Қоғам

Қажымұқанды білмейтіндер де бар екен…

Биылғы Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс мерекесіне орай Астана төрінде түрлі тағылымды шаралар өтті. Астана қаласы әкімдігінің, басқа да мемлекеттік және үкіметтің емес
ұйымдардың бас­тамасымен өткізілген бірнеше мерекелік шараларға қатысудың сәті түсті.

Ұлы Отан соғысының майдангерлеріне, сондай-ақ Ауғанстан алапатын бастан кешкен жауынгер-интернационалистерге, Қарулы Күштеріміздің сарбаздары мен сардарларына көрсетілген құрметтің шегі болған жоқ. «Ер елін қорғайды, ел ерін қолдайды» деген аталы сөздің қадірін білетін, материалдық сыйлыққа, рухани қошеметке кенелген майдангерлер қауымы баталы алғысын жаудырып жатты. Абырой арқалаған ардагерлерге қарап тұрып қайран қалдым. Сөздері айқын, отырыстары мығым, кеуделері көтеріңкі. Адамзатқа қиянат жасаған фашистердің тізесін бүктірген осындай жеңімпаз рухты аталарымыздың ұрпағы болғаным үшін марқайдым.
Енді, «айтпаса сөздің атасы өледі» деген қағидаға бағынып, біраздан бері айтпайын-ақ деп жүрген сөзімді тарқатайын.
Төртінші мамырда ҚР Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейінде Астанадағы «Отан соғысының мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпитальдың» ұйымдас­тыруымен «Рухани жаңғыру» аясында Ұлы Жеңістің 73 жылдығына және Астана қаласының 20 жылдығына арналып өткізілген халықаралық суретшілер байқауының лау­реаттарын марапаттау салтанаты өтті. Ат шаптырымдай концерт залында ине шаншар орын жоқ. Шара әп-әдемі өтіп жатты. Кезек-кезегімен марапаттау жүргізіліп, оның соңы әсем әнмен әспеттеліп жатты. Бір сәтте сахна төріне әзілкештер шықты да шағын қойылым көрсетті. Әртістің бірі орыс жігіті болды. Бірақ қазақшаға сайрап тұр екен. Ол көрермен залынан үш азаматтың сахнаға көтерілуін өтінді. Алдыңғы жақта отырған жап-жас үш жігіт лып етіп сахна төріне шықты. Содан жаңағы жүргізуші әп-сәтте жастардан мән-жайды сұрастырып үлгерді де «Қошемет көрсетіңіздер, «Жас Ұлан» мектебінің курсанттары. Болашақ Отан қор­ғау­шылар!» деп саңқ етті. Әскери киімдері бойларына жарасқан сымбатты жастардың құрметіне қол соғып кет­тік. Осы кезде екінші әртіс қолындағы темірді майыстырып, қалың тақтайларды шынтағымен қиратып жатты. Бұл көрсетілім еді.
Енді бір сәтте бірінші жүргізуші өзіне жақын тұрған сымбатты курсантқа тақап келіп «Хаджи-Мухана знаешь?» деп дауысын көтеріп сұрақ қойды. Сонда әлгі «болашақ Отан қор­ғау­шы» білмеймін деп басын шайқады. Бүкіл зал сілтідей тындық. Мұндайды күтпеген жүргізуші жүзін құбылтып тағы да, енді қазақ тілінде «Қажымұқан атаңды білмейсің бе?» деп сұрады. Жас жауынгер «танымаймын» деп жауап берді. Тынып отырған біз жерге қарадық.
Армия генералы С.Нұрмағамбетов атындағы «Жас Ұлан» мектебіне оқушыларды таңдап-талғап алатынын білуші едік. Осы жағдайдан кейін бұл талап күн тәртібінен түсті ме екен, әлде командирлер тарапынан бір кем дүние орын алып жатыр ма деген ой келді.
Қажымұқан – қазақтың абыройы, халықтың қаһарманы! Айта берсем…

 

 

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button