ЖаңалықтарМәдениет

ТӨРТ ТҰЛҒАНЫҢ ТУЫНДЫЛАРЫ

Көрнекті композитор Әсет Бейсеуовтің ақын Кәкімбек Салықовтың өлеңіне жазылған «Бір тамаша ән үшін» атты әнінде «Хан да өтер, хазірет те өтер, біз де өтерміз, Ұрпаққа сәлем айтып ән қалады» деген жолдар бар. Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясы ұйымдастырған «Ұмытылмас әндер» концертінің мазмұнын осы сөздер ашады.

21-13-54-084

Конгресс-холда өтіп, Әбілахат Еспаев, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов және Әсет Бейсеуов сынды қазақ музыкасы майтал­ман­дарының әндерін бір арнаға тоғыс­­тырған бұл кеш Әсеттің әсем ән­дерімен ашылып, Нұрғисаның нұрлы туындыларымен түйінделді. Концертте бас аяғы отыздан астам ән шырқалды. Солардың көбісін көрермен әншілерге қосылып айтты.
Әсет Бейсеуовтің әндері саналуан тақырыптарды қамтиды. Оның ән қоржынында туған ел, жер туралы, балаларға арналған әндер көп кездеседі. Алайда, халыққа оның жүрек қылын шертетін лирикалық туындылары жақын деп айтсақ, қа­телесе қоймаспыз. Сол сияқты кон­цертте композитордың «Алдымнан шық», «Ақ гүлім» сынды әндері шырқалып, аға буынға жалындаған жастық шақтарын сағындырды. «Армандастар» әні мектепте бірге оқыған құрбы-құрдастарды еске алдырды. Ал, ақын Мұзафар Әлім­баевтың сөзіне жазылған «Маралдым» әні туған жердің қа­сиетін сезін­діргендей болды.
Төрт композитордың шығарма­шы­лығында да ел мен жер туралы әндер жетіп артылады. Мәселен, Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен география сабағын өткізуге болады деген қалжың болса да, ақиқаттан алыс емес сөз жұрт арасында жиі айтылады. Расымен, Шәмшінің әндерінде қамтылмаған байтақ Қазақстандағы жер жоқ шығар. Қазақ вальсі королінің сондай тамаша туындылардың бірі – «Отырардағы той» әні. Бұл әнді белгілі әнші Бағдат Сәмединова өзінің биік рухына сай орындап шықты. Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» әнін айту да бұл әншінің еншісіне бұйырды.
Нұрғисаның «Саржайлауын» ха­­лықтың сүйікті әншісі Алтынай Жора­баева салды. Алтынай жұртқа Шәм­шінің «Өмір-өзен» әнімен таныл­ғанын айта кетейік. Сондай-ақ, ақын Еркеш Ибраһимнің сөзіне жазылған «Шынарым» әнін жаң­ғыртқан да осы әнші. Ал өзі қазір қыз өсіріп отырған Алтынайға «Ана туралы жыр» шығармасын салу, тіпті жарасады екен.
Шәмші Әбілахат Еспаевты саз өнерінің сұлтаны деп атаған. Әбіл­ахаттың «Достар» және «Ұстазым» әндерін білмейтін қазақ жоқ. Бар тыңдарманға жылы тиетін осы әндер де кештің әрін кіргізді. Сонымен қатар бұл композитордың «Ақ сәуле», «Маржан қыз», «Сағыныш екен бала кез», «Қыз қуу» сынды шығармалары көрермен қиялын шарықтатты.
Кешке қатысқан танымал әнші­лер­дің қатарында Айгүл Қосанова да болды. Дәс­түрлі әнші болып танылған Айгүлді эстра­даға Нұрғисаның «Құстар қайт­қанда» әні жетелеп алып келді. Әнші бұл туын­дыны нәзік лиризммен орындап шықты.
Көрермен бұл кешке келіп, тамаша демалып қалды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button