Басты ақпаратЖаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК НАГРАДАЛАРМЕН МАРАПАТТАДЫ

3fb19f2907488a0f54c9eacb905eb927-(1)

Мемлекеттік наградалармен марапатталған бір топ билік өкілдері, мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау салаларының қайраткерлері, өндіріс озаттары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, кәсіпкерлер, спортшылар, соғыс және еңбек ардагерлері, әскери қызметшілер наградаларын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алу мәртебесіне ие болды.  

– Тарихи өлшем тұрғысынан қысқа уақытта біз үлкен жолдан өттік, мемлекеттілікті нығайтып, экономиканы дамыттық, қазақстандықтардың жаңа буынын тәрбиеледік. Біз индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз. Биыл үшінші ғарышкеріміз ғарышта болып келді. Қазақстан ДСҰ-ның мүшесіне айналды. Әлемдік экономикадағы қиындықтарға қарамастан, біз көп іс тындырдық. Бұл табыста бүкіл қазақстандықтардың жұмсаған күш-жігері бар. Наградалар мен атақтар – отандастарымыздың қажырлы еңбегі мен қызметін халықтың жоғары деңгейде бағалауының белгісі, – деген Мемлекет басшысы «Қазақстанның Еңбек Ері» атағынан бастап «Айбын» орденіне дейін алғандарға марапаттарды тапсырды.
Мемлекеттік наградаларға лайықты тұлғалар ие болды. Біз тек олардың арасында болған астаналықтардың аттарын атап өтейік. «Отан» ордені көрнекті жазушы-драматург Әкім Таразиға тапсырылды.
«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденіне Президент әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматулин лайық болып танылды.
«Парасат» орденімен ҚР Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Нұрлан Ермекбаев, «Назарбаев Университеті» ДББҰ президенті Шигео Катсу және Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков марапатталды.
ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен Парламент Мәжілісінің төрағасы Қабиболла Жақыпов, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың еңбегі атап өтілді.
ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен «Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы» республикалық бірлестігінің төрағасы Әбілғазы Құсайыновқа берілді.
«Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ басқарма төрағасы Серік Ақшолақов «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанды.
«Құрмет» орденімен Жоғарғы Сот судьясы Ұлболсын Сүлейменова марапатталды.
Сондай-ақ, «Айбын», «Даңқ», «Достық» ордендері иелерін тапты. Биыл тұңғыш рет бір топ адамға «Еңбек Даңқы» ордені тапсырылды
– Сіздердің әрқайсыңыздың Отанымыздың игілігі жолындағы жұмыста үлестеріңіз бен тәжірибелеріңіз бар. Әрқайсыңызды Қазақстанның мақтанышы деп айтуға әбден болады. Осының бәріне еңбекпен жеттіңіздер. Біз еңбек адамына құрмет көрсетуге тиіспіз, сондықтан «Еңбек Даңқы» орденін алған адамдардың қызметін айрықша атап өткім келеді. Бұл – экономикалық қуатты еселеп жатқан еңбекшілер үшін үлгі болсын, соның негізінде барлық өзге салалар дамып жатыр, – деп, түйіндеді сөзін Қазақстан Президенті.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button