Руханият

Маң Маңғыстаудан мың сәлем

Сейсенбі күні бас қалада Астана қаласының 25 жылдығы мен Маңғыстау облысының 50 жылдығы аясында «Маңғыстаудан мың сәлем, Алаш төрі!» атауымен майлы қиян елінің ­мәдени күндері басталды. Өңір астаналықтарға әртүрлі бағытта үш күнге жалғасатын ауқымды бағдарлама ұсынып отыр.

БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ – «ДАСТАРҚАН»

Маңғыстау облысы Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әбілқайыр Байпақовтың айтуынша, бұл шаралардың барлығы таза ұлттық нақышта, қазақ өнерінің, қазақ мәдениетінің талғамы биік, басқа өркениетті елдердің ешқайсысынан кем емес екенін паш етеді. Сондай шараның бірі – мәдени күндерді ашып берген Маңғыстау облыстық Қуыршақ театрының «Дастарқан» қойылымы.

Аталмыш театр директоры, мәдениет саласының үздігі Фарида Атакееваның сөзінше, балаларға арналған бұл спектакль авторы – Надежда Насырова. Қойылым Астана қаласының Қуыршақ театры сахнасында және қайырымдылық мақсатында «Жансая» әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы кішкентай көрермендерге көрсетілді.

– «Дастарқан» – репер­туарымыздағы ең үздік спектакльдің бірі. Оны қоюдағы мақсатымыз – қазақтың ұлттық құндылығын балалар бойына сіңіру, балдырғандарға киіз үйдегі бұйымдардың қайдан келетінін, қалай жасалатынын, шығу тарихын, ас бөлмедегі ыдыс-аяқтың тарихын, қандай мақсатта пайдаланатынын көрсетіп, түсіндіру. Жалпы бұл – трилогияны түйіндейтін туынды. Оның алғашқысы «Айжан әжейдің ертегісі» деп аталады. Екіншісінің атауы – «Қайта жаңғырған өрнектер». Ал үшіншісі – осы «Дастарқан», – дейді Фарида Момбекқызы.

МАҚАМЫ МӘШҺҮР ӨЛКЕ

Ал Қазақ ұлттық өнер университетінде «Мақамы мәшһүр Маңғыстау» атты күй кеші өтті. Кеште Әзірбай Өскін­баев бастаған өңірдің танымал ­жыршы-термешілері мен күйші­лері өнер көрсетіп, аталмыш университет ұстазы Жұмабек Қадырқұловтың «Маңғыстаудың 100 күйі» хрестоматиясының және Сұлтанбек Құдайберген мен Ақылбек Тасқараұлының «Маңғыстаудың дәстүрлі жыршылық орындаушылық үлгісін оқыту әдістемесі» оқу-әдістемелік құралының тұсауы кесілді.

– «Мақамы мәшһүр Маңғыс­тау» жобасы турне болып өтті. Осы жобамен өнерпаздарымыз Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қарақалпақстан елдеріне барып, «Қырымның қырық батыры» жырын жырлап, күй өнерін дәріптеді. Негізгі мақсатымыз – осы жырды ЮНЕСКО-ның материалдық емес құндылықтар қатарына енгізу, – дейді Әбіл­қайыр Байпақов.

«Мақамы мәшһүр Маңғыс­тау» жобасының идея авторы, көрнекті ақын, аудармашы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Светқали Нұржанның айтуынша, Маңғыс­тауды мекен еткен жеті жұрттың бүкіл үні мен мұңы домбыра мен қобызда сақталған. Және бұл жобаның «Мұң қиянның мың күйі» аталатын екінші аты бар.

ҚОС ҚОЙЫЛЫМ

Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театры астаналықтарға Франц Кафканың «Құбылу» әңгімесі желісімен қойылған белгілі жазушы, драматург Ермек Аманшаевтың пластикалық драмасын ұсынды. Дина Жұмабаева сахналаған аталмыш қойылым трансформацияға ұшыраған адамның өмірінен сыр шертеді. Спектакль көрерменді тың ойға жетелейді.

Осы өнер ұжымы елордаға тағы бір қойылыммен келді. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов­тің «Қорғансыздың күні» әңгімесі желісімен сахналанған бұл туындыны (қоюшы режиссері – Гүлсина Мирғалиева) бүгін кешке М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының сахнасынан тамашалауға болады.

ТУРИЗМДІ ТАНЫСТЫРЫП, ДӘМ МЕН ДӘСТҮР ҰСЫНДЫ

Кеше Достық үйінде Маңғыс­тау облысы туризм саласының «Марс пейзаждары» атты көрме өтті. Көрмеге келушілер қойнауы ғажайыпқа толы маңғаз мекен, маң дала Маңғыстаудың табиғатын, қайталанбас көрінісін тамашалады. Соны­мен қатар Маңғыстау өңірінің көрме-жәрмеңкесінде шұбат, балқаймақ, құрт пен ірімшік, балық өнімдері ұсынылды. Ал «Маңғыстау – ұлттық құндылықтар құндақталған мекен» атты рухани шара барысында сәлем салу, тұсау кесу, бата беру сынды ұлттық салт-дәстүрлер көрсетілді.

КӨРМЕЛЕР МЕН КОНЦЕРТ

Бейбітшілік және келісім сарайында Ә.Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-­өлкетану музейінің «Маңғыстау қазақтарының ұлттық киім үлгілері» көрмесі мен «Ғасырлар қойнауындағы Маңғыстау» археология көрмесі ашылды. Онда ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Маңғыстау қазақтары киген ұлттық киім үлгілері мен күмістен соғылған әшекей бұйымдары қойылды. Сондай-ақ «Дала өркениеті – көшпенділер қолөнерінде» атты қолөнерші Алдаберген Тіленбаевтың сүйектен жасалған бұйымдар көрмесі мен «Күмбірлейді күмістер» атауымен Нұрнияз Мұхановтың жеке коллекциясынан жасақталған көрме ұсынылды. Ал «Маңғыс­таудан мың сәлем, Алаш төрі!» гала-концертінде өңірдің белгілі өнер майталмандары мен ең үздік шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.

Маңғыстау облысының Астанадағы мәдени күндері бүгін де «Ақиық өлке, алғи жыр» әдеби-сазды кешімен жалғасып, «Мерейлі мекен – мұнаралы Маңғыстау» атты концертпен түйінделеді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button