Саясат

Елді елең еткізген

ОЛ ХАТТА НЕ ЖАЗЫЛҒАН?

Бірер апта бұрын қос Корея арасында өткен саммитте Ким Чен Ын АҚШ президенті Дональд Трамп­қа Мун Чжэ Ин арқылы хат жолдаған. Оны оқып шыққан АҚШ басшысы өз ризашылығын білдірді.

 

– Ким Чен Ын Солтүстік Кореяның болашағынан зор үміт күтіп отыр. Оның басты мақсаты – Корей түбегін ядролық қарудан арылтып, мемлекеттің экономикалық дамуына көңіл бөлу. Қазір бұл ел дұрыс бағытта жүріп барады. Бұрынғыдай оңды-солды зымырандарды сынақтан өткізуді тоқтатты. Сынақ полигондарының белгілі бір бөлігі жабылды. Дегенмен КХДР ядролық қарудан толығымен тазармайынша, санкциялар өз күшінде қалады. Ал біз екінші саммит өткізуді асыға күтіп отырмыз. Бұл жақын уақытта болуы мүмкін, – деді Дональд Трамп.
Айта кетейік, АҚШ пен КХДР арасындағы алғашқы тарихи саммит осы жылдың маусым айында Сингапурде өткен.

ИРАН ҚАРСЫ СОҚҚЫ БЕРДІ

Тегеран Ахвазда қанды шабуыл ұйымдастырды деген айыппен Сириядағы радикалды топтарды баллистикалық зымырандармен атқылады.

Иранның Fars ақпарат агенттігінің хабарлауынша, соққының нәтижесінде Сирияның шығысындағы Албу-Камаль лагерінде бірнеше содырдың көзі жойылды.
Айта кетейік, бірер апта бұрын Иранның Ахваз қаласындағы әскери шеру кезінде содырлар шабуыл жасады. Салдарынан 28 адам қаза болса, 60-тан астамы түрлі деңгейде жарақат алған. Көп ұзамай қанды әрекетті Сириядағы «Аль-Ахвазия» мен ДАИШ топтары өз мойнына алған. Осыдан кейін Иран үкіметі қылмыстық ұйымдарға қарсы соққы берілетінін хабарлаған болатын.

ЦУНАМИ  1200 АДАМДЫ СҰЛАТТЫ

Индонезияның Сулавеси аралында қуаты 7,7 балды құрайтын жер сілкінісі болып, арты цунамиге ұласты. Салдарынан 1200-ден аса адам қаза болса, мыңдаған тұрғын зардап шекті.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, біраз адам үйінділер астында қалған. Сол себепті қаза болғандар саны алдағы уақытта артуы мүмкін. Қазіргі уақытта апат аумағында еріктілер мен арнайы құрылған топ құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қуатты зілзала соңы биіктігі екі метрден асатын су тасқынына ұласты. Нәтижесінде аймақтағы мыңдаған үй мен ауруханалар, түрлі ғимараттар қирап қалды.
Айта кетейік, Индонезия табиғи апаттар жиі болатын елдердің біріне жатады. Мәселен, 2004 жылы 9,1 балды жер сілкінісі мен су тасқынынан бас-аяғы 220 мың адам қаза болған.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button