Руханият

ҚАЙРАТЫ ҚАЙТПАҒАН ҚАРИЯ

Жаңабатыр ақсақал өткен жылы сеңгірлі сексен жасқа толды. Сексенге толса да сертінен таймаған қарияның өмір жолы да бұралаң қалтарысқа толы. Отызыншы жылдардың ортасында дүниеге келді. Қызыққа толы балалық шағын сұрапыл соғыс ұрлады. Бала болып та еркін ойнаған жоқ. Бұғанасы қатпастан колхоздың қара жұмысына жегілді. Бір әкеден өрбіген Шалбай Кәрібай, Сағынбай және Сағындық деп аталатын ағайынды төрт жігіт болады.

20160421_210249

Осылардың ішінде Жаңабатыр қарияның әкесі Қәрібай ғана отбасын құрған екен. Қалғандарының барлығы – жасөспірім жігіттер. Олардың барлығы соғыс басталғанда әскерге алынады. Тек Кәрібай ғана тыл жұмысына қалдырылады. Бірақ үш бауыры бірдей майданға алынғанда «бауырларымнан жаным артық емес» деп өз еркімен соғысқа сұранады. Содан төртеуі де қанды қырғында хабарсыз кетеді. Кәрібайдың артында бір ұл, бір қыз қалады. Соғыс басталған жылы екі жасында Жаңабатыр әкенің қарындасы өмірден өтеді. Көп ұзамай анасынан айырылады. Нағыз жетімдіктің азабын енді тартады. Алайда, алтыға енді толған Жаңабатырды жақын ағайыны Шоқыбас деген кісі асырап алады. Балам деп бауырына басады. Сол ауыр кезеңде колхозда еңбек күші жетпей жатқандықтан жеткіншектер де жұмысқа тартылады. Ол да үлкендермен бірдей ауыр еңбектің мехнатын көреді. Бірде Шақпақ бойында егін салса, келесі де сиыр фермасында жұмыс істейді.Қарияның өзі ол жадағай күндерді еске алғанда мұңайып, қалың ойға батады.
–Таң бозарып атпастан егінге шығамыз. Бақылаушы бригадир дікеңдеп: «Тездетіңдер, әйтпесе немістерге беріп жіберемін» деп зіркілдейді. Үйімізде бір сиыр болды, оған колхоз көмек ретінде өгіз қосып берген. Соқаны өгізге жегіп, атам артында соқаны итеріп, апам айдап, ал мен болсам алдынан жетелеп отырамын. Апам жұмыстан шаршап келсе де, сиыр сауады. Сол сауылған сүтті төгіп-шашпай фермадағы сепаратордан өткізуге алып барамын. Оны ферма меңгерушісі қабылдайды. Үкімет бекіткен жоспар бойынша алтын күні бойы сүт пен қаймақ тапсырамыз. Жетінші күні бізге обрат береді. Соны өзіміз талғажу етеміз, – деп сол жабырқау жылдардан сыздықтап сыр айтады.
Сондай бейнетті кешіп жүріп, мектептен де қалмайды. Фермадан колхоз орталығына арбамен қатынап оқиды. «Дәптер жоқ. Орнына кітап береді. Соның таза жерлеріне жазамыз» дейді ақсақал. Соғыс аяқталғаннан кейін де ол туған жерінен алысқа ұзамайды. Алғашқы еңбек жолын жүргізуші болып бастайды. Одан кейін ауылшаруашылығы мен сауда саласында еңбек етеді. Амангелді аудандық көтерме сауда базасының басшысы болды. Аудандық киножелін басқарады. Партия органдарында жұмыс істейді. Зейнеткерлікке шыққанға дейін аудандық сүт өңдеу шеберханасының директоры болып қызмет атқарады. 1957 жылы Ахметжанова Түлкі апаймен бас қосады. Өмірге іңгәлап ұл мен қыз келеді. Бүгінде қария балаларынан тараған 7 немере және 2 шөберенің қазыналы ақылшысына айналды. Елорданың елеулі ардагері. Әсіресе, ақсақал кенже немересі Мәдиді аузынан тастамайды. Ол домбырада шебер ойнайды. «Art Olympia» деп аталатын халықаралық балалар және жасөспірімдер шығармашылығы фестивалінің алтын медалін жеңіп алған. Бірнеше республикалық байқаулардың жүлдегері атанған.
Бір кезде соғыстан оралмаған әкесінің жалғыз шырағы болып қалған бала кейін ержетіп, бүгінде ардақты ақсақалға айналып, өмірдің барлық қызығын көріп, бақытты ғұмыр кешуде.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button