Әлеумет

«Күміс еріктілер» қарекеті

Зейнет жасына дейінгі өмір тірліктің жалында кететіні рас. Өйткені жұмыс, үй, бала-шаға бағып, аяғынан тұрғызсақ деп жүріп, қамшының сабындай қысқа өмірдің өтіп бара жатқанын байқамаймыз. Ал енді зейнетке шығып, алды-артыңызға қарап, ой елегінен өткізіп жіберсеңіз, орындалмаған арманыңыз әлі көп-ақ екен.

Зейнетке шыққан соң уақыт көп дерсіз. Алайда екі қолымыз алдымызға сыймай отырған жайымыз тағы жоқ. Немере бағып, үйде отырып, аяғымыз тұсаулы, ешқайда шыға алмай, айына бір шай ішіп бас қосатын жиындарға да кейде бара алмай қаламыз. Зейнетке шыққан соң қоғамға пайдасы жоқ адам болып қалғандай сезінеміз. Сүйікті іспен айналысқыңыз келеді. Бірақ қайда барасыз? Осындай кезде тығырықтан шығарып, зейнеткерлерге мүмкіндік жасаған мемлекетімізге алғыс айтамыз!

Әрқайсымыздың ішімізде бала кезден келе жатқан бір арманымыз болады емес пе, міне, сол армандарға қол жеткізуге мүмкіндік жасап отыр. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына сүйікті ісімен айналысуға асыға басып келе жатқан қарттарды көреміз. Орталықта 17 үйірме жұмыс істейді. Сегіз шығармашылық ұжым бар. 2 халық ардагерлер хоры, 2 ансамбль жұмыс істейді. Осы ұжымдағы ата-әжелеріміз қай кезде де: аптап ыстықта, шыңылтыр аязда қандай іс-шараға шақырсақ та, үнемі алдыңғы қатарда жүреді. Қаланың басты-басты іс-шараларының алдыңғы қатарында өз өнерін көрсетіп жүр. Костюмдерін де азғантай зейнетақыға тіккізіп, киеді. Ең бастысы, қойып жүрген концерттерін қайырымдылық ретінде көрсетіп жүр. Қайырымдылық көрсетіп жүрген қарттарымызға, қайырымдылық көмек беріп, баянын, костюмін бес жылда бір рет жаңалап беретін азаматтар болса нұр үстіне нұр болар еді.

Астана қаласындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында (Есіл ауданы, Достық көшесі, 13 мекенжайы) «Күміс волонтер» (еріктілер) клубы жұмыс істейді.

Күміс волонтерлердің жұмысы азық-түлік себетін тарату, айналаның тазалығын қадағалау, көшет отырғызу, қар күреу, т. б. жұмыстарды атқару ғана емес екенін Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айрықша атап өтіп, жастар тәрбиесіне мән берді. Ең бірінші қазақи құндылығымызды санасына құя отырып тәрбиелеуді мектеп ұстаздарымен бірігіп өткізсек, ұрпақтар сабақтастығы іс жүзінде орындалып жатса, соның өзі зор жетістік болар еді.

2021 жылдың қазан айынан бері Астана қаласының №66, 89 мектептерімен «Әжеден қалған асыл мұра» қалалық жобасы аясында бірігіп жұмыс істеп келеміз. Жастар – біздің болашағымыз, сондықтан оларға келешекті сеніммен тапсыра отырып, атадан балаға, анадан қызға қалдыратын тәрбиені: ұлттық қолөнерімізді (сырмақ, құрақ, жүн иіру, тоқыма) насихаттап, ісмерлікке үйретуді бастадық. Ұлттық қолөнерімізді жас ұрпаққа үйрете отырып, назарын әлеуметтік желіден гөрі қолөнерге аударуға ықпал етсек, оның өзі үлкен жеңіс емес пе?! Міне, осы мақсатты жүзеге асыру үшін орталықтың көптеген әжесі атсалысып келеді. Әр аптаның бір күнінде, мектеп басшылығымен келісе отырып, шеберлік сабағын өткізіп тұрамыз. Сабаққа кем дегенде 5 әже барады, олар жүнмен жұмыс, кесте тігу, тоқыма тоқу, құрақ құрауды үйретеді.

«Тоқыма» тобын – А.Тұрсынбаева, «Кесте» тобын – А.Колибекова, «Жүнмен жұмыс» тобын – К.Әбілдина, «Құрақ құрау» тобын О.Кусумова бастап, жұмысын үлкен жауапкершілікпен атқарып жүр. Жазғы демалыс кезінде мектеп жанындағы демалыс лагерлерінде «Әжемнің ертегісі» жобасы аясында данагөй әжелеріміз ұлттық киімдерін киіп, балдырғандарға ертегі оқыды, сенбіліктерге де бір кісідей-ақ атсалысып жүр.

Еріктілердің күші арзан жұмыс қолы емес, бұл – өз еркімен, жүрек қалауымен адамның парасаты мен пайымына қарай ізгілікті іс жасау. Бұл айына жалақы алып, қызметін атқарып жүргендердің жұмысын жеңілдетіп, соның ісін атқару емес, керек жерінде қарттардың жауапкершілігіне қарай қол ұшын созу ғана. Ең бастысы, қандай да бір істің басында егде азаматтардың жүруі кез келген ортаның сәнін келтіріп, жастарға дем беріп, алға бастайтыны анық.

Жүрегі мейірімге толы, әр күнін сауапты іс істеуге арнайтын зейнеткерлерге зор денсаулық, табыс тілейміз!

Ләззат ДҮЙСЕБАЙ,

зейнеткер

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button