SportЖаңалықтарҚала тіршілігі

Балық аулау – ғанибет

ERM_6719

Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Астана қаласы әкімдігінің «ЖасНұр» мемлекеттік кәсіпорны балық аулаудан жарыс өткізді.

Вячеслав су қоймасында ұйымдастырылған жарысқа Астана қаласынан, Ақмола облысынан және Өзбекстаннан әуесқой балықшылар қатысты. Жылтырап жатқан мұз айдыны үстінде өткен сайыста командалық және жекелей біріншілікте жеңімпаздар анықталды.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінен кейін мұз бұрғыланып, ойықтан балық аулау басталды. Әп-сәтте-ақ алғашқы балық та қармаққа ілікті. Сол-ақ екен отыз ойықтан қатар-қатар балықтар көтеріле берді. Төрешілер әр балықтың салмағын өлшеп есепке түзіп жүр.
Күнімен өткен жарыстың қорытындысында командалық есепте бірінші орынды Бауыржан Тынбаев бастаған «Спорттық балық аулау федерациясы» иеленді. С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университетінің «Три поколения» командасы екінші, Ақмола облысының «Төңкеріс» стансаның балықшылары үшінші орыннан көрінді.
Ал жекелей біріншілікте Петр Плеханов топ жарды. Өзбекстаннан келген әуесқой балықшы 1,750 килограмм балық аулады. Владимир Капсарин мен Руман Тасболатов күміс және қола жүлдегер атанды.
– Қыс мезгілінде, мұз үстінде ойықтан балық аулау дегеніңіз бір ғанибет екен. Жарысты ұйымдастырушыларға көп-көп рахмет. Мерекенің мерейін көтерген әрі денсаулыққа пайдалы сайыс болды, – дейді жарысқа қатысушы Елтай Нұрғазин көңілі көтеріліп.
Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау салтанатында Астана қаласы Табиғи ресурс­тар және табиғат қорғауды реттеу басқармасының «ЖасНұр» МКҚК директоры Нұрғали Арипбаев дәстүрлі жарысқа қатысқан әуесқой балықшылар мен қонақтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, дипломдар, медальдар, кубоктар және бағалы сыйлықтар тапсырды.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button