Руханият

Көңілді шаттандырған кеш

Астанадағы Конгресс-холл сарайында Тәуелсіздіктің ширек ғасыр тойына арналған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов пен Халықаралық байқаулардың лауреаты, композитор Арман Жайымовтың «Шаттық елі» деп аталған концерті өтті.

_nik6650

Жайықтың жағасында туған Жайымов аға­мыздың өнерін жұртшылық жақсы біледі. Ол – кешегі даңқты дирижерлер Нұрғиса Тілендиев пен Төлепберген Әбдірашевтің ізгі жолын жалғаған талантты азамат. Ұлт музыкасын биік белеске кө­терген өнерпаз. Алматыдағы Құрманғазы атындағы мем­лекеттік академиялық Халық аспаптары оркестрінің көр­кемдік жетекшісі және бас ди­рижері болды. Бір жылдары Монғолияның Ұлан-Батор қаласында дирижер, ұстаз-консультант болып қызмет те атқарды. Қазақ ұлттық кон­серваториясының домбыра кафедрасы жанынан дәстүрлі ән, шертер, сыбызғы кластарының ашылуына белсене үлес қосты. Бірқатар музыкалық кітаптар жазды. Бүгінде дарынды ағамыз елордадағы Мемлекеттік филармония қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері. Өнерлі шәкірт тәр­биелеп отырған ұла­ғатты ұстаз.

Оның баласы Арман Жайымов та бола­ша­ғынан көп үміт күт­тіретін жас талант. Бірнеше байқау­лардың лауреаты. Қазақ­стан Композитор­лар Ода­­ғының мүшесі. Ол өзінің жеке кон­церт­терімен Гер­мания, Австрия, Түр­кия және Ресей секіл­ді ел­дерде өнер көр­сетіп, ол жақтағы кө­рер­мен­дерден жо­ғары баға алған. Әкелі-балалы өнерпаз бірігіп, қалам тербеген «Бейбарыс сұлтан» (сөзін Ұлықбек Есдәулет жаз­ған) операсының либрет­тосы талғамы жоғары жұртшы­лық­тың көңілінен шықты.

Сиқырлы сазға толы кеште ұлттық музыканың жалауы желбіреді. Бабалардан қал­ған бағзы әуендер әуеледі. Қорқыт атамыздан басталған Кетбұға, Құрманғазы, Дәу­леткерей, Түркеш, Махамбет және Тәттімбет секілді ұлы тұл­ғалардың күмбірлеген күйлері салтанат құрды. Абыл, Есір, Байсерке, Қартбай, Қазанғап, Сейтек және Сүгір сынды дәулескер домбырашылардың мұңлы сазға толы туындылары ойналды.

Ол шығармалардың барлығы оркестрмен шырқалғанда тұла бойыңыз шымырлап, шыңырау ойға жетеледі. Бойда ұлттық қан ойнап, тұлпар мінгендей әсерде болдық. Сонымен бірге отандық және шетел ком­по­зиторларының халық ас­паптары оркестріне лайықтап түсірген шығармалары жол тартты. Әсіресе, елордалық тыңдармандарға Астана ор­кестрінің орындауында алғаш рет Алпамыс балетінен

«Мыстандар биі» және «Тайшық ханның қуаныш биі» атты жаңа туындысы ұсынылды. Жұртшылық оны өте жылы қабылдап, ұзақ уақыт қол шапалақтап, құрмет көрсетті.
Сондай-ақ, концертте ҚР еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов, Бибігүл Жанұзақ, Рес­пуб­ликалық байқаулардың лауреаты Жазгүл Даңылбаева, Шахризада Тыныштық, Ботагөз Ташимова, Алтынбек Әбілда және Айгерим Кульшина секілді көпшілікке жақсы танылып қалған жас өнерпаздар халық әндері мен классикалық шығармалары шырқалды. Көр­некті композитор Ғазиза Жұбанова атындағы ішекті квартет мүшелері де тамаша музыкалық сый жасады.

Қысқасы, азаттықтың тор­қалы тойына арналған шаттық кеші жұртшылықты шадыман көңілге бөледі.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button