Басты ақпаратЖаңалықтар

МҰҒАЛІМ МЕРЕЙІ ӨСКЕН КҮН

Бейбітшілік және келісім сарайында Ұстаздар күніне арналған салтанатты шара өтті. Оған елорда әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысып, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев атынан алты мұғалімге пәтер кілтін табыс етті. Әсіресе, осы бір атаулы күнді ұстаздар қауымы асыға күтеді. Өйткені онда қоғамның ауыр жүгін арқалап жүрген ардақты мамандық иелерінің еңбектері сараланып, марапатқа қол жеткізеді. Құшақтары гүлге толып, шаттыққа бөленеді.

kbb_7538

Салтанатты шараның шымыл­дығын Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев ашып, ұлағатты ұстаздық туралы тағылымды сөз сөйледі.

– Бүгін – ерекше күн деп ай­туға болады. Өйткені алдымызда – Мұғалімдер күні. Мұғалім болу әркімнің қолынан келе бермейді. Бұл мамандықтың қуанышы мен қиындығы қатар жүреді. Сіздер осы кәсіпке барлық өмірлеріңізді арнап, келешек ұрпақты тәрбиелеп, оқытып келесіздер. Жыл сайын астаналық оқушылар жоғары жетістіктерге қол жеткізуде. Осы үшін барлықтарыңызға алғысымды білдіремін, – деді Ермек Әмірханұлы.

Мағыналы жиында бірнеше аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. Биылғы «Жыл мұғалімі-2016» қалалық бай­қауының бас жүлдесін елордалық ұстаздар арасынан өзінің білігі мен білімінің арқасында топ жарған дарынды балаларға арналған №9 «Зерде» мектебінің биология пәні мұғалімі Ләзім Қасымова жеңіп алды. Ал мектепке даярлық білім беру ұйымдары арасынан №26 «Үміт» балабақшасы үздік атанды. Мектептер арасынан Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің туы желбіреді. «Қосымша білім беретін үздік ұйым» аталымында М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының бағы жанды. Аста­надағы Көлік және коммуникация колледжі «Техникалық және кәсіптік білім берудің» номинациясын иеленді. Арнайы мамандандырылған ұйымдардың ішінде №3 Психологиялық-медициналық педагогикалық консультация ұжымы озық келсе, қаладағы №17 мектеп-гимназиясы «инновациялық мектеп» көшбасшысы болды.

kbb_7466

Әрине, марапаттан мұғалімдер де тыс қалған жоқ. Астанадағы №66 мектеп-лицейінің бастау­ыш сынып мұғалімі Майя Жұбанышқалиева мен орыс тілі және әдебиетінің ұстазы Қанипа Сәбитоваға «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі берілді. Сондай-ақ, тағы бір топ мұғалімге ҚР Білім және ғылым министрлігінің алғыс хаты мен ұлы ағартушы «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі табысталды.
Шара соңы отандық өнер шеберлерінің думанды кон­цертіне ұласты.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button