Жаңалықтар

Коммуналдық қызметтер қыс мезгіліне дайын ба?

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қаланың төрт ауданындағы коммуналдық қызметтердің алдағы қысқа дайындығын тексерді. Қыс маусымында жолдар мен көшелерді тазалауға 2 мыңға жуық техника мен 3,5 мың қызметкер жұмылдырылады.Қала басшысы әлеуметтік нысандарға кіретін жолдарды, тротуарларды, аялдамаларды тазалауға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтіп, пәтер иелері кооперативтерімен бірлесіп аулаларды тазалау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Қазіргі кезде құм-тұз қоспасын дайындау жұмыс­тары жүргізілуде. Елорда әкімі қызметкерлерге жағдай жасау керектігін айтып, жалақыны уақытылы төлеу, ыстық тамақ ұйымдастыру, техниканы жаңарту сияқты маңызды істерге тоқталды. Биыл коммуналдық қызметтерге қосымша 100-ден астам техника сатып алу жоспарлануда. Арнайы техниканы сатып алу «Астанаэнергосервис» акционерлік қоғамының үнемделген қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Осыны айтқан А.Көлгінов қызметкерлерге игі еңбектері үшін алғысын жеткізді.
Сондай-ақ А.Көлгінов көмір сатылатын орындарға барды. Бүгінгі таңда қаланың 11 нүктесінде «қара алтынды» сатумен 8 компания айналысады. Көмірдің орташа бағасы жеткізуді қоспағанда – 12 мың теңге.
Елорда әкімі көмірдің бағасы мен сапасын бақылауда ұстап отыруды әрі қарай жалғастыра беруді тапсырды. Бүгіндері iKomek109 қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы жанында қауырт желі құрылды. Онда әр тұтынушы сату нүктесіндегі көмірдің бар-жоғы, қанша қоры барын, бағасы мен түрлері туралы біле алады. Сонымен қатар қаладағы көмірге қатысты ақпарат қала және аудандар әкімдіктерінің ресми сайттары мен әлеуметтік желілеріндегі парақшаларында жарияланып отырады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button