Басты ақпаратШаһар шаруашылығы

Алаптардың ахуалы қалай?

Астананың шет аймағындағы 16 тұрғын алаптың үшеуі – «Интернациональный», «Мичурин» және «Күйгенжар» Қарағанды-Астана тас жолының оңтүстігін ала қатарынан жатыр. Әрқайсысының тарихы бөлек, кезінде қаладан тыс жатқан совхоздар еді. 2001 жылы үшеуі де Астана қаласының аумағына қосылды. Әкімдік тарапынан шет аймақтарды дамытуға баса көңіл бөлініп, елді мекендердің қордаланған проблемалары біртіндеп шешімін тауып келе жатыр. Үш алаптың қазіргі жағдайын осы массивтерге жауапты Алматы ауданы әкімінің бас инспекторы Мадияр Тұқпатов аралап жүріп таныстырды.

«Учхоз» немесе «Интернациональный»

Халық арасында «Учхоз» деген қосалқы атауға ие болуына бұл алапта қаладағы С.Сейфуллин атындағы аграрлық университетінің бір ветеринарлық факультетінің, яғни «учебное хозяйствосы» орналасуы себеп. Түпкі тарихы 1930-40 жылдардан бастау алатын алапты кезінде «Корейка» деп атаған. Себебі мұнда жер аударылып келген кәрістер мен немістер көп шоғырланған. Кейін көп ұлтты алап «Интернациональный» деп аталды, алайда қазір өзге ұлттардың көбі көшіп кетіп, 11 мыңнан астам тұрғынның басым бөлігін қазақтар құрайды.

– Тұрғын алапта 1182 жер үй, «Сұңқар», «Ескендір», «Есіл» деген 3 тұрғын үй кешені бар. Былтыр желтоқсанда алапқа газ беріліп, қазір 400-ден астам абонент газға қосылды. Газға халықты көптеп қосуға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бірінші жыл болғандықтан кішкене қиындықтар туындап тұр. Газ құбырында аздаған конденсат жиналып, соның қатып қалу фактілері кездесті, бірақ бұл мәселені «Қазтрансгазаймақ» АҚ қызметкерлерімен бірлесе тиісті жұмыстарды атқара отырып шешеміз, – деп бастады сөзін инспектор.

«Интернациональный» тұрғын алабының ең басты әлеуметтік нысандарының біріне 50 жылдық тарихы бар 540 орындық №44 ескі мектеп жатады. Оның  жанынан жаңа 600 орындық қосымша ғимарат салынып жатыр. Жоспар бойынша ол 2023 жылдың бірінші кезеңінде, яғни ақпан-наурыз айларында пайдалануға берілген соң, барлығы 1200 оқушы орны ашылып, алаптағы балалар толық қамтылатын болады. Массивтегі бір мемлекеттік балабақша осы тұрғын алап халқы үшін жеткілікті көрінеді.

Мемлекет  басшысының Жолдауында  берген тапсырмаларына сәйкес, спортқа  қолжетімділікті  арттыру үшін алапта спорт  кешенін  салуға жер телімі қарастырылып жатыр. Мұны қала  басшылығы да қолдап  отыр.  Құрылыс  басқармасы жобасын жасап бастаса, келер жылы жаз айында  конкурс жариялап, 1-2 жылда «ФОК» құрылысы  аяқталады деген жоспар бар

Сонымен қатар шағын дәрігерлік пункт жұмыс істейді, мұндай отбасылық дәрігерлік амбулатория әр алапта бір-бірден бар. М.Тұқпатовтың айтуынша, халықтың сұранысымен осы елді мекенде 150 орындық емхана салу көзделуде. Себебі қазіргі амбулаторияға күніне 250 адам қаралады, бірақ бұл емдеу мекемесі тарлық етіп тұр. Биыл жылдың аяғына дейін сараптамадан жаңа емхана құрылысының жобасы шығу керек. Сөйтіп келесі жылы конкурс өткізіліп, мердігер мекеме анықталады. Осы жылы мұнда 2 қоғамдық кеңістік, балаларға арналған спорт алаңы, балалар ойын алаңы және «Достық» шағын ауданында үлкен сквер ашылды.

– Мемлекет басшысының Жолдауында берген тапсырмаларына сәйкес спортқа қолжетімділікті арттыру үшін алапта спорт кешенін салуға жер телімі қарастырылып жатыр. Мұны қала басшылығы да қолдап отыр. Құрылыс басқармасы жобасын жасап бастаса, келер жылы жаз айында конкурс жариялап, 1-2 жылда «ФОК» құрылысы аяқталады деген жоспар бар, – дейді инспектор.

Алаптағы 26 көшенің 14-іне тас жол төселген. Биыл қаладағы екінші рет қолдануға болатын ескі асфальттар 9 көшесіне әкеп төселді. Ең басты Армандастар көшесінде инженерлік желілер, құбырлар салынып, кәріз жүйе­сі орталықтандырылды және нөсерге қарсы кәріз жұмыс істеп тұр. Дәл осындай жұмыс Мереке көшесінде де атқарылып, асфальтты-бетон жабындыны 2023 жылы салу жоспарлануда. «Достық» шағын ауданында Егінді, Ашутас, Көкжиде көшелеріне тас жол салынды. Әр алапта бір-бір жылы аялдама бар. Жылдың аяғына дейін тағы бір жылы аялдама қондыру жоспарланған.

Қарағанды – Астана тас жолына алаптан шығып бара жатқан тұста Төлебай қажы мешіті орналасқан. Демеушілер көмегімен мешіт те газбен жылытуға көшірілген. Трассаның арғы бетінде үлкен «Магнум» тиіп тұр. Алапты 29, 29а, 9, 80 нөмірлі 4 автобус аралап, қалаға жылдам жеткізеді. Қатынау жиілігі қанағаттандырады, дегенмен кейбір маршруттарға қосымша автобустар қажеттілігі де жоқ емес.

Таза ауызсу проблемасы – алап тұрғындарының ең өзекті мәселесі екенін инспектор жасырмады. «Астана су арнасы» мекемесінің осындағы мұнарасы, су сорғы стансасында сүзгілері, сорғылары әбден тозған. Мұны басшылық біледі. Мәселені шешу үшін тұрғын алап жанынан үлкен сорғы сүзгілеу стансасы салынып жатыр. Оны құрылысы 2023 жылдың 1 кезеңінде аяқталады деп көзделуде.

Қала сыртында болғасын мұнда көлік қозғалысының аз болуы ауасының тазалығына оң ықпал етеді. Сондықтан болар, таза ауада жер үйде тұруды көздеген тұрғындар осындай алаптарға қоныс тебеді. Мәселен, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров­тің де осы алапта жер үйде тұратынын білетін едім. 2016 жылдары сұхбат алуға келгенде осындағы шаңырағында қонақ болғанымыз да есте қалыпты.

Келесі алап – «Мичуринде» 2500 адам тұрады. 1969-1972 жылдары іргесі қаланған алап кезінде совхоз болған. 2020 жылы пайдалануға берілген су жаңа мектебі бар. Мұнда да газ құбырлары жеткізіліп, 80-нен астам абонент газға қосылып отыр.

Тұрғындарды сөзге тартқанда олар қала әкімі Алтай ­Көлгінов пен мәслихат депутаттары тұрғын алаптарға жиі келіп, мәселелеріне құлақ түретінін жеткізді. «Интернациональный» алабының байырғы тұрғыны Әділбек Төлекеновтің айтуынша, әкіммен кездесуде тұрғындар сумен жабдықтау, электр энергиясы, кәріз, мектеп, емхана құрылысы, балабақшаны жөндеу мәселелерін көтереді. Сондай-ақ жолдар, жарықтандыру, абаттандыру, қоғамдық кеңістіктер құру, интернет, автобус маршруттарын іске қосу және т.б. мәселелер сөз болады.

– Мұндай кездесулерде қала әкімі қысқа мерзімде қандай мәселелер шешілетінін, сол сияқты қандай жүйелі мәселелерге уақыт қажет екенін бірден айтады. Мысалы, әлеуметтік нысандарды салуға көп уақыт кетеді: ол үшін салынатын орынды таңдау, оны дайындау, жобалау, әрі қарай құрылыс жүргізу және нысанды пайдалануға беру керек. Сумен жабдықтау мәселесін шешу үшін өткен жылы сорғы-сүзгі стансасы салына бастады. Сорғы-сүзу стансасы сумен жабдықтаудың қазіргі қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, биыл елді мекендердің кәріз жүйесіне қатысты проблеманы ретке келтіретін кәріз сорғы станциясының құрылысы басталатынын айтқан, бәрі де ретімен жүзеге асырылып жатыр, – дейді тұрғын.

«Күйгенжардың» күйі қандай?

«Күйгенжар» деген қазақы тарихи атауды алған тұрғын алапта 2500 халық тұрады. Бұл алапта – адамдар көп көше бермейді, осында сіңісіп кеткен байырғы тұрғылықты халық. Сондықтан бір-бірін жақсы таниды, салт-дәстүрді де берік ұстанады. 220-дай жер үй бар. Ауылдың басты әлеуметтік нысаны жаңадан ашылған 600 орындық мектепке тек күйгенжарлықтар ғана емес, көрші жатқан Ақмола облысына қарасты №41 бекеттен, Жібек жолы ауылынан келіп оқитын оқушылар көп. Шағын алапта 8 көше бар. 2012 жылдары көше жолдары жөнделді.

– Мұнда да инженерлік желілер салынды, бірақ магис­тральге қосылмаған, сол проблема болып тұр. Кәріз жүйесі және сумен жабдықтау – ашық күйінде қалып отырған мәселе. Сараптама нәтижесін күтіп отырмыз. Оң ұйғарым шыққан бойда конкурс жариялауды бастап кетеміз. Үш алаптың электрмен қамтамасыз ету қызметі – бұрынан «Ақмола РЭК» АҚ қарамағында. Халықтың басты сұранысының бірі «Ақмола РЭК» АҚ тарифін «Астанаэнергосбыт» мекемесіне ауыстыру еді. Сонымен біраз жұмыстар жүргізіп, тарифті қалаға ауыстырдық, сөйтіп бұрын мұндағы тұрғындар электр қызметі үшін квт-на 19,86 теңгеден төлесе, қазір ол 12,96 теңгеге түсті. Үш алаптың да электрмен жабдықтау қызметі қала тарифіне ауысты. Көптен жаңартылмаған электр желілеріне жөндеу жүргізіліп, ескі трансформатор қосалқы стансалары жаңасына ауыс­ тырылды, – дейді инспектор.

Әкімдік газдандыру жұмыс­тарын белсенді жүргізіп жатқанына қарамастан, газ құбырын тұтынушылардың үйіне дейін тікелей тарту мәселесі өзекті болып қалып отыр. Бұл – тек «Күйгенжар» тұрғындарының ғана емес, басқа да тұрғын алаптардың проблемасы. «Күйгенжарда» 220 отбасының тек 90-ы ғана газға қосылған. Көбі қаражат жетіспеушілігінен қоса алмайды, бірқатарында қорқыныш бар. Бұл мәселені шешу үшін аудан әкімінің және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өкілдерінің қатысуымен жиналыс өткізіп, осы компанияның мердігер ұйымдары үгіт-насихат жұмыстарына тартылуда. Бір үйдің газға қосылу шығыны 600 мыңнан 1 млн теңге аралықтағы соманы құрайды. Осыған орай әкімдіктің халықтың әлеуметтік осал топтарына, зейнеткерлерге арналған 413 000 теңгедей қаржылай көмегі бар.

Тұрғын алаптардың үшеуі­нің де көшелері жарық диодты жарықтандыру жүйесімен жабдықталған. Сондықтан қараңғы түссе де мұнда көшелер жарқырап тұрады. Мадияр инс­пектор бұл жұмысына былтыр тамызда ғана кіріскен, соған қарамастан осы алаптардағы халықтың жай-күйін жатқа біледі. Себебі үш ауылдың ватсап желісіндегі чаттарына келіп түсетін өтініш-шағымдардың бәрін көріп, біліп отырады, сол бойынша тыным таппай жұмыс істейді. Өзінің ұялы телефоны 24/7 сағат бойына қосулы. Апатты жағдай болса, басқа да келеңсіздіктер туындаса, тұрғындар бірден Мадиярға телефон соғуға әбден үйреніп алған.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button