Денсаулық

Тұмаудан қауіп бар ма?

Еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин жаңа эпидемиологиялық маусымда қазақстандықтарға тұмаудың үш түрі (А(H1N1) – «Мичиган»; А (H3N2) – «Сингапур»; В штаммы) қауіп төндіретінін хабарлаған болатын. Дәрігерлердің болжауынша, тұмау жұқтырудың алғашқы оқиғалары қазан айының соңы мен қараша айында тіркеледі. Ал тұмау қысқы каникулдан кейінгі кезеңде, шамамен 2019 жылдың қаңтар айында белең алуы мүмкін. Осыған орай, елімізде 5 мыңға жуық науқас емделетін орындар дайындалған. Сондай-ақ тұмау мен өзге де жұқпалы инфекциялардың жаппай таралуы болған жағдайда науқастарды қабылдайтын ұйымдар да анықталыпты.

Жандарбек Бекшин Астана мен Қос­танай облысында тұмауға қарсы егетін дәрі-дәрмек пен вакцинаның тапшылығы барын жасырмай айтты. «Вакцина сатып алуға біз байқау өткіздік. Астанада осы мәселені шештік. Өзімізде бұрын 30 мың доза бар еді, тағы 50 мың доза вакцина сатып алдық» деді ол. Бұған қоса, еліміз бойынша науқастарға көмектесетін тұмауға қарсы егілетін 50 мың қорап «Тамифлю» және 10 мың қорап «Реленза» препараттарының қоры жиналған. Демек, астаналықтарға алаңдауға негіз жоқ.
Бас санитарлық дәрігер Ж.Бекшин дүйім жұртты елеңдеткен тұмауға қатысты бірер сауалдарға жауап берді. Оның айтуынша, тұмауға қарсы егілетін вакцина қауіпсіз. «Көптеген елдерде науқасты көшеде, метрода егеді. Бұрын біз вакцинаны инемен егетін едік, ал қазір жеке ине-дозамен саламыз. Іс жүзінде вакциналаудан ешқандай қауіп жоқ» деді ол. Сонымен қатар биыл тұмауға қарсы егілгендердің саны артқан көрінеді. Мәселен, 2016 жылы 250 адам бас тартса, 2018 жылдың 8 айында 2220 адам өзінің пікірін өзгертіп, вакцинаны еккізген. Атап айтарлығы, эпидемиология­лық маусымға дайындық алдында еліміздегі барлық емханалар жұмыс күндерін 20.00-ге дейін ұзартады. Ал демалыс күндері кезекші дәрігерлер науқастарды қабылдайды.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button