Басты ақпаратРухани жаңғыру

Малын садаға санаған…

Елбасы өзінің «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық кодты айқындау, сақтау жөнінде терең ой қозғады. Біздің болмысымыздың негізінде мал шаруашылығы жатыр. Оны ұмытпаған абзал. Мал шаруашылығының мықты дамығаны арқасында қазақ дәулетті, қонақжай, мейірімді, бауырмал, діншіл, табиғатшыл болып келді. Ғасырдан – ғасырға, мыңжылдан – мыңжылға. Кедейленіп қалған адамда салт та, адамгершілік те, қонақжайлық та, ата-бабасының діні, батырлық та және көптеген басқа да Ұлы Дала перзенттеріне сай қасиеттері азаяды. Сондықтан да Елбасы шағын және орта бизнесті дамытыңдар, дәулетті болыңдар деп үнемі айтып жүреді. Оқырмандарға кешегі ата-бабаларымыз қандай дәулетті болғанын естеріне салғанның артықтығы болмас.

XVIII ғасырдың соңына дейін, тіпті ХІХ ғасырдың басына дейін қазақтар аса бақуатты болды. Жеке басының еркіндігі, намысын жоғары ұстауы, құлдықтың және басыбайлылықтың болмауы, мал шаруашылығы басым тұрмыс салты, орасан зор дала кеңістігі және мол жайылымының болуы, халық санының аздығы дәулетті және бай тұрғындардың көп болуына мүмкіндік жасады. Оның үстіне даланың әрбір тұрғыны бас-басына қаруланған және өзінің негізгі байлығын – малын, отбасын (руын) және жерін қорғады.
Байлығы, ең алдымен, мыңғыр­ған ірі және ұсақ малынан көрінді. Дегенмен, байлық мұрат емес, әрбір далалықтың жеке басының бостандығы мен өзін-өзі көрсете білуінің амалы болды. Малдың көптігі олардың алаңсыз өмір сүруі үшін ғана емес, балаларын қалың мал беріп үйлендіру үшін де қажет болатын, кейде бірнеше әйел алуға тура келетін. Сондай-ақ, байлығының арқасында дүниеден өткен ата-бабаларына ас беретін, өз есебінен де қонақтарын, соның ішінде шетелдіктерді де қабылдай алатын және ол үшін ешқандай ақы алмайтын.
Солардың бірі далалық есепсіз байлық иесі Сапақ би жөнінде ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Солтүстік-Шығыс Қазақстан қазақтарының өмірі мен тұрмысын зерттеген орыс офицері С.Броневский былай деп жазады: «Орта жүзде өте дәулетті қазақтар бар: мысалы, Қарпық болысындағы Сапақ бидің 10 мың жылқысы, көптеген түйелері мен ұсақ малдары болды; бір қоныстан келесі орынға көшкен кезде ол 150-ден астам түйеге жүк артатын. Сапақ бидің үйірінде жақсы сәйгүліктер бар еді. Ол ізгілікті адам болатын, барымтаға ешуақытта араласқан жоқ, сондықтан да тыныш өмір сүрді».
Ақмола өңіріндегі бай және ауқатты адамдардың қатарында Түйте Нүрекеновті, Мұса Шормановты, Шоң Едігинді, Сағынайды, Нұрмағамбетті, Жексенбайды және басқа да көптеген адамдарды атауға болады,
Даланың дәулетті адамдары ХХ ғасырдың басындағы қуатты Алаш қозғалысының тууы кезінде Ресей империясының құлауы жағдайында қазақ зиялыларына қаржылай көмектесіп, өздерін жақсы жағынан көрсетті. Олардың қатарында Қазақстанның барлық аймақтарындағы Қаражан Үкібаев, Медеу Оразбаев, Үкі Әділов, Хасен Ақаев, ағайынды Бекметовтер, Ыбырай Ақпаев, Маман байдың балалары, Иса Көпжасаров, Салық Омаров, Тобанияз Әлниязов сияқты жомарт шүлеңгер жандар болды.
Ұлы далада дәулетті адамдар көп болғанымен, ұрлық сияқты масқара құбылыс болған жоқ. Бұл жайында ХІХ ғасырдың ор­тасында М.И.Красовский былай дейді: «Ұрлық… даладағы қазақтар арасында болған жоқ деуге болады». Ешкім де қысқы қыстауларға тиіскен жоқ. Далалықтар ешуақытта есікті құлыптау дегенді білген жоқ. Олар өзінің мал басын да санамауға тырысты, мұны жаман ырымға балады.
Ресейлік және еуропалық ғалымдардың қазақтардың жаппай дәулеттілігі туралы пікірлері көп кездеседі. Ресейлік және еуропалық өлке зерттеушілерінің басым бөлігі бір бұлтартпайтын және қызықты деректі атап өтеді: ХІХ ғасырға дейін дала жұрты өте дәулетті болған. Бұл кейінгі кезге қарағанда қазақ даласын жаппай қамтыды. Бұл туралы ресейлік зерттеуші Я.Гавердовский ХІХ ғасырдың басында былай деп жазды: «Бұрын өзінің табынында 1000 қой мен 100 жылқысы болмаған қырғызды кедей деп санайтын, бүгінде 5000 жылқысы, 20 000 қойы және 1 000 түйесі бар отағасыны есепсіз дәулет иесі деп санайды».
Олардың ішінде аса бай адам­дар малдарының бір бөлігін кедейленген туыстарына уақытша немесе қайтарымсыз беріп, қарасатын. Бұл туралы XVIII ғасырдағы зерттеуші Георги былай деп жазды: «Егер біреудің табыны жылдам көбейіп жатса, оны Тәңірінің сыйы деп қарап, кедей адамдарға едәуір мал береді. Егер мал берген адам дәулетті болса, онымен бөліскен адамдар оған ешқандай борышты болмайды, егер ол малы шығынға ұшырап, ұрланып, басқа да жағдайларға душар болса, бұрын мал алып, азын-аулақ дәулет жиған адамдар оларға сонша малды төлімен қосып береді».
Бұл туралы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Тарих толқынында» еңбегінде былай деп жазады: «Байдың малы белгілі дәрежеде бүкіл ру қауымының сақтық қоры сияқты болған. Табиғи ортаның құбылмалы сипаты, малдың табиғи апаттарға барынша тәуелділігі, сыртқы жаудың шап­қын-шабуылы және т.б. жағдайлар көшпелі шағын руларға ылғи да ашаршылық қатерін төндіріп тұратын. Сондай күйге ұшырағанда ру ішіндегі ауқатты адамдардың дәулеті барша ағайынның жан сақтар нәпақасы болған».
Далалықтар ондаған және жүз­деген малды спорттық жарыс­тарға, ең алдымен, ат бәйгесіне жүлдеге тігіп отырған. Олардың шамадан тыс дәулеті көп әйел алушылықтың кең таралуына ықпал етті. Бұл жайында белгілі фольклоршы және ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы былай деп жазады: «Абылай хан заманында (XVIII ғасыр – авт.) әрбір екінші қазақ дәулетті болды, бұл екі және одан да көп әйел алуға мүмкіндік берді».
Бұған сол мамыражай кездің куәгері болған XVIII ғасырдағы академиялық экспедицияға қатысушы Фальк те тоқталған. Ол дала байлары тіпті кейде өз малының санын да білмегені жөніндегі біздің топшылауларымызды қуаттайды: «Мұндай елудей (жылқы) ең кедейлерінде де болмайды… Тіпті қатардағы «қара сүйек» қырғыздың (қазақ – авт.) иелігінде мың және тіпті екі мың бас жылқы болады… Байлар өз малының санын да анық білмейді».
Мұны сол ғасырдағы тағы бір зерттеуші Георги де қуаттайды: «Ең қарапайым адамның [иелігіндегі малы] өзінде 50 немесе 30 аттан, 30 шақты ірі қарадан, 100 қойдан, бірнеше түйе мен 20-50 ешкіден кем болмайды. Ал Орта жүзде 10 000-нан астам жылқысы, 300-ге дейін түйесі, үш-төрт мың сиыры, 20 000-ға жуық қойы және 1000-нан астам ешкісі бар адамдар бар екенін естиміз». Және одан әрі былай дейді: «Біздің елдегі басқа көшпелі ха­лықтармен салыстырғанда қа­зақтар өте жақсы тұрады. Өзі­нің еркін мінезімен және көп малымен қамсыз өмір сүре отырып, олардың бірде-біреуі өзгеге құл немесе қызметші болғысы келмейді, олар да өзінің туыстары сияқты осылай ойлайды».
Материалдық игілік туралы қазақ мақал-мәтелдерінің астары қандай? Ерте кездерден бастап үлкендер жастарға бата бере отырып, оларға «бақ-дәулет» тіледі. Көптеген халық мақалдары мен мәтелдері де халық өз еңбегімен тапқан дәулетті жоғары бағалағандығын аңғартады. «Асы жоқ үйді ит те сүймейді», «Бие көп болса, құлын көп», «Келген дәулет – кеткен бейнет», «Жоқшылық жомарт ердің қолын байлар», «Екі кедейдің арасында дорба жүреді, екі байдың арасында жорға жүреді», «Балық жоқ та, бақа да балық», «Сауыны аздың жазы қысқа», «Жуан жіңішкергенше, жіңішке үзілер», «Ит арық болса, ауылдың намысы», «Барлық жарастырады, жоқтық таластырады», «Аш атасын тыңдамас», «Қарыз қатынас бұзады»…
Далалықтардың жаппай кедейлену себептері қандай? Жұттар (табиғи катаклизмдер – авт.) біраз уақытқа дейін қазақтарға әсерін тигізе алмады, өйткені олар тез жиналып, неғұрлым қауіпсіз аймақтарға қарай көшіп отырды.
Аға сұлтандар мен болыс басқарушылары институтын енгізу әртүрлі әкімшілік лауазымдарға үміткерлердің патша шенеуніктерін сатып алуға және пара беруге мыңдаған мал басын шығындауға әкеп соқты.
Далалықтардың дәулетіне метрополия өкілдерімен ашық саудаға олардың даяр болмауы елеулі соққы болды. Қатардағы ресейлік саудагерлер малшылар арасында болып, қысқа мерзімде (сол кездегі өлшем бойынша) орасан зор байлық жиып алды. Мысалға, XVIII ғасырдың ортасында Ресейден небәрі 75 тиын тұратын 18 метр кенеп үшін Қазақ елінен жылқы немесе өгіз алды. Одан кейін оны Ресейде 12-15 сомға қайта сатты. Сонымен бірге қазақ даласына сапасы өте төмен тауарлар әкелінетін. Бұл туралы XVIII ғасырдағы белгілі орыс ғалымы және саяхатшысы П.Паллас былай деп ашық жазды: «қазақтар сауда жасауға өте орашолақ және нашар тауарларға және әртүрлі ұсақ-түйекке босқа жем болады, ал орыс көпестері олардың үстінен үлкен байлыққа кенеліп отыр».
Жалпы империялық басқару институтын енгізгенге дейін қазақтардың барлығы дерлік дәулетті болатын. Ресей империясының өлкені әскери-шаруашылық отарлауы салдарынан орын алған орасан жұттардың салдары мұншалықты үлкен болмаған еді. Бұрындар ұрлық болған жоқ, аштық болған жоқ, пара алуға негіз болған жоқ. Өйткені басқарушылар лауазымына жалпы халық бай адамдарды сайлайтын, олар адал, еркін, демократиялы, ержүрек, лайықты және тәуелсіз халық өкілдері еді. Қазіргі жастар өздерінің дәулетті де жомарт бабаларынан үлгі алып, бақуатты болуға тырысуы, кедейлерге көмектесуі, елді гүлдендіруге ұмтылуы тиіс. Бұл үшін оқуға, еңбек етуге күш салып, халыққа пайдалы және қажетті істермен және жанқиярлық еңбегімен Ұлы Даланың мәртебесін асқақтатулары қажет.

Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
тарих ғылымының

докторы, профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button