Басты ақпаратРуханият

Намыс және кейіпкер

(жазушы стихиясы)

Бірде Астана көшесінде ілінген жарнамалық фотоға көзім түсіп, тұла бойым шымырлап қоя берді. «Әке, алимент төле!». Көйлегінің жағасын тістелеп, намыстан жарылардай күй кешкен сәбидің жан дүниесіндегі арнасыз алапат! «Әке» деген құдіретті ұғымның соншалықты азып-тозуы.., сәби жүрегіндегі асыл сезімнің соншалықты аяқасты тапталуы, ұрпақ рухының қазасы… Суреттің ар жағынан бір романға жүк болатындай сұмдық қасірет сығалап тұрғандай денем түршігіп кетті.

Осынау ебіл-себіл сәтте жазушы Қажығали Мұқанбетқалиұлының «Муратигі» санамда найзағай отындай жалт етті. «Моп-момақан баланың түрі кенет әлемтапырық боп кетті. Бүйрек беті бұлтиып, көзіне түскен қап-қара кекіліне дейін харамдық пен қараулыққа қарсы айбат шеккендей, тікірейіп шыға келді». Сұмдық сурет. Жүректі шоқтай қарыған осындай әлеуметтік қасіреттерді, ең алдымен, қаламгерлер жан дүниесі күйзеліп қабылдайтыны белгілі. Әлемдік әдебиеттің ірі өкілдерінің бірі Э.Хемингуэйдің орысша аудармасында бар болғаны төрт-ақ сөзден тұратын «Продаются детские ботиночки. Неношеные» (төл нұсқада – «For sale: baby shoes, never worn») деп аталатын ең қысқа әңгімесіндегі трагедия әлем әдебиетін елең еткізгені белгілі. Э.Хемингуэй әңгімесіндегі сәбиіне арнап алған су жаңа бәтеңкені сату астарындағы ана қасіреті мен Қ.Мұқанбетқалиұлы әңгімесіндегі харамдық пен қараулыққа қарсы шегілген сәби кекілінің айбатын жүрек таразысынан өткізіп көріңізші. Екі қаламгер де осындай сұмдық суретті қағазға түсіру үшін қандай алапат күй кешті десеңізші! Ол үшін екі жазушының екеуі де сәби мен ана қайғысын тап солардың өздеріндей қабылдап, оны қаламгерлік шеберлікпен, азаматтық үнмен көркем бе­зендіруі тиіс-ті. Бұдан намыс дегеніміз не өзі, ызалану, кектену ме, намыстану не үшін қажет және одан адам қандай рахат алады деген мәңгілік сұрақтар туындайды.

Мағыналы намыс Қажекеңнің бүкіл шығармасының арқауы және адамның сәбилік, жігіттік, қайраткерлік кезеңдерінде әртүрлі кезеңдік толысуларымен зерделене, зерлене бейнеленеді. Мысалы, «Муратик», «Жігіттің көз жасы», «Тар кезең». Кейіпкерінің намыстануы әуелі тұтанып, ұшқындап, шоқтанып, уақыт, жағдай аясында бірте-бірте сомдана, адамды ғана емес, қоғамның өзін кесел-кесапаттан тазартуға ұмтылған рухани күшке ұласады

Өмір қандай күрделі болса, оны түсіну де сондай күрделі. Әкесінен айырылып, сағынышы іште шер болып қатқан бала анасын бөтен біреудің жағалауын қалай қабылдайды? Жауап іздемейсің, өз жүрегіңе жұбаныш іздейсің. Орта, жағдай, объект, яғни баланың өзі, бәрі ескеріледі. Мысалы, талантты жазушы Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасын» кім білмейді. Қожа бөтен еркектен анасын қызғанып, «Мотоциклисті қасыңызға жолатпаңызшы» деп өтінеді. Ішкі дүниесі ақ қағаздай аппақ, таза, ақкөңіл Қожаның намыстануын да қарапайым, шынайы, сүйсіну сезімімен қабылдайсыз, іштей нәзік күлімсірейсіз. Өйткені ана да, мотоциклист те өмірде жан жолдасынан айырылған шерменде, бірақ ардан аттамаған жандар. Ал Қажығалидың Муратигі мүлдем басқа. Мұндағы Әбіш абыз, Әбіш Кекілбай айтқандай, «сыпайылықтың тасасына тығылған «итжырындылық» соққысының әлі өмір бақытын сезіп үлгермеген алты жасар сәбидің басында ойнауы неткен әділетсіздік?! Жалпы, Қ.Мұқанбетқалиұлы – адам сезіміндегі ең нәзік те ең өжет иірімдерді өз жүрегімен қабылдап, жан дүниесін соның құрсауынан шығармай жазатын жазушы. «Мұратигіндегі» алты жасар бейкүнә сәбидің үлкендердің өзі қабырғасы қайысып көтеретін харамдық пен қараулықты, өкінішке қарай, күнделікті өмірде жиі кездестіреміз. Сондықтан жаратылысы бөлек жазушының жан айқайын суреткерлік шеберлік деп қана түсіну жеткіліксіз. Сондықтан Қажығалидың өзімен бірге «Бейкүнә бүлдіршіннің үлкен өмірге өз бетінше бірінші болып басқан қадамы екен. Тағдыр да мұнша қатыгез болар ма? Рақым етсе нетті сәбиге! Сынар болса, алдында әлі ұзақ жол жатқан жоқ па еді?! Аямағаны-ау… Аямағаны ғой» деп күйзеле сыбырлаймыз.

Жазушы жаңағы қасіретке қаламының қуатынан басқа қандай күш жұмсай алады. Дүние болмысын айқындап, әділет жолына салатын әділ соттан да қаһары қайтпаған, осынау жойқын күш алдында шынында шарасызбыз ба?! Статистика бұлтартпайды. Әрине, сезінген адамға?! Өкінішке қарай, рухани болмысымызға қара таңбадай басылып бара жатқан осынау статистикалық ақиқатты ғаламдық өзгеріс заңдылығындай бейжай қабылдайтын топ-тобырды қайда қоя­мыз. Олар да біздің қоғамның мүшелері. Сол топ-тобырдың жасанды интеллект болашағына біржақты қарап, уақыт шаңына көмілу қаупіндегі ұлттық құндылықтарымызды іздеген өміршең қозғалысты – «Рухани жаңғыруды» кейбір «зиялысымақтардың» «Рухани қаңғыру» деп келемеждей бастағанын естігенде, жұдырығың қара тастай қатып қалады екен, бірақ жұмсай алмайсың. Бұл да пенделік тағдыр ақиқаты. Амал жоқ, қайраткер қаламгер әңгімесін «Бірақ бұған құлақ асқан кім бар дейсіз! Тағдыры аямағанды адам аяп келістіре ме?! Менікі, әншейін, ­далбаса-дағы, …тәйірі» деп аяқтапты. Жазушының намыс­ты қайраған қайраты қайда қалды? Шынымен, түңілгені ме?! Жоқ, «Бірақ бұған құлақ асқан кім бар дейсіз! Тағдыры аямағанды адам аяп келістіре ме?! Менікі, әншейін, ­далбаса-дағы, …тәйірі» деген тіркестің астарында сот шешімінен де өткір және қуатты үкімнің іштей ышқынған үнін естімеу мүмкін емес. Жүрегімен сезіп, қанымен арпалысып, амалсыз қаламға жүгінген Қажығалидың қаламгерлік шеберлігіне бас ию парыз. Қайраткерлік кейіпкерінің күре тамырындағы солқ-солқ еткен ерекше қуатын намыс демей көр.

Бірде Қажығалидың үйіне барғанымда жан жары Сұлупанның күйіп-пісіп, Қажекеңе әлденені қызына дәлелдеп жатқаны үстінен түстім. Қажекеңнің қара торы жүзі аздап күреңітіп кетіпті. «Қажеке-ау, қайтесің текке жаманатты болып, сынағанды кім жақсы көреді дейсің. Әділін айтып кімді түзейсің. Одан да өзіңнің денсаулығыңды ойласайшы». Бұл – Сұлупанның жанашыр сөзі. Өмірдің кедір-бұдырына бейжай қарай алмайтын, оның үстіне тақырыбын, ең алдымен, кейіпкерінің тағдырын түсінуге өз жанының бүкіл бұлқынысын еш бұрмалаусыз жұмсайтын қаламгер азаматтың жан жарына тән адалдық, шексіз сүйіспеншілікпен алаңдаған бәйбішенің жаңағы сөзі Қажығалидың жазушылық зертханасына ендіріп жібергендей. «Жігіттің көз жасы» тап осындай сәттерде туды ма екен?!

«Әй, балам-ай, бүгінде бі­реудің еркелігін біреу көтере ме… Бетің бар, жүзің бар демей, жұрттың бірдеңесін көрінген жерде көзінше қойып қаласың. Одан сені жақсы деп жатқан жан баласы болса екен. Ақ, әділдігіңді ашынып, айқайлап айтсаң да, ақымақ көреді жұрт… Жек көріп тұрсаң да жақауратып, былай… бипаздап сөйлеу бойыңа сіңбей қойды-ау…

Бекжан сыртқа ыта жөнелді. Бағанадан тығылып отырған, көзінен жас ыршып кетті. «Қап! Қор қылды-ау! Қорлады-ау, – деді өксіп-өксіп…». «Апырай-ай, айуан шығармын. Жас шықпады-ау көзімнен. Құйттайымнан бірге өскен Кәріпжан кеткенде» деп арланатын, Бекжан әкеден ауыр сөз естігеніне қорланбайды, адам бойындағы енжар, мағынасыз былжыр мінезге рухани қарсы әрекеттің әрекетсіздігіне қорланады. «Қап! Қор қылды-ау! Қорлады-ау…» деген сөздердегі намыс найзағайы әділетке ғашық азаматтың қаламгерлік табиғатын аша түскендей. Жаңағы қаламгер жан жарының алаң көңіл күйі мен ұлының адам бойындағы кеселді мінезге жаны шыдамай шалт басқан қылығы үшін күйзелген әкенің алаң көңіл күйі адам бойындағы кеселді мінезге төзбейтін жазушының адами таза қасиеттерге үндейтін мандаттық міндетін адал атқаруға сеп болғандай. Адам бойындағы осындай таза қасиеттерге көбірек үңілетін оқырманның жазушыны іздеу, оны рухани серігіңе айналдыру себебі де осында-ау деп ойлаймын.

Мағыналы намыс Қажекеңнің бүкіл шығармасының арқауы және адамның сәбилік, жігіттік, қайраткерлік кезеңдерінде әртүрлі кезеңдік толысуларымен зерделене, зерлене бейнеленеді. Мысалы, «Муратик», «Жігіттің көз жасы», «Тар кезең». Кейіпкерінің намыстануы әуелі тұтанып, ұшқындап, шоқтанып, уақыт, жағдай аясында бірте-бірте сомдана, адамды ғана емес, қоғамның өзін кесел-кесапаттан тазартуға ұмтылған рухани күшке ұласады. Мысалы, «Тар кезеңі» – мағыналы намыстың шыңдағы жарқылы. Қ.Мұқанбетқалиұлының 1992 жылғы 22 ақпанда «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Сырым батыр» атты мақаласында: «Адамзат баласының тарихында әлем халықтарының қажетіне жарарлық әлдебір жаңалық бола қалса, оны тек Батыс­тан, Еуропадан, өркениетті елдерден шыққан идея етіп көрсетуге тырысатын жаман әдет бар бізде. Неге? Егер хандықты кішкентай монархиялық құрылыс деп есептесек, Сырым сол монархиялық (хандық) билікті де, монархты (ханды) да құлатып, елді халықтың қайнаған қалың ортасынан шыққан өз өкілдері – халық өкілдері басқарсын! – десе, бұл сол тұстағы Еуропаның да есін тандырарлық жаңа идея еді. Және бұл Париждегі қалалық өзін-өзі басқару органы «Париж коммунасын» дүниеге әкелген 1789-1794 жылдардағы Ұлы француз революциясынан да төрт жыл бұрын қазақ даласында дүниеге келген ел басқару әдісі екенін ескерсек, өзі бастаған көтеріліс нәтижесінде Сырым адам баласының қоғамдық өміріне қандай үлкен жаңалық әкелгенін тереңірек ұғар едік» деуі, міне, осы мағыналық намыс толғағы қысқан сәт болатын. Нәтижесінде қаламгер әлем әдебиетінің сүбелі еңбектерінің қатарына қосылуға үмітті кесек туындысын ұсынды.

Сексеннің сеңгіріне шық­қанға дейін қайраткер қаламгер бұл биіктіктен төмендеген жоқ. «Тар кезеңмен» ұзақ жылдар арпалысқан жазушы соңғы жылдарда оқырманын сағындырып барып, әңгіме жанрына қайта оралды. Сиясы әлі кеппеген сол туындылардан да намыстының қанын қайнататын қуатты сезінесіз. «Қарадөң қалай елден қашты…» деген әңгіме тақырыбының өзі оқырманды елең еткізеді. Қазіргі заманда елден қашу дегеніміз не сұмдық?! Оның үстіне «Өмірінде талай мақтау алған; …Бертін келгенде, бейтаныстар: «Бұ кісі кім еді?», жұрт: «Ойбай, бұл осы «Ленин» совхозының атақты жылқышысы ғой! …«Ленин» орденді Қарадөң Қисықбасов дейтін мықтың – осы!» десетін болған» деп қаламгер байыптап сипаттаған, елдің ыстық ықыласына бөленген адамның елден қашуы тосын жаңалық емес пе?! Жоқ, жаңалық емес екен. «Талай жыл шалқыған», «Кешегі күндері кеңшарлар да, ұжымшарлар да бір-ақ күнде желге ұшқанда, осындай «атақты», осы «озат» – аяқ астынан ешкімге де қажеті жоқ әлдебіреу боп, айдалада қала барған Қарадөң тағдыр салған «заңдылықпен» құрдымға кетті делінетін барымташы болып шыға келді. Адал еңбек ете жүріп, мал жинамаған жылқышы баласын оқуға түсіру қажет болған кезде, қаражат таба алмай қиналды да қалды. Совхоз директоры Еңсегенге жасаған жақсылығы аз емес-ті, үкімет малы ішіндегі екі үйір жылқы Еңсегендікі болатын. Қиналғанда ақысыз еңбегі есіне түсті. «Ойбай, Қареке-ау, осы заманда кісіде артық дәулет болушы ма еді… Қаладан, облыс орталығынан бала-шағаға арнап бір баспана тұрғызып қояйын деп талап қылғаныма біраз болып еді. Бар мал-мүлік, жиған-терген құмға сіңгендей болып соған кетіп.., енді қалған жұмысына қаражатты қайдан табарымды өзім де білмей, сасып отырған жайым бар, деп Құдайдың зарын қылған Еңсегенннің» қып-қызыл өтірігі ашылғанда, яғни «кеңшардың қора-қора қойы, табын-табын сиыры, үйір-үйір жылқысы әуелі «бартар-мәртер» деген бәлеге ұшырап, қырық-елуден тіркемелі «КАМАЗ» тиеліп, түу жер түбіндегі Ресей қалаларына, – «машина-тракторлардың қосалқы бөлшектеріне-мыс» жоқ болып кетіп жатқанда, содан қалғанының жиырма пайызы директорларға тиесілі болып, одан ауысқаны ғана халықтың аузына жырымдалғанда, әлгі Еңсегеннің директор ретіндегі үлесінен де бөлек, баяғы екі үйір жылқысы (бір құлыны шығындалмастан) әлі күнге Түгіскеннің шүйгінін еркін еміп, ен жайлап жатқанда» «иттің зарлап отырғаны – жаңағы!». Қарадөң мұның бәрін біліп келіп отыр емес пе. «Ит-ай! – деді жыны келіп. – Ең болмаса, «Бере алмаймын! Өзім мынадай бір шаруаларыма жұмсағалы отырмын!» деп ашық айтса түсінер ем ғой. Мені балаша алдағысы келгені несі-ай, а?!».

Жаман назаланғаны сонша, әншейінде де діні қатты адам еді:

– Жә, жарайд! – деп ар жағын айтқызбастан, қолды бір сілтеп, үйден шықты да кетті». Ар жағы белгілі. Даланың да, жылқының да сырын жақсы білетін «шомбал қара» еркін билеген ашуға басты. Еңсегеннің жылқысы қолды бола бастады. Тіпті, Құдайдан кешірім сұрап, «енді тыйылдым» деп өзіне-өзі талай рет серт берсе де, серт орындалмады. Қарадөңнің үстінен іс қозғалды. Қарадөң әділет жолымен сотталуы керек еді. Сотталмады. Заңды қорғаушылар арасында да заңды қорлаушылар бар болып шықты. Тергеуші мен соттаушы органның кәнігі қылмысты тәжірибесі Қарадөңді ақтап шықты. Қалай? «Осы сұрақ мені қатты қинады. Ақыры сот тәжірибесіндегі «алибиге» жүгіндім, соны тереңірек зерделей бастадым, – деген Қажекең әңгіменің жазылуы жайлы сыр ақтарып отырып. – Егер Қарадөң сотталып кетсе, ол ешкімді таңғалдырмас еді ғой!». Иә, жазушының көздеген мақсаты басқа болатын.

Иә, «алибиді» қарабасына шебер пайдаланған «әділет орнатушылар» Қарадөңді мал ұрлауға өздері жұмсап, оны білдіртпеудің жолын өздері ұсынды. «Қылмыс жасалынды» деп есептелетін мезгілде, айыпталушының немесе күдіктінің сол мезгілде қылмыс болған жерден мүлде басқа бір жерде болғанын нақты көрсететін фактіні «алиби» деп атайды». Айдауылдың Қарадөңді тек түнгі уақыттарда жымын білдірмей алып шығып, қайта алып келуін шебер ұйымдастырған прокурордың айласы, судьяның да қолдауымен, өйткені олар ұрланған малдың иелері, жапа шеккендердің бұлтартпайтын дәлелдерін түкке тұрғысыз қылып тастады. «Өздеріңіз ойлап көріңіздерші! Әлгілердің осыдан үш-төрт күн бұрын әлдекім қуып кеткен жылқысын – уақытша оқшаулау бөлмесінде бір аптадан аса уақыттан бері қамауда жатқан күдікті азамат Қисықбасов қалай ұрлайды? Ол – прокуратураның санкциясы бойынша қараңғы үйде жатқан адам емес пе?! Бұл жайында күдіктінің өзі ғана емес, тергеу қызметкері – мемлекеттік айыптаушы да растап отырғанын өздеріңіз естідіңіздер. Біздің ешқайсымыз да заңның үтір-нүктесіне қайшы әрекет жасауға қақымыз жоқ! Яғни айтқанда, күдікті деп отырған адамымыздың «алибиіне» – айғақты фактісіне қарсы айтар уәжіміз жоқ». Бітті.

Оқиғаны осылай құруға жазушыны не итермеледі? «Суыққа үсіген, аптапқа қақталған, бірақ ешқашан қыңқ етпеген» қарапайым еңбек адамының қылмысты іске бой алдыруына себепші болған тағдырлы жайттар, қоғамдағы шырмауықтай шырмалған кеселді әрекеттер жазушыны қатты толқытса керек. Бүгінгі заман ұрысының трагедиясынан сақтандыру үшін пенделік әлсіздіктің, лауазымдық тоғышарлықтың, зымысқы мінездің ішкі қатпарларын терең ашуға тырысқан. Сырым заманының табиғатын танытуға қалай жанкешті еңбек етсе, сол еңбегі арқылы қазақ халқын тұтас бір кезеңдегі күрескерлік суретін қалай кең ауқымда айқын, айшықтай көз алдымызға әкелсе, шағын әңгімесі арқылы көз алдындағы аяр, жемқор, аяқшалды мінездердің сарытап көріністерін зерделі, танымпаз қаламгерлік шеберлігімен солай жаны күйзеле шенейді. Қарадөңге жаны аши ма, жоқ па, белгісіз. Бірақ кейіпкерінің намыс азабын тартқаны елден біреулердің әділетсіз әрекеттеріне тағы да ұрынып қалам ба деп қорыққанынан емес, жаңағы намыс азабынан құтылу үшін қашқаны сөзсіз. Қаламгер ол ойын: «Иә, Қарадөң де Құдайдың көп пендесінің бірі ғой. Неғылса да байғұстың мұндай шешімге келгені – себепсізден-себепсіз болмаған шығар… Қайда жүрсе де, Алла оған да амандық берсін! – делік» деп ыммен бағдарлай білдіреді.

Сырым БАҚТЫГЕРЕЙҰЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button