Әлеумет

Коммуналдық тариф төмендеді

Биылғы 1 қаңтардан бастап электр, жылу, сумен жабдықтау және тұрмыстық қалдықты шығару тарифі төмендеді. Алайда аязды күндері жылу қазандықтарында күндегіден көбірек отын жұмсалғандықтан, коммуналдық төлем де өткен айлардан кем болмаған көрінеді. Тарифтің төмендегеніне күмәнмен қараған елордалықтарға қазір түсіндіру шаралары жүргізілуде.

– Қазіргі уақытта Астана тұр­ғындарына қаңтар айының коммуналдық төлемдері жөніндегі түбіртектері берілуде. Бұл түбіртектерден коммуналдық тарифтің төмендегенін байқауға болады. Егер желтоқсан мен қаңтар айының түбіртегін салыстырып қарайтын болсаңыз, тарифтің қаншалықты төмендегенін көре аласыз, – деді Отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруа­шылық басқармасының отын-­энергетикалық ресурс­тар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов.
Оның айтуынша, электрмен жабдықтау бойынша 1 қаңтардан бастап жеке тұлғаларға арналған тариф 9,3 пайызға, яғни 11,4 теңгеден 10,33 теңгеге дейін төмендеген. Ал заңды тұлғалар үшін 16,01 теңгеден 14,54 теңгеге дейін немесе 9,18 пайызға азайған.
Сонымен қатар жы­лумен қамтамасыз ету бойынша жеке тұлғалар үшін 9,98 пайызға, яғни 2304,82 теңге/Гкал-дан 2074,81 теңге/Гкал-ға дейін төмендесе, заңды тұлғалар үшін өзгеріссіз қалған. Сол сияқты сумен жабдықтау тарифі жеке тұлғалар үшін 10 па­йызға, яғни текше метріне 41,26 теңгеден 37,13 теңгеге кеміген.
Сумен жабдықтау бойынша қала тұрғындарына осыған де­йін қолданыстағы тариф текше метрі­не 41,26 теңге болса, биылғы 1 қаңтардан бастап ол 37,13 теңге болып белгіленді. Ал қатты тұрмыстық қалдықтар бойынша абаттандырылған сектор үшін 2012 жылдан бергі тариф бір адамға 252,2 теңге сомасында еш өзгеріссіз сақталған болатын. Енді осы жылдан бастап бұл баға 246,2 теңгеге төмендеді. Ал жеке сектор үшін бұған дейін бір адамға есептегенде 276 теңге болса, биыл 5 пайызға төмендеп, 262,2 теңге болып бекітілді.
Негізінде, 2015 жы­лы алдағы 5 жылға, яғни 2016-2020 жылдары тарифтер әр жыл сайын көтеріледі деп жоспарланған екен. Бірақ Мемлекет басшысының қауіпсіздік кеңесінде берген тап­сыр­масы бойынша коммуналдық қыз­меттердің тарифтері, керісінше, төмендетіліп отыр.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button