бейресми экономика ортайтуда. Ортайтып қана қоймай, елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне кері әсер етуде.

Қалай анықтаймыз?

Бақыланбайтын экономика – салықты төлеуден жалтару мақсатында жасырын және заңсыз жүргізілетін қаржы айналымы. Ауқымы кең, үнемі формасын өзгертіп тұратындықтан оны анықтап, күнгейге шығару оңай іс емес. Көп жағдайда көлеңкелі экономикаға есірткі бизнесі, жезөкшелік, қарумен сауда, контрабанда сияқты заңсыз қыз­мет түрлері теңестіріледі. Бұған жемқорлық, ұрлық, алаяқтық, рэкет және өзге де құқық нормасына қарсы әрекеттер жатады. Шетелдерге жасырын ақша аудару, кәсіпкерлік субъектілері мен өндіріс орындарында ста­тистика есебінің жүргізілмеуі, бухгалтерлік құжатта шаруа­шылық әрекеттерді көрсетпеуі, жұмысшыға қолма-қол жалақы беру сынды заңсыз қызмет түрін айтуға болады. Бұл тізімге ойын бизнесі, жалған ақша жасау, мемлекеттік бағдарламаның қаржысын мақсатсыз игеру, қаржы пирамидасы және тағы басқасын қосу керек.

Ширек ғасыр бұрын, нақтырақ айтқанда, 2000 жылдардың басында Үкімет жасырын экономикамен күресуде шырақ алып, соңынан түскен-ді. Қалтарыста қалған қаражатты қазынаға қайтару шарасын бастап, ТМД елдері арасында бірінші болып қаржы амнис­тиясын жа­рия­лады. Алайда көлеңкедегі қаржыны күнгейге шығару мүмкін болмай тұр.

Халықаралық валюта қоры 20 жылдан аса әлем елдерінің көлеңкелі экономикадағы үлесін зерттеп, рейтингін түзіп, оны 2018 жылы жария­лады. Бұл тізімде Қазақстан 159 елдің ішінде 45-орыннан көрініп, көлеңкелі экономиканың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 38,8 пайыз­ға тең екені белгілі болды. Ал Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыс­танбеков елдегі көлеңкелі экономиканың көлемі 26-27 пайыз деп есептейді. Қалай болғанда да, көрсеткіш төмен емес. Халықаралық ұйымның статистикасы бойынша көш басындағы Боливия, Зимбабве, Нигерия, Гватемала, Бенинде бейресми экономиканың көлемі 55-65 пайызды құрайды. Сарапшылар аталған елдердің кедей санатына қосылуының бір себебі көлеңкелі экономиканың үлесі тым көп болуынан дейді.

Рас, көлеңкеде айналатын қаржы мемлекетті жегі құрттай жеп, демін әбден тарылтып, құбыласын құбылтады. Керісінше, көлеңкелі экономикасы 5-10 пайызды құрайтын Нидерланд, Жапония, Аустрия, АҚШ, Швейцария сынды елдің халқы сапалы өмір салтымен қамтамасыз етілгенін жақсы білеміз. Миллиардтан астам тұрғыны бар Қытайда көлеңкелі экономиканың көлемі 13,5 пайызды құрайды. Ресми Пекин салық саясатын жүргізуде қатаң талап қойып, кәсіпкерлер өзінің қызметі туралы есеп бергенде «нөлдік» деңгейде тапсырса, онда оларға сенімсіз субъект ретінде қарап, мемлекеттік көмек түрлерінен айырады екен. Жемқорлықпен күрес­те де өте қатал шараларды қолданатынын жақсы білеміз. Жалпы дүние жүзіндегі 170 мемлекет салық есебінен өмір сүрсе, біздің жағдай бөлек, жыл сайын Ұлттық қорға қол салып, соны да тиімсіз игеру оқиғасы жиі тіркеледі.

Көлеңкеде айналатын қаржы мемлекетті жегі құрттай жеп, демін әбден тарылтып, құбыласын құбылтады. Керісінше, көлеңкелі экономикасы 5-10 пайызды құрайтын Нидерланд, Жапония, Аустрия, АҚШ, Швейцария сынды елдің халқы сапалы өмір салтымен қамтамасыз етілгенін жақсы білеміз. Миллиардтан астам тұрғыны бар Қытайда көлеңкелі экономиканың көлемі 13,5 пайызды құрайды. Жалпы дүние жүзіндегі 170 мемлекет салық есебінен өмір сүрсе, біздің жағдай бөлек, жыл сайын Ұлттық қорға қол салып, соны да тиімсіз игеру оқи­ғасы жиі тіркеледі

Залал-зардабы қандай?

Жалпы көлеңкелі экономиканы жария етілмеген және заңсыз деп екіге жіктейді. Жария етілмеген қызмет бірінші кезекте қолма-қол есеп жүргізетін тауар мен қызмет сатылымында көп көрініс табады. Заңсыз бизнес­тің ауқымы тіпті кең. Мұның залал-зардабы да ауыр.

Біріншіден, салық салу көлемі азаяды. Бұл экономиканың жариялы секторына салық салу көлемі өсіп, олардың бәсекеге қабілет деңгейін төмендетеді.

Екіншіден, макроэконо­микалық тұрақтылықты сақтауды қиындатады. Яғни бизнестің дамуына кері әсер етіп, кластерлік шаруашылық кенжелейді.

Үшіншіден, экономика ре­сурс­тарын бөлуге кері әсер етіп, ірі көлемдегі қаржы көздері бақылаудан тыс қалып, мемлекеттің экономикасы мен келешегіне үлкен қауіп төнеді.

Астана қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне хабарласып, көлеңкедегі қаржыны күнгейге шығаруда қандай іс-шаралар атқарылып жатқанын білдік.

– Жұмысты нақты орындамай, қызмет көрсетпей, тауарды жөнелтпей, жалған шот-фактураларды шығару фактісі анықталды. Соның салдарынан экономикалық айналым және нақты ста­тистика бұрмаланып, әлеуметтік мәселелер дер кезінде шешілмеуде. Мұндай құбылыс елдегі қоғамдық-саяси тұрақсыздыққа әкелетіні айтпаса да түсінікті. 2022 жылы департаментте жалған есеп-шотты беру фактісі бойынша 64 қылмыстық іс қаралып, 46 қылмыстық іс аяқталды.

Жалпы бақыланбайтын экономиканың ауқымы кең, түрі көп. Соның бірі – қаржы пирамидасы. Әлеуметтік ­шиеленісті болдырмау мақсатында пирамида схемаларын анықтап, жою жұмысы жүйелі жүргізіледі. Жыл басынан бері 7 қаржы пирамидасы – Antares, Best Road Investment, Sensere Systems, Eden life, MMK Investment, Invest Consulting Agency, WBC анықталып, жұмысы тоқтатылды.

Кеден саласында экономикалық контрабанда бойынша 4 қылмыстық іс анықталды. Астана халықаралық әуежайы­нан 28 келіден асатын 7178 дана алтын бұйым тәркіленді. Сондай-ақ акцизделетін өнімдер бойынша 4 құқық бұзушылық анықталып, 100 мың бөтелке, 8 мың литр спирт, 500 мың қорап заңсыз айналымнан алынды, – деді департамент тергеушісі Айгүл Асанова.

Көлеңкелі экономиканың қаржылық залал-зардабы туралы сөз еткенде, экономист Қайырбек Арыстанбековтің мына дерегіне мән береміз: «Бір жылда Қазақстанның ЖІӨ 100 миллиард доллар десек, соның 25 пайызы, яғни 25 миллиард доллары көлеңкелі экономикаға тиесілі. Бұл − бюджеттің 36 пайызы». Бұл қаржығы қаншама мектеп, емхана, спорт кешенін салуға болар еді, ә!

Халықаралық валюта қоры 20 жылдан аса әлем елдерінің көлеңкелі экономикадағы үлесін зерттеп, рейтингін түзіп, оны 2018 жылы жариялады. Бұл тізімде ­Қазақстан 159 елдің ішінде 45-орыннан көрініп, көлеңкелі экономиканың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 38,8 пайыз­ға тең екені белгілі болды

Dalainside таратқан ақпарат бойынша 2022 жылы Қытай кеденінен Қазақстанға 16,3 миллиард доллардың өнімі өтсе, біздің кеденшілер келген тауарды 11 миллиард долларға бағалайды. Екі кеденнің дерек айырмашылығы 5,3 миллиард долларды көрсетеді. Демек, осынша көлемде контрабандалық тауар шекарадан баж салығынсыз өтіп, көлеңкелі экономиканың көлемін арт­тырды. Бұған бай-бағландардың офшордағы 167 миллиард долларын қосыңыз. Сонда көлеңкелі экономикадағы қомақты қаржыны ойша елес­тете аласыз.

Қалай тежейміз?

Мемлекет алдында тұрған маңызды міндет – көлеңкелі экономиканың көлемін азайту. Алайда халықаралық тәжірибеде бейресми экономикамен күресудің бірегей әдіс-амалы жоқ. Әр ел өзіндегі көлеңкелі экономиканың өміршеңдігін қамтамасыз ететін себебін анықтап, соған байланысты кешенді шаралар жүргізеді. Мәселен, салық саясатын жетілдіру, шағын және орта бизнес жұмысын оңтайландыру, есірткі бизнесімен күрес, иммиграция ағымын реттеу, сыбайлас жемқорлықпен күрес және тағы басқасын атау керек.

Экономист Эрнандо де ­Сотоның пікірінше, көлеңкелі экономиканың көлемі артуында заңдардың өз деңгейінде орындалмауы себеп болады. Яғни іскер азаматтардың белсенділігін жасанды жолмен тежеп, бюрократиялық кедергі келтіру арқылы бақыланбайтын экономикаға жол ашып береді.

Парламент Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантайұлы әлеуметтік-экономикалық жағымсыз құбылыс саналатын жасырын экономикамен күресуде халықтың қаржы мәдениетін көтеру маңызды екенін атап:

«Сауда орындарына барғанда алған тауардың есебін көрсететін түбіртекті талап ете бермейміз. Міне, ең бірінші осыдан бастау керек. Мұны ұсақ-түйек мәселе деп қабылдайтын шығармыз. Бірақ мұның артында сауда орнының тауар айналымын нақты есептеп, салыққа төлейтін мөлшері анықталатын құрал екенін ұмытпауымыз керек» деді.

Көп жағдайда сауда жасағаннан кейін түбіртекті сұрамайтынымыз ақиқат. Елордадағы «Астаналық» сауда орталығындағы сатушылар мен тұтынушыларға сауалнама жүргіздік. Біз сұраған 20 тұрғын түбіртекті мүлде талап етпейтінін, 12-сі мұндағы саудагерлер мүлде түбіртек бермейтінін алға тартса, біз сауал жолдаған 10 саудагер алдағы уақытта касса аппаратын алатынын желеу етті.

Негізі, «Астаналық» сауда орнына келімді-кетімді адам қарасы қалың. Сол себепті осы маңда кәсіпкерлікті дамыту ыңғайлы. Шаштараз, маникюр, аяқ киім тігу, кілт жөндеу, асхана және тағы басқа қызмет түрлерін оңай табуға болады. Біз кәсібін дөңгелетіп отырғандарды да сөзге тарттық. Оларда да касса аппараты жоқ екені белгілі болды.

Қысқасы, кәсібінен нәсіп тауып отырғандар мемлекетке салық төлеуге селқос қарап, бейресми экономиканың көлемін арттыруға үлес қосуда. Біз куә болған жай осы ғана. Қытайда сауда орнынан тауар алған адамдар түбіртекті арнайы сайтқа тіркейді. Сөйтіп, қаржысының белгілі бөлігін қайтарып алады екен. Бұл бастама халықтың түбіртек талап етуіне, сол арқылы салық түсімінің тұрақты жүргізілуіне мүмкіндік береді.

Экономист Қайырбек Арыс­танбеков Үкімет, әлем елдерінің тәжірибесін ескере отырып, тез арада көлеңкелі экономикадан шығудың жол картасын әзірлеуі керек дегенді алға тартады. Өте орынды ұсыныс.

Шынында, елде көлеңкелі экономиканы бағалау әдіс­темесі 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру және 2015-2017 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шара жоспарына сәйкес жүргізіледі. Ескірген жоба-жоспарды қазіргі талап-міндеттерге сай қайта дайындау керегін түсінеміз.

Әлем елдері бақыланбайтын экономикамен күресте жаңа амалға сүйеніп, жүйелі жұмыс жүргізуде. Мәселен, Грузия салық жүйесін цифрландыру, жеке кәсіпкерлерге салықты азайту арқылы салық түсімдері көлемін ЖІӨ-нің 20 пайызына жеткізді. Қазір Грузия «нөл терезе» заңнамасын қолға алды. Бұл арқылы кез келген транзакция автоматты түрде есептеліп, салық алынады.

Германияда көлеңкелі экономикамен күресте заңсыз еңбек нарығын бақылап, ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен көтеріп, саяси тұлғалардың қаржысын тексеріп, нәтижеге жетті. Ал Канада сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы үнемі жетілдіріп, жемқорлардың әрбір ісін көпшілікке жария ету арқылы көлеңкелі экономиканың көлемін қысқартуға қол жеткізіп отыр.

P.S: Бақыланбайтын экономиканың көлемін төмендету – ел алдында тұрған маңызды міндеттің бірі. Ел қазынасына тиесілі қаражат әлдекімнің қалтасына түспеуі үшін ашық та жариялы қоғам құру маңызды. Ал оның басты құралы – барлық саланы цифрландыру. Сарап­шылардың пікірі осыған саяды.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button