Басты ақпаратЕлорда тынысы

Астана – туристерге тартымды қала

Елорда туристер үшін тартымды қаланың біріне айналып отыр. Күн өткен сайын сәулеті мен дәулеті өркендеген елордамызда сан алуан халықаралық форумдар мен байрақты жарыстар өтіп тұрады. Бүгінгі таңда бас қаламыздың шетелдік және отандық туристерге тартымдылығын арттыру үшін қажетті жағдай жасау Астана қаласы әкімдігі жұмысының басымды бағыттарының бірі саналады.

Жақында астаналық туризмнің сапасын арттыруға арналған бір іс-шараның қорытындысы шығарылды. Өнімдер мен қызмет көрсету сапасымен ерекшеленген елордалық туристік компаниялар «Visit Astana» серіктестік бағдарламасының алғашқы қатысушылары атанып, отандық туризмнің әлеуетін арттыруға атсалысқаны үшін салтанатты түрде марапатталды.

Іс-шара «Visit Astana» бағдарламасы аясында алғаш рет өткізілді. Бұл бағдарлама қалалық туристік компаниялар көрсететін қызметтің сапасын арттыру және деңгейін жетілдіруге бағытталады. Оның қатысушылары ретінде қаладағы қонақ үйлер, қоғамдық тамақтану орындары мен туристік операторлар тіркелді.

Жиынды «Атамекен» ҰКП филиалы, «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы» және «Қазақ туризм» ұлттық компаниясы бірлесіп ұйымдастырып, қатысушыларды сертификациядан өткізді.

«Astana Invest» қалалық инвес­тицияларды дамыту орталығы басқарма төрағасының орынбасары Жалғас Молжігіт бұл бастама әлемдік тәжірибе негізінде қолға алынғанын айтты.

Мекемелердің қызмет деңгейін бағалау нәтижелері бойынша туристік саладағы 30 кәсіпорынның ішінде «Visit Astana» Comfort Excellent санатында «Rixos President Astana», «Sheraton Astana», «Radisson», «The Ritz-Carlton Astana», «The St. Regis Astana», «Astana Marriott», «Hilton Astana» қонақ үйлері марапатталды. Ал «Visit Astana» Taste Excellent санатына «Monocle», «DAMI» кафесі мен «Eleven Gastrodom» мейрамханасы лайық деп танылды.

Сондай-ақ «Visit Astana» Comfort Plus белгісін «Ramada by Wyndham Astana», «Radisson», «Alanda», «Wyndham Garden Astana», «Goldman Empire», «Comfort Hotel Astana» қонақ үйі мен «Балқарағай» демалыс орны алды. «Visit Astana» Taste Plus санатында екі үздік деп «Legends Pub» пен «Мята Edition» бары танылды.

«Aykun Hotel», «Ibis Astana», «Grace Point Hotel», «Hilton Astana Triumphal Arch», «Дипломат» қонақ үйі «Visit Astana» Comfort санатында топ жарды. «Visit Astana» Taste белгісі «Mumtaz» мейрамханасы, «Nurorda Food» асханалар желісі, CULTÜRA Bar & Kitchen кафесіне берілді.

Ал «Empire Travel Qazaqstan» ЖШС – «Visit Astana» Support санатындағы жалғыз туристік оператор.

«Rixos President Astana» қонақ үйінің сату бөлімінің басшысы Виола Ли әрбір қонақ үй үшін өз атына сай болатын белгілі бір сапа стандарттары бар екенін атап өтті.

– Біз «Visit Astana» жобасының идеясын бірден қолдадық. Бұл – кез келген қала үшін, әсіресе Астана үшін жаңашыл бастама. Біздің қонақ үй іріктеуден өтіп, лайықты марапатқа ие болды. Сертификат келушілердің бес жұлдызды қонақ үйден күтетін қызметтерді алуын қамтамасыз етеді. Әрине, осы арқылы көптеген қонақ пен туристі тартуға мүмкіндік болады, – деді ол.

«Visit Astana» бағдарламасының тағы бір артықшылығы – сертификациядан өткен компаниялар республикалық деңгейде үздік деп танылып қана қоймай, шетелдік туристердің арасында жарнамаланып, ұйымдастырушылар тарапынан қолдау табады.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button