Рухани жаңғыру

Бабалар рухына тағзым

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында 2020 жылы тойланатын Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз­дың 1150 жылдығын халықаралық деңгейде атап өтуге Үкіметке тапсырма бергені мәлім. Қыркүйек айында қазақстандық делегация Түркияның Ыстамбұл, Ливанның Бейрут, Сирияның Дамаск қалаларына іссапармен барып, 1150 жылдықтың қарсаңында бүгінге дейін атқарылған жұмыстармен танысып, алдағы уақытта шешілуі тиіс түйткілді мәселелерге жауап іздеп қайтқан еді. Осыған орай, делегация мүшесі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлімжан ҚҰРТАЕВПЕН арнайы сұхбаттастық.

– Әлімжан Сейітжанұлы, әңгімеміздің басын бұл іссапарды ұйымдастыруға кімдер мұрындық болды, қолдау көрсетті дегеннен бастасақ. Іссапар барысында қай елдерге, қай жерлерге бардыңыздар? Бұл сапардың негізгі мақсаты не болды?
– Бұл іссапар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасының Ливандағы консулдығының және Сирия Республикасының Қазақстандағы құрметті елшісі Самир әл-Дерихтың қолдауымен жүзеге асты. Қазақстан Республикасының Ливан және Сирия Республикасындағы консулы Бағлан Спабек мырза делегацияны Бейрут қаласында күтіп алып, іссапарымызға ұйытқы болды. Сапар барысында ғұлама ғалым, ойшыл, философ Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз бен Дешті Қыпшақ даласынан еріксіз келіп, 17 жыл Мысырды билеген Сұлтан Әз-Зәхир Бейбарыс бабамыздың басына зиярат етіп, әл-Фараби бабамыздың басына Қазақстан тарапының қаржыландыруымен салынған «әл-Фараби мәдени-тарихи орталығы және кесенесі» құрылысының қазіргі жай-күйімен жақынырақ таныстық. Алдағы жылы Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығын өткізуге дайындық шараларын аталған елдердегі әріптестерімізбен бірге талқыладық. Сондай-ақ Қазақстан мен Сирияны жақындастыру үшін екі ел арасындағы ортақ тарихи және мәдени құндылықтарды насихаттап, гуманитарлық қарым-қатынастың тиімді тұғырнамасын құру да бас­ты миссиямыздың бірі болды.
– Сәл шегініс жасасақ, биыл 23 ақпанда «Астана ақшамына» берген сұхбатыңыз­да Сириядағы соғыстың тоқтауына байланысты 2019 жылы Дамаск қаласындағы Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың мавзолейінің тағдырын шешіп, оның Қазақстан Үкіметінің немесе Сирия Үкіметінің қарауына өтуін қамтамасыз ету туралы мәселе көтерген едіңіз. Осы сапарда өзіңіз көтерген мәселе шешімін табатынына көз жеткіздіңіз бе?
– Осы сапар барысында қазақстандық делегация мүшелері Дамаск университетінің ректоры, профессор Мұхаммед Маһир Қабақибимен кездестік. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ректоры Ғ.Мұтанов пен М.Қабақиби өзара құрылымдық диалог құрып, қарым-қатынастарды нығайту бағытында пікір алмасты. Осы басқосуда маған да сөз кезегі келгенде Қазақстан мен Сирияны терең тарих біріктіретінін тілге тиек еттім. Қазақ халқында «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген қанатты сөз бар. Осындай қағиданы ұстанған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2007 жылы Сирияға барған сапарында қос бабамыздың басына зиярат етіп, әл-Фараби бабаның мавзолейі құрылысының қазығын қағып, Сұлтан Бейбарыс баба мавзолейінің күрделі жөндеуіне батасын бергенін еске салдым. Аталған құрылыстар Қазақстан тарапынан 2011 жылы аяқталған. Бірақ олардың ашылуы, іске қосылуы Сириядағы саяси ахуал­дың қиындығына байланысты іске аспады. Сондықтан барша қазақстандықтардың Сириядағы жағдайдың тезірек қалыпқа түсіп, осы елде бейбітшілік орнауына тілекші екенін жеткіздім. Елбасымыз, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясы әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қаланың тұрғындары» еңбегінен бастау алады. Шынында да, осынау елдік идеяны жүзеге асырумыз үшін бізге әл-Фарабидей ғұлама бабамыздың артында қалған ғылыми мұрасын халқымыздың игілігіне пайдаланатын кез келді. Сол себептен мерейлі датаның алдында әл-Фараби бабамыздың бізге әлі беймәлім Иранда, Түркияда, Сирияда және Еуропаның елдерінде жатқан барлық құнды еңбектерін жинастырып, жаңа заманға сай қазақ, орыс тілдеріне аударуымыз керек. Сол еңбектерді болашақ ұрпақты тәрбиелеуге оқу құралы ретінде пайдалануымыз қажет. Қазір әл-Фарабидің 160-тай еңбегі белгілі болса, оның ішінде 20 шақтысы ғана қазақ, орыс тілдеріне аударылған. Бірақ ол кеңес заманындағы атеистік көзқараспен аударылды. Ендеше ұлы ойшылдың еңбектерін аудару – алдағы уақыттың еншісіндегі іс. Бұл іске Дамаск университеті өзінің үлесін қосатынына сенемін. Осы мақсат-мүдделеріміз жүзеге асырылып жатса, рухани жаңғыруымыздың айқын көрінісі болар еді.
Одан кейін Дамаск қаласының әкімі Әдел әл-Олабидің қабылдауында болып, құрылысы аяқталған «әл-Фараби мәдени-тарихи орталығы және кесенесі» ғимаратының болашағы туралы пікір алмастық. Делегация атынан сөз сөйлеп, Дамаск қаласының әкімшілігіне өзімнің жеке және мемлекетіміздің атынан ризашылығымды білдіріп, жұмыстарына табыс тіледім. Кие­лі Отырар қаласының тумасы ретінде Дамаск пен Отырар қалалары арасындағы байланыстардың жаңа форматта, әсіресе екі қала әкімшіліктерін бір-бірімен жақындастыруға атсалысатындықтарымызды айта келе, келесі жылы әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай ұйымдастырылатын іс-шаралардың бір бөлігін Дамаск қаласында әкімдіктің қолдауымен өткізуге ұсыныс жасадым. Әдел әл-Олаби екі елдің жақындасуына, достық қарым-қатынастарды нығайтуға әрдайым қолдау жасайтындығын айта келе, әкімшіліктің күн тәртібінде тұрған соғыс салдарынан қираған, мүлде жарамсыз болып қалған тұрғын үйлердің орнына салынатын жаңа зәулім, заманауи ғимараттардың жобалық үлгісімен таныстырып, осы құрылыс саласына қазақстандық кәсіпкерлердің жұмыс жасауына, қаржы салуына болатындықтарын ерекше айтып өтті. Қала басшысы Дамаскідегі мәдени орталықтың ашылуына және болашақта дамуына жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді.
– Дамаск қаласындағы «әл-Фараби мәдени-тарихи орталығы және кесенесі» ғимаратын екі елдің біреуінің меншігіне беру мәселесін шешу үшін қандай іс-әрекет жасайсыздар? Бұл сапарда бұрын-соңды кездеспеген жаңа деректер таба алдыңыз­дар ма?
– Иә, сауалыңыздың екінші бөлігінен бастайын. Әл-Фараби бабамыздың музейін аралаған сәтте бұрын естімеген кейбір деректерге тап болдық. Бабаның мавзолейіне жақын жерде Мұхаммед саллал-лаһу-ғалейһи-уәссәлемнің үш жұбайы жерленіпті. Есімдері – Хафса, Сукайна, Умхабиба. Музейдегі көрнекті жерде «Ұлы ойшыл, ғұлама, физик, математик, астролог Әбу Насыр әл-Фараби Отырар қаласында дүниеге келген» деген жазуды көрдік. Сол сәтте тұла бойымды зор сүйініш, мақтаныш сезімі кернеді. Ата тарихтан ойып орын алатын ұлы Отырар өркениеті болған, «әлемнің екінші ұстазы» атанған Ұлы даланың ұлы тұлғасымен бір топырақта туып-өскенімді мақтан тұттым. Екі мәрте бабаларымыздың басына барып, зиярат жасағаныма шүкіршілік еттім. Жалпы, әл-Фараби бабамыз­дың басына тұрғызылған музей маған өте ұнады. Ол Дамаскінің дәл ортасында тұр. Музейдің ауданы 5200 шаршы метрді құрайды. Бүгінгі заманғы құрылыс талаптарына сай салынған ғимарат. Ендігі мәселе осы ғимаратқа қатысты заңды шешім шығаруымыз керек. Себебі ол қазір не Сирияның, не Қазақстанның меншігінде емес, меншіксіз тұрған жайы бар. Бұл ғимарат ашылуы қажет. Пайдалануға берілгеннен кейін Қазақстан мен Сирияның арасындағы турис­тік бағдарды дамытуға өз үлесін қосады деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге көп рақмет!

 

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button