ЖаңалықтарЭкономика

Еуро-5, болдың-ау бізге елес

CicloNEDC-apertura-(1)

Бас қаламызда көліктердің жыл санап көбейгеннің үстіне көбейіп келе жатқаны түрлі бас ауруын да туындатып жатқаны анық. Бұдан бірер жыл бұрын автокөліктерге Еуро-4 экологиялық стандартын енгізіп, зиянды шығарындылары көп ескі-құсқы көліктерден арыла бастаған едік. Еліміздегі көлік өндірісі де осы экологиялық стандартқа көшті. Алайда, автокөліктеріміз әлемдік экологиялық көрсеткішке сай алға жылжығанымен, бензинге енгізілген стандарт бұрынғыша қалып барады. Бұдан бұрын қабылданған техникалық регламент бойынша еліміз 2016 жылдың 1 қаңтарынан Еуро-4, Еуро-5 экологиялық стандартындағы бензин, жанар-жағармайды қолдануға тиіс еді. Сөйтіп, автокөліктердің атмосфераға зиянды шығарындыларын азайтып, ауа тазалығын қамтамасыз етуіміз қажет болатын. Бірақ, бұл әзірге орындалмайтын арман болғалы тұр.

Себебі, елімізде мұнай өндеп, жанар-жағармай шығаратын үш зауыттың мұндай экологиялық стандартты өндіруге әлі әзір емес. Сондықтан Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі сәйкесті техникалық регламентке өзгеріс енгізіп, Қазақстан Республикасы аумағында бензин мен жанар-жағармайдың Еуро-2, Еуро-3 экологиялық стандартының қолданылу мерзімін ұзарту жөнінде шешім қабылдаған болатын. Соған сәйкес, бұл эко­логиялық стандарттағы жанар-жағармай мен бензин бізде 2018 жылдың бірінші қаңтарына дейін қолданылады. Ал, одан кейін Еуро-4, Еуро-5 экологиялық стандартына көшеміз бе? Осы саланың майын ішкен мамандар бұл сұраққа келгенде мүдіріп қала береді. Өйтпей ше?! Егер елімізде Еуро-2 стандартын қолдануға тиым салынса, біздің Атыраудағы, Павлодардағы және Шымкенттегі мұнай өндеу зауыттары жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Өйткені, бұл зауыттардағы қондырғылар тек Еуро-2, Еуро-3 стандарттарына ғана негізделген. Жаңа стандартқа көшу үшін қыруар қаржы, соңғы үлгідегі қондырғылар қажет. Оны қазіргі уақыт түлігі, алдағы үш жыл көлемінде жүзеге асыруымыз неғайбыл болғандықтан да еліміз бұрынғы стандарттарды қолдану мерзімін ұзартуды амалсыз сұрады.
Еліміздегі мұнай өндеу зауыттары биыл қайта жаңғыртуға бірнеше рет жабылды. Жаңа қондырғылар орнатты. Бірақ, бәрібір көздеген межеге жете алмай отыр. ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Экономика институтының бас ғылыми қызметкері Олег Егоровтың айтуынша, зауыттар 2018 жылға дейін өндірісті қайта жаңғыртуды толық аяқтағанның өзінде жоғары сапалы бензинге қол жеткізу оңай болмайтын сияқты. Білікті ғалым мұнай өндеу зауыттарына шикізаттың әртүрлі кен орындарынан жеткізілетіні де сапаға айтарлықтай әсерін тигізетінін айтып отыр. Мәселен, бір кен орнынан құрамында күкіртті көп мұнай жеткізілсе, екіншісінен парафиннің мөлшері жоғары шикізат түседі. Негізгі шикізаттың сипаттамасы әртүрлі болғандықтан, одан алынатын өнімнің де сапасы әртүрлі болмақ. Бір ғана Атырау зауытына Маңғышылақ, Ембі, Теңіз сияқты үш үлкен кен орнының физикалық-химиялық құрамы әртүрлі мұнай өндеуге жеткізіледі екен. Ал, Шымкенттегі зауытта Құмкөлдің күкіртті мұнайы, ресейлік шикізат өнделеді.
–Еруо-4, Еуро-5 экологиялық стандарттарына сай өнім алу үшін кәсіпорынды қайта жаңғыртудан өткізу аздық етеді. Өндіріске түсетін мұнайдың құрамы да біркелкі болуы керек. Құрамында бірде күкірті көп мұнай, бірде бензолы көп мұнай өндеуге тура келсе, одан өзіміз қалаған сапалы өнім ала алмаймыз. Алдымен мұнайдың сипаттамасын бір ретке келтруіміз керек, – деген пікір білдіреді Олег Егоров.
Бензол демекші, Атырау мұнай өндеу зауытына түсетін шикізатта дәл осы бензол мөлшері тым жоғары екен. Атыраудағы зауытта негізгі жаңғыртулар бензин құрамын экологиялық жағынан зиянды бензолдан тазарту бағытында жүргізу қолға алыныпты. Бұл зауыттың өнімі біршама жоғары 3-інші және 4-інші стандартқа сәйкес келуі үшін оның құрамын бензолдан тазартса жеткілікті көрінеді. Атырау зауытында сол себепті бензол алынатын қондырғы орнату жоспарланып отыр. Сонда жоғары октанды бензин өндіріліп, АИ-80 маркасын шығару тоқтатылады. Дегенмен, бұл болашақтың жоспары. Оның үш жыл көлемінде жүзеге асатынына ешкім кепілдік бере алмайды.
Көрші Ресей бұл жағынан алғанда бізден сәл ілгері келеді. Олар да Еуро-5 стандартына көше қойған жоқ. Оны енгізу мерзімін 2016 жылдың бірінші шілдесіне дейін шегерді. Елде осы мерзімге дейін Еуро-4 экологиялық стандартындағы бензин қолданылады. Байқап отырғандарыңыздай, Ресей еуростандарттар бойынша бізден бір саты жоғары. ТМД елдері ішінде Армения Еруо-3, Еуро-4 стандартты бензинді 2016 жылдың аяғына дейін қолдану жөнінде шешім қабылдаса, Қырғызстан 2017 жылы Еруо-4 пен Еруо-5-ке көшуді жос­парлап отыр.
Біздің елімізде үш жыл көлемінде зауыттар Еуро-4 пен Еуро-5 стандартына сай жаңғыртулардан өткенімен,тағы бір мәселені шеті қылтиғалы тұр. Өндіріс орындарының қуаты бұрынғыдан еселене түскенде өнім өндіруге қажетті шикізат жетпей қалуы мүмкін екен. Қазіргі уақытта ел ішіндегі зауыттарда жылына 14,5 млн тонна шикізат өнделеді . Зауыттар жаңа өндірістік қуатқа көшкенде өнделуге 18,5 млн тонна шикі мұнай түсуі қажет. Үш жылдан кейін елімізде мұнай өндіру көлемі осынша мөлшерге жетеді деуге тағы негіз жоқ. Өйткені, мамандардың айтуына қарағанда, елімізде мұнай өндіру көлемі жылдан жылға кеміп келеді. Мәселен 2013 жылы бізде 81,8 млн тонна мұнай өндірілсе, 2014 жылы 80,8 млн тонна, биыл 79,5 млн тонна өндірілген. Оның басым бөлігі міндетті түрде экспортқа жөнелтілуі тиіс. Әйтпесе, ел бюджетіне құйылатын қаржы азайып кетеді. Бұл тығырықтан шығатын бір-ақ жол бар. Ол Қашаған кен орнын игеруді қолға алу. Бұл жоба елімізде көп уақыттан бері созылып келе жатқаны көзі қарақты оқырманға белгілі. Егер Қашаған кен орнын игеру алдағы бір-екі жыл көлемінде қолға алынатын болса, еліміздің зауыттарына құрамы жаңа мұнай қажетті мөлшерде түсе бастайды. Құрамы жақсы мұнай біз көздеген межеге жеткізері кәміл. Ал, айтулы кен орнын игеру кейінге қала берсе, Еуро-4 пен Еуро-5-те біз қол жеткізе алмайтын елеске айналуы әбден мүмкін.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button