Басты ақпаратЕл тынысы

Мектеп көктемде ашылады

Қала әкімі Жеңіс Қасымбек Кирпичный елді мекеніндегі жайлы мектептің құрылысы биыл көктемде аяқталатынын мәлім етті. Бұл туралы қала басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Бірқатар нысандардың құрылыс барысымен таныс­тым, олардың арасында Кирпичный елді мекеніндегі мектеп бар. Бұл елді мекенде 1966 жылы салынған жалғыз мектеп (Байқоңыр ауданы, Қамысты көшесі, 7) болатын. Оқу орны апатты жағдайда болғандықтан, 2021 жылы бұзылып, қайта жөнделе бастады. Жаңа мектептің құрылысы баяу қарқынмен жүріп жатты, тіпті бір уақыттары тоқтап та қалды. Ал оқушылар осы жылдары басқа мектепке баруға мәжбүр болды. Біз Кирпичный елді мекеніндегі мектептің құрылысын жандандырдық, барлық проблемасы шешілді. Оның құрылысын биыл көктемде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Демек, бұл да жайлы мектептердің бірі болмақ» деп жазды Ж.Қасымбек.

Әкім қазіргі оқу жылында 11 мектепті пайдалануға берілгенін жеткізді. «Ал оқу жылының соңына дейін тағы 4 мектеп ашамыз. Олар Қарасай батыр мен Бұланты көшелерінде, Қамысты көшесі, 7 мекенжайында орналасады, сол сияқты Қабанбай батыр даңғылы, 9/1, Таха Хусейн көшесі 5/1 мекенжайларында жаңа ғимараттар бой көтереді» деді ол.

Сонымен қатар, Астана әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қалада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асырылатынын айтты. «Жоба аясында 2024-2025 жылдар аралығында 90 мыңға жуық оқушы орнына (2 ауысымды) арналған жаңа форматтағы 24 мектеп саламыз. Олардың 15-і қарқынды дамып келе жатқан Есіл мен Нұра аудандарында орналасады.  2027-2028 жылдарға дейін бас-аяғы 200 мыңға жуық оқушы орнына (2 ауысымды) арналған 80-нен аса мектеп салуды жоспарлап отырмыз» деп сөзін түйіндеді Ж.Қасымбек.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button