Сұхбат

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНЕ ҰҚЫПТЫ БОЛАЙЫҚ

Мұрат-Бақтиярұлы

– Тәуелсіздік деген – киелі сөз. Әлемде оған қолы жетпей жүрген қаншама ел бар. Біздің де оған қолымыз оңай жеткен жоқ. Сіз тәуелсіздікті қалай бағамдайсыз?
– Жалпы, өмірде қоғам, адам, мемлекет деген қастерлі ұғым бар. Мемлекеттің өзі қазақы па-йыммен қарасақ, миллиондаған адамдардың қоғамдасуы болып саналады. Мемлекетті құрайтын – адамдар. Сондықтан, кез келген ұлт үшін тәуелсіздік ұғымы бәрінен биік тұрады. Ол адамның жеке басына емес, мемлекетке айтылады. Қазақ қазақ болғалы сан түрлі тар жол, тайғақ кешуден өтті. Ұлы дала елі біздің эрамызға дейінгі сақтардың, Еуропаға ат шалдырған ғұндардың, бертін келе Түрік қағанатының, оның ішінде Батыс түрік қағанатының туы тігілген төрі болды. Одан соң әлемді тітіркендірген моңғол шапқыншылығынан кейін Алтын­орда, Көкорда, Ақорда деген ұлыстар құрылды. Олардан биыл 550 жылдығын атап өткен Қазақ хандығы бөлінді. Оны бүгінгі тілмен айтқанда, мемлекет деуге болады. Тарихқа тереңдеп үңілсек, біздің халқымыздың жолы өте ауыр. Біз – көп жағдайда ұтып келе жатқан емес, ұтылып келе жатқан ұлтпыз. Сонау XVII ғасырдан бастап Ресей империясы қазақ жерін отарлай бастады. Және оны мысықтабандап жымысқы саясатпен жүргізді. Түптеп келгенде, ХVІІІ-XIХ ғасырда халқымыз толығымен осы империяның құрамындағы отарланған елге айналды.
– Ол кезде тәуелсіздік туралы сөз айтудың өзі ауыр еді…
– Әрине, ХХ ғасырдың басында билік басына большевиктер келгеннен Қазақ елі құжат жүзінде дербес атанды. Құжат жүзінде территориясы сызылды. Бірақ, ақиқатында егемен Қазақ мемлекеті болған жоқ. Өйткені, біз Кеңес одағы деп аталатын он бес одақтас республиканың бірі ғана болдық. Сондықтан, шын мәнінде 1991 жылғы 16 желтоқсанда өз тәуелсіздігімізді жарияладық. Тәуелсіздік алғаннан кейін оны басқа мемлекеттер мойындау керек. Бізді алғаш Түркия елінен бастап, басқа мемлекеттер толығымен мойындады. Алайда, саяси тәуелсіздігімізді 1991 жылы алғанмен, экономикалық тәуелсіздікті бірден алған жоқпыз. Өйткені, жетпіс жылдан бері сіресіп қалған біртұтас экономикалық сеңді бұзып, дербес экономика құру ол кезде мүмкін емес еді. 1993 жылы төл теңгеміз шыққаннан кейін де экономикалық дербестікке ие болу бірден біздің мемлекетке қауіп болды. Сол тоқсаныншы жылдардан бері Тәуелсіз мемлекеттер достастығы, Экономикалық бірыңғай одақ құру жайындағы әңгімелер бекер айтылмаған. Біздің экономикамыз жетпіс жылдан бері шикізатқа негізделген. Оны терең өңдеу өнеркәсібі қалыптаспаған. Біз өзге елдерге шикізатты беруші мемлекет болдық. Сондықтан біздің алдымызда үлкен асулар тұрды. Барлығын өзіміз жасау міндеттелді. Сол тарапта қыруар жұмыс атқарылуда. Әрине, экономикалық қиындық бар шығар, мыңдаған отбасылардың мүмкіндіктері де жоқ шығар, дегенмен, біздің азат еліміз бар. Оның аты – Қазақстан. Ұлан-байтақ жеріміз бар. Оның аты – қазақ жері деп аталады. Біздің әлем мойындаған шекарамыз бар. Біріккен ұлттар ұйымының толыққанды мүшесіміз. Соның барлығы Тәуелсіздіктің арқасы деп санаймын.
– Сіз жаңа жиырмасыншы ғасырдың бас кезіндегі жағдайға қысқаша тоқталдыңыз. Бірақ, сол уақытта Алаш туын биік көтерген аталарымыз азаттық туралы идеясын берік ұстады ғой!
– Кейде тарихтың өзі қызық. Сол жиырмасыншы ғасырдың басында қазақтың саяси сахнасына ұлтымыздың ірі тұлғалары көтерілді. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабаев секілді зиялылар шықты. Біз оларды қысқа қайырыммен Алаш арыстары деп атаймыз. Бұлардың бәрі Ресейде білім алған, көкірегі ояу, көшелі азаматтар еді. Олардың барлығы сол елдің ішкі құрылысын, саяси құрылымын көрді. Олармен біздің елді салыстырды. Расы керек, сол шақтағы қазақтың жағдайы төмен еді. Әсіресе, экономикамыз әлсіз болды.
Сондықтан, осы мақсатта Алаш арыстары өздерінің тұжырымдамаларын жасады. Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсынов Қазақ елінің тәуелсіздігін автономия құру арқылы көргісі келді. Ал Мұстафа Шоқай қазақтың дербестігін түркі тілдес халықтармен бірге Түркістан республикасын құрып, Ресейден бөлек болғысы келді. Дәлірегінде, мұның екеуі де дұрыс еді. Бірақ, сол кездегі біздің халқымыздың білім деңгейі, саяси санасы, дайындығы оған сәйкес келмеді. Кеңес үкіметі ол идеяны басып-жаншып тастады. Аталарымызды қуғын-сүргінге ұшыратты. Бұл біздің мемлекетіміздің тәуелсіздік жолындағы тарихында үлкен бір белес болып мәңгі қалады.
– Тарихшылар елімізде азаттық үшін ірілі-ұсақты 300-ден астам көтеріліс болғанын айтады…
– Иә, Ресейдің басқыншылық бұғауына бағынбаймыз деп бабаларымыз талай рет атқа мінді. Алдағы жылы жүз жыл толатын 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілістің өзі ұлттың оянуы деп есептеймін. Әріге бармай-ақ, 1986 жылғы желтоқсанда көзі ашық, оқыған жастардың мәскеудің империялық пиғылына ашық қарсы шығуы, оған зиялы қауымның қолдап үн қатуы – асқан ерлік. Мен осы желтоқсан оқиғасын ұлт-азаттық көтеріліс деп бағалаймын. Содан кейін, сексенінші жылдардың соңына таман жариялық желі оңынан соққан шақта елімізде көптеген қозғалыстар құрылды. Оның барлығы халқымыздың ұлт ретінде бір идеяға топтасуына әсерін тигізді.
– Біз кейде тәуелсіздіктің қадірін шынайы сезіне алмай жүрген секілдіміз. Ол үшін не істеу керек?
– Көптеген мемлекеттер азаттыққа қол жеткізу үшін бірнеше ғасырды бастан өткізген. Сол жолда мыңдаған адамның қаны төгілген. Сондықтан, тәуелсіздік ұғымын жас ұрпақтың бойына сіңіру үшін қарапайым ғана балабақшадан бастап, мемлекеттік ұйымға дейінгі аралықта жүйелі жұмыс жүргізілу керек. Өкінішке қарай, көп жағдайда осы мәселе назардан тыс қалады. Мәселен, Түркияда әскерге баласын бүкіл әулетімен салтанатты жағдайда шығарып салады. Олар Отанды қорғау деген ұлы ұғымды осылай бағалайды. Біздің мектептерде тәуелсіздік ұғымын сіңіретін тарих, әдебиет, география секілді пәндердің оқыту тәсілдерінде кемшілік бар деп ойлаймын. Бізде немқұрайлылық басым. Баланы саналы жолға салып, тәрбиелеуде әке-шешенің рөлі өте зор. Сондықтан, кез келген ата-ана баласының тәрбиесіне жауапты болу керек. Осы жауаптылық көп жағдайда жетіспейді. Оның барлығын өмірдің қиындығына жапсыра беруге болмайды. Бұдан да ауыр күндер болған. Айталық, Ресей телеарнасында ата-ана туралы, бала тәрбиесі көп қозғалады. Бізде ол тақырып сирек айтылады. Еуропа елдері бала тәрбиесіне ерекше мән береді. Отбасының құндылығы мемлекет үшін қашанда басты дүние саналады.
– Елдің алдында жүрген азаматсыз. Келешекте Қазақстанды қалай елестете аласыз?
– Мен өзіме бірнеше мемлекетті үлгі тұтамын. Соның ішінде Жапонияны ерекше қадірлеймін. Жапондармен қазақтардың ұқсастығы көп. Олар да біздің халқымыздай үлкенді сыйлау, әке-шешені құрметтеу секілді ғажайып дәстүрді берік ұстайды. Жапондар жиырма бірінші ғасырда өздерінің ұлттық құндылықтарын көздің қарашығындай сақтады. Керісінше, біз жоғалтып бара жатырмыз. Өкінішті. Біріншіден, ұлтымыздың саны көбейсе деймін. Кемінде 25-30 миллион болу керек. Біздің ұлан-ғайыр жеріміз жүз миллионға дейінгі халықты асырайды. Ол үшін шетелдегі жүрген ағайындарды көшіріп әкелудің тәсілдерін нығайту қажет. Екіншіден, Ресейде «ана капиталы» деген үлкен бағдарлама бар. Бізге де осындай тың жобалар керек. Үшіншіден, отау құрмаған жастар көп. Бұл – үлкен мәселе. Сондықтан, жастардың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін баспана салудың тетігін қарау қажет. Әрине, айта берсе арман көп. Халқымызды келешекте өз болмысын сақтаған, ізетті, ана тілін үздік меңгерген, барлық шаралары қазақ тілінде жүргізілетін, одан қала берді барлық елмен тең дәрежеде қарым-қатынас жасайтын ұлт ретінде көргім келеді. Меніңше, солай болады да! Алладан тәуелсіздігіміз мәңгілік баянды болсын деп тілеймін!

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button