Басты ақпаратСараптама

Астаналықтар мұң-мұқтажына құлақ асады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ ­асатын мемлекет» тұжырымдамасы қазіргі таңда сәтті жүзеге асып жатқан өңірдің бірі – Астана қаласы. Бұған дәлел, басқа әкімдіктермен салыстырсақ, елорда әкімдігі ашықтығы мен бұқарашылдығы, тұрғындардың өтінішіне жедел және тиімді жауап беруі, цифрлық технология­ларды қолданысқа енгізуі жөнінен көш бастап тұр.

Ашықтық қағидаты

Қала басшысы Жеңіс Қасымбек 2022 жылы 8 желтоқсанда Астана әкімі қызметіне кіріскен күннен бастап халыққа ашықтық қағидатын ұстанатынын, қаланың әрбір тұрғынының мәселесі елеу­сіз қалмайтынын мәлімдеді. Дәл қазір әкім мен әкімдік аппараты осы ұстанымына берік болып, күнделікті әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы халықпен кері байланыс орнатып, сеніміне кірді. Жеңіс Қасымбек өзінің әлеужелідегі жазбаларында, негізінен, Астана тұрғындарымен кездесулеріне екпін түсіріп, әр аудандағы, елді мекендегі, әр саладағы түйткілдерді егжей-­тегжейлі жазып отырады.

Қала басшысы қызметіне кіріскен күні: «Әлеуметтік желілер – қазіргі кездегі қарым-қатынас­тың ең тиімді құралы. Біз үшін тұрғындардың ой-пікірі, ұсынысы бәрінен маңызды. Біз елорданы алдағы уақытта дамытуға қатысты барлық ойыңыз бен ұсынысыңыз­ды тыңдауға дайынбыз!» деп астаналықтарға үндеу жариялады. Жеңіс Қасымбек әр аптаның бейсенбі күні аудандарға барып, тұрғын алаптардағы халықпен кездеседі. Жұма күні таңертеңнен түске дейін тұрғындармен онлайн режимде тілдеседі. Осы кездесулерінде тұрғындар тарапынан қандай сын-ескертулер айтылды, ұсыныстар жасалды – барлығын қала басшысы қоғамға жедел, ашық жазып, жеткізіп отырады.

2023 жылдың басынан қазан айына дейін Жеңіс Қасымбек тұрғындармен 44 кездесу (жеке қабылдау – 25, тұрғындармен кездесу – 19) өткізді, 3326 адамды қабылдады. Соның ішінде:

– жеке қабылдау – 391;

– халықпен кездесу – 2423;

– нысаналы топтар (үлескерлер, нүктелік құрылыстар) – 512. Жылдың соңына дейін тағы 5 кездесу өткізу жоспарланған.

Мәселен, Жеңіс Қасымбектің астаналықтармен алғашқы кездесуі ақпан айында Байқоңыр ауданында болды. 5 сағатқа созылған жүздесуде тұрғындар, негізінен, баспана, ауыз су, Есіл өзенінің жағалауын тазалау, бейберекет салынған көпқабатты тұрғын үйлер және т. б. өзекті мәселелерді көтерді. Дәл қазір астаналықтарды алаңдатқан ең басты мәселе – баспана. Әкімдік бұл мәселені шешу үшін әлеуметтік тұрғын үйлер салып, апатты жағдайдағы ескі тұрғын үйлерден адамдарды көшіруде. Сондай-ақ құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үй кешендерінің құрылысын аяқтауды жалғастыруда.

Биыл апатты жағдайдағы тозығы жеткен 18 үйден 330-ға жуық отбасы жаңа тұрғын үй кешеніне қоныс аударды. Әкімдік жыл соңына дейін тағы 2 апатты үйдің тұрғындарын көшіруді жоспарлаған. Соның ішінде Байқоңыр ауданының аумағындағы үйлер де бар. Жалпы алғанда, алдағы 3 жылда елордада 2,5 мыңнан 3 мыңға дейін жаңа пәтер салынып, апатты үйлердің барлық тұрғыны көшіріледі.

Тұрғын үй орталығы

Астана әкімдігінің тұрғындардың өтінішіне жедел және тиімді жауап беруін жүзеге асыратын цифрлық кеңсенің бірі – Тұрғын үй орталығы. Осыдан 3 жыл бұрын Республика даңғылы, 32-үйде тұрғын үй саласында қызмет көрсететін бірыңғай орталық ашылды. Бұл орталықта тұрғын үйге кезекке тұру, кезек нөмірін тексеру, тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, тұрғын үй сертификатын алу, несиеге/жалға берілетін пәтерлер бойынша және тағы басқа мәселелерге қатысты кеңес алуға болады. Бұл орталық қала тұрғындары үшін өте ыңғайлы. Себебі олар тұрғын үй мәселелері бойынша қаланың әр ауданында орналасқан мекемелерге бармай-ақ, бір жерден кеңес ала алады.

2023 жылдың басынан қазан айына дейін Жеңіс Қасымбек тұрғындармен 44 кездесу (жеке қабылдау – 25, тұрғындармен кездесу – 19) өткізді, 3326 адамды қабылдады. Соның ішінде:

– жеке қабылдау – 391;

– халықпен кездесу – 2423;

– нысаналы топтар (үлескерлер, нүктелік құрылыстар) – 512. Жылдың соңына дейін тағы 5 кездесу өткізу жоспарланған

Жуырда ғана Тұрғын үй орталығы «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін баспана» бағдарламасы бойынша құжаттар қабылданатынын хабарлады. 6-12 қараша аралығында құжаттар тек қана qatysu.zhylfond.kz порталы арқылы электрондық нұсқамен қабылданады. Бұл тәсілдің бір тиімділігі, электрондық цифрлық қолтаңбасы бар бағдарлама қатысушысы баспана алуға өтініш беруден 10 күн бұрын өзінің төлем қабілетін растау, баспанасының жоғы, Астана қаласында тіркелгені, отбасы мүшелерінің тіркелгені туралы анықтамаларды тапсырады. Өтініш берген соң, оның әрі қарай қаралған-қаралмағанын qatysu.zhylfond.kz порталындағы жеке кабинеттен білуге болады. Үміткердің ұялы телефонына арнайы SMS-хабарлама келеді. Сондай-ақ әрбір қатысушы ұялы телефоны арқылы 109 call-орталығына, Тұрғын үй орталығының 8-776-198-29-70 WhatsApp нөміріне хабарласа алады, я болмаса Республика даңғылы, 32-үйге барып, істің мән-жайына көзбе-көз қанығады. Астана әкімдігі биыл аталған бағдарлама аясында 770 пәтер бөледі, бұл пәтерлер 3 жыл мерзімге беріледі. Ай сайынғы жалдау ақысының көлемі – 5000-нан 15000 теңгеге дейін.

«Жанұя» орталығы

Әкімдік пен тұрғындардың арасында ашық, айқын, тығыз, жедел қарым-қатынас орнату мақсатында 4 жыл бұрын «Жанұя» отбасын қолдау орталығы ашылды. Оның мақсаты – қиын жағдайға тап болған әрбір отбасыға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету, отбасы институтының дамуын жан-жақты қолдау. 2020 жылы орталық коммуналдық мемлекеттік мекеме мәртебесін алды.

default

Орталық «бір терезе» қағидатымен қала тұрғындарына (көпбалалы, толық емес, әлеуметтік әл-ауқаты төмен, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар) кешенді консультация қызметін көрсетеді. Бұл жерде мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор мекемелерінің жұмысы ыңғайлы форматта құрылған. Ең басты мақсат – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында халықтың сенім деңгейін көтеру, билік пен бұқара арасындағы кері байланысты тереңдету. Орталық мамандары өмірде қиын жағдайға тап болған әрбір отбасының мәселесін жеке, толық қарайды. Мәселен, 2023 жылдың басынан бері 266 отбасына зерттеу жүргізілген. Соның ішінде 231-іне әлеуметтік жағынан қолдау көрсетілді.

Қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасынан алынған ресми деректерге сүйенсек, 2023 жылдың 1 қаңтарынан 1 қарашасына дейінгі уақытта орталыққа 1588 адам 44280 мәселе бойынша өтініш білдірген. Соның ішінде 17338-і – атаулы әлеуметтік көмек алуға қатысты, 3971-і – баспана алу мәселесі туралы, әлеуметтік қызметтер порталына қатыстысы – 16795, қалған 6176 өтініш өзге де мәселелерді қамтиды. Енді мынадай мәліметке назар аударсақ: «Жанұя» орталығы ашылған 2019 жылдың 26 тамызынан 2023 жылдың 30 маусымына дейінгі аралықта 202195 мәселе бойынша 189355 адам жүгініпті.

Жоғарыда бұл жерде құзырлы мемлекеттік, квазимемлекеттік мекемелер жұмысының ыңғайлы жағдайда ұйымдастырылғанын айттық. Осыған мысал: орталық базасында апта сайын мемлекеттік мекемелердің бірінші басшылары, олардың бірінші орынбасарлары азаматтарды қабылдайды. Биылғы 10 айда осындай 158 қабылдау өтіп, 1068 адам қамтылған. Ал 2022 жылдың 12 айында 230 қабылдау өтіп, 1433 адам қамтылған. Орталық ашылғаннан бері психологиялық көмек беру бөлімі 1646 кеңес түрінде қабылдау жасаған. Ал 2023 жылдың 10 айы ішінде бұл бөлім кеңес түрінде 330 дәріс өткізген. Мамандардың айтуынша, психологиялық көмекке жүгінетіндер, негізінен, 4 өзекті мәселе бойынша өтінішпен келеді. Біріншісі – ауыр психофизиологиялық жағдайдан арылу. Бұған стресс, дағдарыс жағдайы, эмоционалдық төзбеушілік, өзінің қабілетін төмен бағалау, кәсіби құлдырау, қарым-қатынас дағдыларын дамытудың төмен деңгейі, ассертивтік қозғалыс дағдысының болмауы және т. б. жатады. Екіншісі – отбасындағы жанжал, ажырасу, отбасын жою, отбасындағы өзара қарым-қатынастағы дағдарыс, отбасы мүшесі біреуінің жұмыссыз қалуы, балалар үйінде тәрбиеленген балалардың басқа ортаға бейімделе алмауы және тағы басқалар. Үшіншісіне адамды өзіне-өзі қол жұмсауға итермелейтін жағдайлар жатады. Төртіншісі – тұрмыстағы зорлық-зомбылық, арақкештілік, есірткіқұмарлық, интернетке тә­уелділік, түрмеден босап шыққан адамдардың әлеуметке бейімделе алмауы, ойынқұмарлық және тағы басқалар.

Сонымен қатар «Жанұя» орталығының мамандары заңдық кеңес береді. Биыл жыл басынан бері орталыққа асыраушының құқығын тіркеу бойынша өтініш беруге (ұл, қыз бала асырап алуға), алимент төлемей жүрген адамдардан оны өндіріп алуға, АӘК алуды ресімдеуге, баспанасын сату және сатып алуға, қарызынан құтылуға қатысты 367 адам өтінішпен келіпті. Орталық заңгерлері 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 3954 кеңес берген. Бұлардың бәрі қалалық әкімдіктің әрбір азаматтың үнін, шағымын естуге, осы бағытта мәселені шешуге құзырлы органдарға жүгініп, әділ шешім шығаруға мүмкіндік береді.

Елордалықтар өмірін жақсартатын 10 жоба

Қала басшылығы инфра­құрылымды дамыту және елорда тұрғындарының өмірін жақсарту үшін қолдануға дайын практикалық IT-шешімдерді табудың жолдарын қарастыруда. Осы бағытта Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркімен бірлесе отырып, IT-жобалардан 100 өтінім жиналды. Олардың 10-ы биыл жазда Pitch Day-дің алтыншы жиынында таныстырылды. Өтінім берген жобалардың бағыты әртүрлі – білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қауіпсіздік және көлік.

Алқалы жиында таныстырыл­ған 10 жоба мынадай: управдом – МИБ, ПИК және тұрғындарға арналған цифрлық экожүйе; Oqylyq – қашықтан оқыту және тестілеу, синхронды, асинхронды және автоматтандырылған прокторинг жүйесін қамтитын платформа; Alaqan mektep – мектептерге арналған алақан тамырларының биометриясына негізделген бірыңғай экожүйе; Socium цифрлық платформасы – 4 бағыт тоғысқан цифрлық талдау платформасы; Иммунитет столицы.kz – халықты жаппай иммунологиялық тексеру технологиясы; Beyne.ai – ашық дереккөздерден және бейнека­мералардан бетті тану және іздеу технологиясын әзірлейтін жүйе; Operational Platform of Expert Recognition (O.P.E.R.) – интеллектуалды бейнебақылау жүйесі; Jastar Life – жоба мұғалімдерге оқушылардың сабаққа қатысуы мен үлгерімі туралы есеп беруде уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді; Доступный двор – жоба автоматты шлагбаумдар мен қақпалар орнатылған тұрғын үй кешенінің аулаларына шұғыл қызметтердің кіру мәселесін шешеді; МДМС – ұсынылып отырған шешім мемлекеттік сатып алу порталынан позиция мен сертификаттар бойынша деректерді жинауға және талдауға арналған веб-қосымша түріндегі құрал.

Астанадағы 10 негізгі өзекті мәселені IT-мамандар инновация­лық технологиялық идеялардың көмегімен шешуге әрекет етеді.

«Астананың аумағы өсіп жатыр және жаңа сервистерге мұқтаж. Сондықтан бізге жас стартаптардың IT-шешімі ауадай қажет. Таныстырылған бірде-бір жоба назардан тыс қалмайды. Барлығын мұқият зерттеп, алдағы уақытта міндетті түрде тағы бір рет кездесеміз. Мектепте немесе медицина мекемелерінде қанатқақты жобаны сынақтан өткізу керек болса, ол жұмыс басталады. Сонымен қатар стартаптарға коммуналдық салада жұмыс істеуді ұсынамын. Бізде коммуналдық мекемелер көп және олардың шешуді қажет ететін проблемалары жетерлік. Біз осы тақырыпты талқылап, ұсынылатын IT-шешімдерді қаржыландыруға дайынбыз» деп мәлімдеді Pitch Day-дің алтыншы жиынында Жеңіс Қасымбек.

Бұл жобалардың қайсысы өмірімізде қолданылатынын уақыт көрсетер. Ең бастысы, Астана әкімдігі қарапайым тұрғындарға өз ойымен, идеясымен, жасалымымен алмасу үшін, соларды қолданысқа енгізу үшін ыңғайлы цифрлық алаңдарды ашық ұсынып отыр.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button