Басты ақпаратҚоғам

Оңай олжа іздеп, опық жеп қалмаңыз!

«30 қыркүйекте ойламаған жерден табыс табуға арнап балауыз жағуға болады. Астана уақытымен сағат 16:30-да оңтүстікке қарап жасыл майшам жағасыз. Басқасы болмайды және доңыз жылындағыларға арналмаған. Бәріңізге сәттілік.» Бұл – өзін инстаграм желісінде қазақ нумерологиясының эксперті, кәсіпкер, тележүргізуші ретінде жеке блогын жүргізіп жүрген Айнұр Асанбердінің жазбасы.

Әп-сәтте 2500 адамнан қолдау тауып, жасыл балауыз іздеген халықтың саны 300-ден асып кетті. Оларға да керегі осы. «Асанберді командасы» хэштегімен жүрген желілік бизнестегі қыздар әр қаладағы дүкендерінің мекенжайы мен нөмірін қалдырып, бала­уыз­дың саудасына кірісті де кетті.
Әрине, нумерология ғы­лымын жоққа шығара алмаймыз. Математиканың нақты формуласы Құраннан бастау алғаны белгілі. Ендеше бар ғылымның бастауы Құран мен Құдай екенін біліп өскен ұрпақтың байлық тілеп сұрайтын бар медеті балауыз болғаны ма?! «Аурухананың палатасында отырып жақсам бола ма?», «Менің жылым доңыз еді, күйеуіме жақтырсам бола ма?», «Ақ балауыз болмай ма?», «Аяғым ауыр еді, жақсам бола ма?», тағы сол сияқты түрлі сауалдарын қарша боратқан халықтың пікіріне қарап бүгінгі қоғамның хал-ахуалын бағамдауға болады. Аңқау­лық. Ақшаға мұқтаждық. Елдің оңай олжаға кенеле салам деп сенуі… Таңғалдырмай ма? Қалай болғанда да Айнұр Асанбердінің өзінен сұрағанды жөн көріп, төмендегі сұрақтарызды қойған едік.
«Соңғы жазбаңыз «Фейсбук» оқырмандары тарапынан сынға ұшырады. Неге көбіне білімі бар, сауатты азаматтар қарсы шықты деп ойлайсыз?
Жарнама – табыс құралы. Өзіңіздің дүкеніңізде сататын тауарларды бұлайша жарнамалап өткізу ақшаға шын мұқтаж жандарды адастыру деп ойламайсыз ба?».
Өкінішке қарай, Айнұр ханым мұндай ұсақ-тү­йек­ке қолы тимейтінін, бұр­маланған сұрақтарға жауап бермейтінін әрі газет оқымайтынын ашық білдірді. Келістік. Есесіне жасыл балауыз арқылы шаш етектен пайдаға кенеліп жатқан халықтың санында шек жоқ екенін білдік. Айлығын ала алмағандар, қарызданғандар, жұмыс таппай жүргендер, саудасы жоқтар, еңбекақысына қол жетпей жүргендердің бәрі тура ертегідегідей балауыз жаққаннан кейін пайдаға кенеліпті-міс. Өздерінің айтуынша, активацияға жасыл балауыз қолданылатынын Айнұр ханым мен оның командасына фэншуй маманы Наталья Правдина айтқан болып шықты. Сондықтан бұлар ешқандай тер төкпей-ақ, ғайыптан олжаға кенелудің жолдарын барынша қорғап әлек.
Жалпы, соңғы кездері «ақыл сатқыштардың» мекеніне айналған инстаграм желісінде саяхаттау, түрлі коктейльдер, жүз ауруға ем болатын небір компаниялардың өнімдері қаптап кетті. Оның басында экранға жылт етіп танымал бола қалған жүргізушілер, тренинг өткізгіштер, ақыл айтқыштар, мотиваторлар, психологтар жүр. Теріс пікір айта қалсаң, «бизнесімді қызғанып отыр» деп аттандап шығады. Бұл желілік маркетингтер ешқандай да бизнес емес. Өз тауарын өткізу үшін жүргізетін маркетингтік әдіс қана. Бір қызығы, миллиард халқы бар Қытайда мұндайлардың саны тіпті жиырмаға да жетпейді екен. Ал бізде желілік маркетингпен айналысу қызметін реттейтін заң болмағандықтан, «аңқау елге арамза молдалардың» дәурені жүріп тұр. «Олардың семинарына 40-50 мың төлеп барып жүрген әйелдердің ақылды боп кеткенін көрмедім. Одан да сол ақшаға ағайын-туысыңды шақырып, дастарқаныңа құран оқыт. Құдайдың берері де сол кезде көбе­йер» дейді Айгүл Маханова есімді оқырманымыз. Ал әріптесіміз Тілекгүл Есдәулеттің айтуынша, тегін олжа, байлыққа оңай жете салу секілді жалаң ұрандар жастарды психологиялық дағдарысқа ұрындырады. «Елдің бәрі әп-сәтте Құралай ханым, Айнұр Асанберді, Жанар Байсемізова бола салғысы келеді. Тегін олжа, байлыққа жоспарлы түрде оңай жете саламын деген арзан сенім жастарды психологиялық дағдарысқа ұрындырып жатыр. Айтпақшы, Құралай ханым мешітте де лекция өткізіп жүр, исламға «томпақ» жерлері жоқ пе екен?» деп Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына сұрау салады.
Балауыз жырына қай­та ойыссақ. Айнұр Асан­бердінің жазбасын таны­мал заңгер Абзал Құспан мырзаға жолдап, алаяқ­тықтың бар-жоғын сұрағымыз келді.
«Кез келген қылмыстың жәбірленушісі болады. Егер жасыл балауызды сатып алып, оңтүстікке қарай бағыттап, ақшасын таба алмай қалғандар болса «Мен айтылған талаптардың бәрін орындадым, сатып алдым, алайда ешқандай да байлыққа кенелмедім» деп арыздану керек. Бір қарағанда, күлкілі жағдай болып көрінуі мүмкін. Бірақ заң сондай. Міндетті түрде дәлел-дә­йек болуы тиіс. Және ол адамдардың саны неғұрлым көп болса, онда алаяқ­тың белгілері шығады. Бәріміз мұндай таңғажа­йыпқа сенетін жастан да, жағдайдан да кеттік. Сондықтан әркім өз әрекетіне жауап беруі тиіс. Егер БАҚ беттерінде жарияланса, арыз жазылмаса да, ішкі істер орындары қарау керек. Заңгер ретінде пікірім, алаяқтың нақты белгілері бар» дейді заңгер.
Әлеуметтік зерттеулер желілік бизнестің көркін өте іскер, көпшілікпен тіл табысқыш, ақылды жандар қыздыратынын айтады. Шариғат тұрғысынан да, экономикалық тұрғыдан да қоғамға зияны жоқ емес. Білгеніміз, бұл жүйенің ішінде ұлттық әдебиетке, мәдениетке, идеологияға ешқандай орын жоқ. Күні кеше «Қазақстан» ұлттық арнасының «Апта» бағдарламасында да дәл осы мәселе көтерілді. Біздің де мақсатымыз біреудің пайда табар кәсібіне қол сұғып, қаралау емес. Керісінше, халықтың адасуына жол бермеу. Біз үшін бір адамның болса да ғажайып жарнамаларға алданбай, ертерек ес жиғаны – үлкен олжа.

Гүлмира ХАЛИЛА,
қытай тілінің маманы:
– Кейде қазақ әйелдерінің жан дүниесі жан-жақтан ілім әкеп құя беретін қуыс кеуде болып көрінеді. Алланы қосады, фэншуй, изотерика, нумерология, NL, енді бай цзи деген ілім тарауда. Шынын айтқанда, ботқа болып кетті. Ондай ботқаны ішкен адам бір күні жүрегі айнып құспай ма?!

Айгүл БОЛАТХАНҚЫЗЫ,
журналист:
– «Толған нәрсе түбі бір төгілмей қоймайды, шірене тартқан жіп түбі бір үзіледі» дегенді жиі айтады менің апам. Әйелдердің көш керуені де, сол желілік маркетинг те шегіне жеткен кезде тыйылады бір күні. Соған сенемін.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

  1. Гүлмира ханым, өте жақсы көтерілген тақырып. Соңғы кезде инстаграм желісінде көп байқап жүрміз. Тегін ақыл-кеңес берушілер, кітап жазғыштар көп екен. Ол кімге қаншалықты деңгейде керектігін,одан қандай нәтиже шығып жатқанын сараптап жатқан ешкім жоқ. Бизнесін дөңгелету үшін мұндай қадамға барғ сн ны дұрыс болмады. Ал Правдинадан аударса да, нумерологияға қатысты ақпараттармен бөліскені құба-құп. Журналы да шыққан. Оны НЛ командасындағы қыздар өздеріне тіркелген келіншектерге тегін таратқан. Әмияны да бар өз аты жазылған. Бәрінің кәсібіне береке тілеймін. Алайда қазақ қыз-келіншектері сауатты, көзі ашық болса екен деймін. Сонда жарнаманың ақ-қарасын ажырата алады ғой адаспай. Ал «АСТАНА АҚШАМЫ» ұжымы жан-жақтысыздар. Еңбектеріңіз жемісті болсын.

Пікір үстеу

Back to top button