Sport

Футболдың абыройын көтерген «Астана»

Жақында ғана мәресіне жеткен отандық футбол маусымы айшықты оқиғаларға толы болды. Осы орайда, алдымен «Астана» командасының жеңісті сәттері көз алдымызға  келері сөзсіз.

2014 жылы Қазақстан чемпионы атанған елордалық «Астана» осы жетістігін биыл қайталады. Ел чемпионаты бұл жолы да былтырғыдай өте тартысты өтті. Премьер-лига жеңімпазы соңғы турда ғана анықталды. Тағы да «Астана» мен «Қайрат» бәсекесін көрдік. Шешуші ойында «Астана» сапындағы конголық шабуылшымыз Кабананга еліміздің бес дүркін чемпионы «Ақтөбе» қақпасына «алтын доп» соқты. Демек, «Астана» жаңа маусымда, яғни 2016 жылы тағы да УЕФА аясындағы Чемпиондар лигасында Қазақстан намысын қорғайтын болады.
«Астана» бүгінде барша қазақстандықтардың сүйікті командасына айналып отыр десек те жарасатын шығар. Өйткені, «Астана» командасы әлемдегі ең мәртебелі клубтық жарыстың топтық турниріне өткен тұңғыш қазақстандық команда болды. Бұл жарыста елордалық ұжым іріктеу раунд­тарында Словенияның «Марибор», Финляндияның ХИК командаларын тізе бүктірді. Ал плей-офф бәсекесіне Еуропа турнирлерінде танылған кипрлік «АПОЭЛ» командасымен сынға түсті. «Астана Арена» стадионында өткен бірінші ойында елордалықтар 1: 0 есебімен жеңіске жетсе, ал Никосияда болған қарымта матчта 1:1 есебі тіргелген еді. Осылайша Чемпиондар лигасының топтық турниріне жолдама алған «Астана» кәрі құрлықтағы әйгілі «Атлетико» (Мадрид, Испания), «Бенфика» (Лиссабон, Португалия) және «Галатасарай» (Ыстамбұл, Түркия) командаларымен сынға түсті. Клубтың бұл жетістігін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та ыстық ықыласпен атап өтті. Топтық турнирде алты ойын өткізді. Төрт ойында тең түсті. Тек екі матчта ғана қарсыластарына жол берді. Сөйтіп, тұңғыш қатысқан турнирден төрт ұпай алды. Бұл біле білсек, үлкен жетістік.
УЕФА жарысында көрсеткен нәтижесіне қарай «Астана» пайдаға да кенелді. Екінші-үшінші іріктеу раундтарындағы жеңісі үшін 700 мың еуро, плей-офф бәсекесіндегі жеңісі үшін 2 миллион еуро, топтық турнирге түскені үшін 12 миллион, ал топтық турнирдегі әр тең ойыны үшін 500 мың еуродан сыйақы алды. УЕФА рейтингінде едәуір жоғарылады.
Иә, сонымен «Астана» командасы биылғы жылды тарихи жетістікпен аяқтады. «Астана» екінші мәрте қатарынан ел чемпионы атанды, УЕФА Чемпиондар лигасының топтық турнирінде ойнады, Қазақстан кубогының финалисі болды. Клуб президенті Саян Хамитжанов «Команданың биылғы жетістігі алдағы маусымдағы жауапкершілігімізді тіптен арттырды, біз енді бүкіл еліміздің жанкүйерлері үшін ойнайтын боламыз» деп мәлімдеп отыр. Олай болса, біз де Қазақстан футболының абыройын биік белеске көтерген «Астана» клубына жаңа маусымда жаңа табыстар тілейміз.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button