Жаңалықтар

Мәнері бөлек мүсінші

Ұлттық музейде Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, белгілі мүсінші Шоқан Төлештің «Алтын бағыт» атты көрмесі ашылды.

Жұртшылық Шоқан ағаның еңбектерін жақсы біледі. Оның есімі елімізге ғана емес, шетелге де жақсы таныс. Мысалы, шебердің қолынан шыққан туындыларды АҚШ, Франция, Италия, Швейцария, Ұлыбритания, Австрия, Египет, Түркия, Сингапур, Ресей және Татарстандағы жеке коллекциялар мен галереялардан кездес­тіре аласыз. Мүсіншінің әрбір жұмысынан ұлттық ерекшелікті жазбай танисыз. Сондай-ақ Шоқан Төлеш жасаған ескерткіштер мен монументтер республиканың әр өңірінде қойылған. Оның ішіндегі танымалдары деп «Армандаушы», «Томирис», «Ойшыл» және Алматыдағы «Қазақстан» монументалды-мүсіндік композициясындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін айтуға болады.
Көрменің ашылуында Ұлттық музей директорының орынбасары Алмаз Нұразхан мүсіншінің уақытпен санаспай жұмыс істейтін еңбекқорлығын жоғары бағалап, оған ізгі лебізін білдірді. Өмірде жақын сыйласып жүрген досы, қаламгер Сүлеймен Мәмет те оның туындыларының көркемдігі жа­йында салмақты сөз қозғады.
– Қазір еліміз «Рухани жаңғыру» деген әлемге бет бұрып жатыр. Рухани жаңғыру ұлттың тілін, ұлттың құндылығын, ұлттың суретін, ұлттың болмысын жаңғыртып жатқан азаматтардың еңбегінен бастау алса керек. Суретшілердің құндылығы сол, олар кейінгі ұрпақ үлгі алатын рухани мұра қалдырады. Шоқанның өнерінің төрт құбыласы түгел деуге болады. Оның балалары да әкесінің ізін қуып, өнерін жалғастыруда. Яғни ұлтымыздың өнері осылай жалғасып, жаңғыра береді, – деді.
Сонымен бірге Нұр-Сұлтан қалалық Суретшілер одағының төрағасы Өмірәлі Исмайыл көрме иесін одақ атынан құттықтап, еліміздің мүсін өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хатпен марапаттады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button