Қоғам

«Нумеролог» алдап кетті

Бізде жұмыс орнымызға тап-тұйнақтай киініп, ұқыпты боянған бір келіншек кіріп келді. Амандықтан соң жай сөз бастап, ананы-мынаны айта бастады.

«Мен нумерологпын. Адамның жолын ашып, көмектесе аламын»…
Әйел жұмсақ үнмен сөйлеп, менің сатып тұрған тауарларымды көріп жүрді. Бір сәтте ең қымбат көйлекті қолына алып «Мынау қанша?» деп сұрады. Қымбат тұратынын айтып едім, қанша болса да алатынын айтты.
Әр тауардан пайыздық үлес алып жұмыс істейтін мен бұған қалай қуанбайын. Әлгі әйелдің алдында құрдай жорғалап кеттім. Бір сәтте ол орындыққа отырды. Менің ақшаға мұқтаж адам екенімді түсініп қойыпты. «Сенің жолың жабық тұр. Мен көмектесіп, ашып берейін» деді.
Бұдан соң мен де, қасымдағы серіктес қыз да отыра қалып, сол әйел­дің аузына қарадық. Ол туған күніміз бен айымызды, жылымызды сұрап, қағазға жазып, бірдемені есептеді де, жалпылама айтылатын бір сипаттамаларды маған таңа бастады…
Әрі қарай не болғанын білмеймін. Қасымдағы қыздың анасы ауырып жүргенін айтып, әйел­дің алдында жылап отырғаны ғана көз алдымда қалыпты. Осы айналдырған 20 минут ішінде әлгі әйел екеу­мізден он-он мыңнан алып, тайып тұрды.
Айтпақшы, әлгі көйлекті сатып алған жоқ. «Ертең таңертең нешеде ашыласыңдар, сол кезде келемін» деп сендіріп кетті. Алданып қалғанымызды кейін ұқтық.
Өмірімде нумеролог­пен алғаш және соңғы кездескенім – осы. Жал­пы, адамның психологқа, нумерологқа, тағы басқаларға кіріптар болғанын ақылым қабылдамайтын адам едім…
Рас, бұрын патшалар да жұлдызшы ұстаған. Бірақ олар аспан әлемін жақсы білетін, ғасырда бір туатын ғалымдар, үлкен ілім иелері еді. Олардың өзінің сөздері бірде сәйкес келсе, енді бірде сәйкес келмей жататынын біз тарихтан білеміз. Ал қазір ше? Әлеуметтік желілерде қаптап жүрген бұл не қылған жұлдызшылар?
Кейде жын-перінің бәрі жер бетіне шығып кеткен бе деп ойлап, жаным түршігіп қалады.

Мөлдір ИСА

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button