Басты ақпаратҚала мен Сала

Елордада құрылыс қарқыны қалай?

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың ішінде елорданың құрылыс саласын шын мәнінде елорда экономикасының драйверіне жатқызуға болады. Астана қаласындағы құрылыстың екпіні тоқтамақ емес. Қазір Есілдің оң және сол жағалауында құрылыс қарқыны бәсеңдемей, тұрғын үйлер мен әлеуметтік инфрақұрылым қатар жүргізілуде. Дегенмен мәселелер де аз емес. Біз тиісті басқарма басшыларымен хабарласып, мән-жайды білдік.

Миллион тұрғыны бар Астанада бала туу көрсеткіші жоғары. Ішкі миграцияның қарқыны артты. Қазір елордаға келген әрбір азамат пәтерлі болуды армандайды. Ал олардың ішінде жалғызбасты аналар мен көпбалалы отбасылар да басым. Олардың жеңілдікпен үй алуына бола ма? Бұл сұрақты Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасына жолдадық.

– Коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін бірыңғай тұрғын үй саясатын іске асыру шеңберінде мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің бірнеше бағыты көзделеді.

«Көпбалалы отбасылар» санаты бойынша тұрғын үйге мұқтаждар үшін тұрғын үй «Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы шеңберінде беріледі. Кезекте тұрғандар бағдарламаға қатысуға өтінім береді. Қатысушыларды iрiктеу тұрғын үйге мұқтаждар тiркелген күннен бастап жүргiзiледi. Тұрғын үй сатып алу құқығынсыз жалға беріледі, бұл ретте жалдау шартының мерзімін ұзарту мүмкіндігі 5 жылдан кейін жүзеге асады.

Соңғы 3 жылда осы бағдарлама бойынша «Көпбалалы отбасылар» санаты бойынша 790 пәтер сатылды. Сондай-ақ «Көпбалалы отбасылар» санаты бойынша тұрғын үйді «Отбасы банк» АҚ несиелеу арқылы сатылады, – деп жауап берді басқарма басшысы Әнуар Сайпов.

2-10-20 «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша аталған санат бойынша кезекте тұрғандар «Отбасы банк» АҚ-дан жылына 2 пайыздық мөлшерінде, 20 жылға дейінгі мерзімге бастапқы жарна 10 пайыз төлеммен жеңілдікті несие беруді көздейді. Жыл сайын банк кезекте тұрғандардан өтініш қабылдайды. Қатысушыларды iрiктеу Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлiгi айқындайтын кредит (лимиттер) саны бойынша жүргiзiледi.

2020 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Шаңырақ» 5-10-20 бағдарламасын жүзеге асыру басталды. Бұл бағдарлама бойынша «Көпбалалы отбасылар» санаты бойынша кезекте тұрғандар тұрғын үй сатып ала алады, оны Астана қаласының әкімдігі «Отбасы банк» АҚ-ның жеңілдікті несиесі есебінен жылдық 5 пайыз мөлшерінде салып жатыр, бастапқы төлемі 10 пайызды құрайды, несие мерзімі – 20 жылға дейін.

Осы бағыт аясында әкімдік құны 1 шаршы метр үшін 290 мың теңгеден аспайтын тұрғын үй құрылысын жүзеге асырады. Қатысушыларды іріктеуді «Отбасы банк» АҚ жүргізеді.

Жеңілдікті несиелендірудің тұрғын үй бағдарламаларына қатысқан кезде әкімдік әлеуметтік көмек ретінде бастапқы жарнаның бір бөлігін өтеу үшін 1,5 миллион теңге көлеміндегі тұрғын үй сертификатын береді.

Жеңілдікпен үй алудың жайы белгілі болды. Елорда – инвес­торлар үшін тартымды қала. Қай жерде қаржы мол құйылса, сол жерде жұмыс күші қажет болады. Сондықтан елдің әр өңірінен бас қалаға жұмыс істеп келіп, тұрақтап қалатындар көп. Саны бар, санатта жоқ отбасылар қаншама?! Соның салдарынан мектепте бала саны бірнеше есеге артып, емханада ұзын-сонар кезек қалыптасады. Оны шешу үшін әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстарды құрылыс басқармасынан сұрадық.

– 2022 жылы 10400 оқушыға арналған 5 мектепті пайдалануға берді. 2023 жылы 20300 оқушыға арналған 13 мектепті іске қосу жоспарланды. 2025 жылы 104800 оқушы орнына 28 білім ордасы іске қосылады, – деді құрылыс басқармасының басшысы Төлеген Құлұшев.

Бас қаланың басшысы Алтай Көлгінов өзінің instagram-дағы аккаунтында мектеп салынатын 102 жер учаскесін белгілегені туралы жазды. Жер учаскесі әлеуметтік нысандардың қажеттілігіне қарай қаланың барлық ауданында орналасады. Мәселен, елорда тұрғындары көбірек шоғыр­ланған және қарқынды дамып келе жатқан Есіл ауданында мектеп салынатын 49 учаске, Алматы ауданында 29 учаске белгіленді.

Құрылыстың сапалы болуында сертификатталған сапалы өнім болуы шарт. Құрылыс индус­триясын дамытуда отандық тауарларды өндіру маңызды саналады. Астананың құрылысында отандық құрылыс компанияларының үлесі қаншалықты екенін білдік.

– Құрылыс-монтаждау жұмыс­тарын орындау кезінде құрылыс басқармасы қазақстандық өндірістің материалдарын сатып алуға баса назар аудара отырып, жергілікті қамту үлесі (ЕМС) бойынша есепті талап етеді. Алайда барлық қазақстандық жеткізушіде СТ-KZ сертификаты жоқ, бұл ЕМС пайызына әсер етеді. Құрылыс басқармасының іске асырылып жатқан объектілері бойынша ЕМС есепті айда 62,51 пайызды құрады, – деді Төлеген Құлұшев.

Кейінгі жылдары үлескерлердің мәселесі өзекті бола бастады. Астана қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов:

– Үлескерлер мәселесін шешу 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын-үй коммуналдық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында қарас­тырылды. 2018 жылы Астана қаласы әкімдігі жанынан «Нұрлы жер» Мемлекттік бағдарламасын іске асыру мақсатында, Астана қаласының әкімдігінің қаулысымен, әкімдіктің уәкілетті ұйымы – «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС құрылды.

Компанияның мақсаты – Астана қаласындағы үлескерлердің проблемалық объектілерінің құрылысын қаржыландыру және аяқтау. 2022 жылдың қыркүйегінен аталған бұл бағдарлама өз күшін жойып, 23 қыркүйегінен бастап 2026 жылға дейінгі Тұрғын-үй коммуналдық инфрақұрылымды дамыту концепциясы аясында жұмыс істей бастады.

Уәкілетті ұйым жұмысы әкімдік аясында құрылған үлестік құрылыс сұрақтары бойынша Ведомствоаралық комиссиямен реттеледі. Жалпы, 2019 жылы Астанада құрылысы тоқтап қалған 150-ден аса үй, 16 мыңға таяу үлескер болды. Әкімдік пен уәкілетті ұйым жұмысы нәтижесінде жыл соңында 10 объектідегі 13 үйдің құрылысы аяқталып, 2,5 мың үлескер көптен күткен пәтерінің кілтін алды. 2020 жыл нәтижесі бойын­ша 14 объектідегі 20 үйдің құрылысы аяқталып, 3 мың үлескер пәтеріне ие болды. 2021 жылы 57 үйдің 7 мыңнан аса үлескерінің мәселесі шешілді.

Бүгінде «Елорда құрылыс компаниясы» 30 үйдің құрылысын жүргізіп жатыр. 2023-2024 жылдары қалған 2 мыңнан аса үлес­керді пәтермен қамтамасыз ету жоспарланды, – деп жауап берді.

Қысқасы, елордадағы құрылыс қарқынды. Тұрғын үйдің тұрғызумен қатар әлеуметтік бағыттағы жұмыстарға мән беріліп, мектептер мен спорт кешендері, емханалар мен ауруханалар салудың жүйелі жоспары бар. Алайда оны игеруде қомақты қаржы қажет ететіні айтпаса да түсінікті.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button