БілімЖаңалықтар

МАҚТАНЫШЫМЫЗ – СЕРІКБОЛСЫН

Оқуда озық, білімге құштар өрен­дердің бірі – елордалық Серік­болсын Мейрам.

img_1164

Ол – математикаға өте жүйрік. Осынау ғылымға деген қызығушылығы да бөлек. Серікболсын жалпы білім бе­ретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың кезеңдеріне жыл сайын үздіксіз қатысып, жоғары нәтиже көр­­сетіп, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Сонымен қатар, «Пифагор», «Жас маман», «В.А.Лиді еске алу», «Аймақтық жас математиктер турнирі», Ө.М.Сұл­­танғазин, «Геометриялық шеберхана», Әл-Фараби олимпиадаларында математикалық есепке жүйрік оқушы өз білімін бірнеше дүркін жүлделі орындар иелену арқылы дәлелдей білді.
С.Мейрам былтырғы оқу жылынан бас­тап, халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып жүр. Бұл сайыстарда да ол топ жарып, еліміздің абыройын асқақтатумен келеді. Әлбетте, дарынды өреннің талантын ұштап, қолдау көрсеткен Сартқожа Байған, Тердікбай Күшай атты білікті педагогтардың еңбегін де атап өткен жөн.
Былтырғы оқу жылында Серікболсын Қ.Сәтбаев атындағы халықаралық олим­пиадасында ІІІ орын иеленсе, 17 мемлекет қатысқан Халықаралық Ө.Жәутіков атындағы олимпидада қола медальдің иегері атанды. Биылғы оқу жылында Мәскеуде өткен Халықаралық МИСиС олимпиадасының алтын медалін жеңіп алған дарынды оқушы қазан айында 31 мемлекет қатысқан Иранда өткен Халықаралық геометрия олимпиадасында күміс медальді (2 орын) қанжығасына байлады.
Иә, ортамызда жүрген қарапайым оқушы ертеңгі күні еліміздің математика ғылымына үлес қосатын үлкен азамат болып шығатынына сеніміміз кәміл. Жас дарынның бүгінге дейін өз қарым-қабілетімен жеткен толағай табысына – біз куәміз. Ендеше, Серікболсынға «Зерде» мектебінің ұжымы, ата-аналары мен оқушылары атынан әлі де биік шыңдарды бағындыра беруіне тілектестік білдіреміз.

Э.ӘУБӘКІРОВА,
Астана қаласы Дарынды балаларға
арналған №9 «Зерде» мектебі
директорының орынбасары

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button