Рухани жаңғыруРуханият

Дәстүрлі өнер дәріптелді

Ұлттық тәрбиенің өзегі – өнер. Тал бесікті тербеткен анасының әлдиі – сәбиінің бойына сіңірер рухани құндылықтың алғашқы нәрі. Сол арқылы   ұлтының салт-дәстүрін, тілі мен музыкасын, әдебиеті мен өнерін құрметтеп, ұлттық рухты мәңгілік қастерлейтін  ұрпақ  тәрбиеленбек. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламалық мақаласындағы «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс…» қағидасы осыған үндейді.
Міне, осыны басшылыққа алған Астана қаласының әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы 26 -28 қыркүйек күндері  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында дәстүрлі өнер  фестивалін өткізді.

Фестивальдің алғашқы күні Оқушылар сарайында «Текті сөздің төресі» деген атпен таңдайынан жыр маржаны төгілген  күміс көмей әнші-термеші, күйшілердің өнерімен басталды.

Алғашқы болып сахна төріне  есімі жалпақ жұртқа кеңінен мәшһүр әнші, Қазақстанның халық әртісі Айтбек Нығызбаев көтерілді. Ол даланың сал-серілерінің соңғы өкілдерінің бірі саналатын, өз заманының мұңы мен зарын мәңгі өлмес әндеріне арқау еткен  Үкілі Ыбырайдың «Қызыл асығын» нақышына келтіре орындады. Ән бұрынырақ халық арасына дарынды әнші Қайрат Байбосыновтың орындауында кеңнен тараған еді. Енді осы үрдісті үзеңгілес шәкірті жалғастырып келеді екен.
Ал ерекше дауысты қажет ететін Естайдың «Сандуғаш» әнін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Клара Төленбаева баянмен әсерлі шырқап берді.

Кешті жүргізген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жыршы, жырау Алмас Алматов терме өнерінің мән-маңызына тоқтала келіп,  ата-бабаларымыз көзінің қарашығындай сақтап келген дәстүрлі ұлттық мұрамызды бүгінгі ұрпаққа жеткізуші жыршы-термешілердің қатары жылдан-жылға толыға түскенін тілге тиек етті.

Терменің тәрбиелік мәні зор. Онда өмір, пәни, болмыс жайлы ой толғанып,  адамгершілік мәселелері уағыздалады.
Бұған қоса елдік пен татулықты, отансүйгіштік пен қайсарлықты ту еткен бес жүзден аса батырлар жыры бар екен. Осындай өмір мен көңіл құбылыстарын шендестіретін, орамды ойлар мен кестелі жырларды  осы кеште танымал айтыс ақыны Еркебұлан Қайназаров, термешілер  Елікбай Иса, Айгүл Елшібаева ,  Елмұра Жаңабергенова, Қайыпназар Айтпенов, Қоныс Жүсіпов, тағы да басқалар төгілдіріп, көрерменнің ыстық ықласына бөленді.

Келесі күні фестиваль Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Өнер алды – қызыл тіл» деген тақырыпта дәстүрлі әншілердің өнеріне ұласты.

Қазақтың ән өнері ұлан байтақ еліміздің табиғи ерекшеліктеріне қарай бірнеше мектепке бөлінетінін білеміз. Осы дәстүрлі ән кешінде осы мектептердің халыққа кеңінен танылып жүрген талантты өкілдері  өнерлерін ортаға салды.

Сахна шымылдығын Арқаның ән мектебінің ерекше бір желдірмелі, салт-кәделі, сирек орындалатын нұсқаларын зерттеп, әрі оны халыққа жеткізіп жүрген талантты әнші Медет Салықов халық әні «Жиырма жеті қызбен» ашты.

Одан әрі Сәрсенғали Жүзбаев пен Әділқазы Ахмадиев Жетісу мектебі, Айтбек Нығызбаев пен Ерболат Шалдыбеков Сыр бойының, Батырлан Әбенов пен Жұмабек Қадырқұлов Оңтүстік ән мектебі әуендерін,  Айгүл Қосанова мен Еділ Басығараев Маңғыстау мақамдары мен Батыс күйлерін көпшілікке тарту етті.

Фестивальдің үшінші күні Оқушылар сарайы көрерменге лық толды. Залда, әсіресе, студент жастардың қатары мол болды. «Айтыс – бабалар мұрасы» әдеби-сазды танымдық кешінде халыққа жаңа-жаңа танылып жүрген төрт жұп жас ақын сахна төріне көтерілді.

Бұл іс-шараның бір ерекшелігі қазақ айтысының көнеден келе жатқан бірнеше түрі көременге экраннан ұсынылып, содан кейін жыр сүйер қауымның алдында «Қайым айтысын» Аян Ниязбек пен Рай Дөңбай, «Жұмбақ айтысын» Айбар Рағатов пен Медет Жаманов, «Өтірік өлең айтысын» Мұхамеджан Мансұров пен Нартай Тілеуқұл, «Салт айтыс – қыз мен жігіт айтысын» Дәурен Ысқақ пен Аруна Керімбек қал-қадірлерінше жандандыра білді.

Әсіресе, қыз бен жігіт айтысында Дәуреннің:

«… Туып тұр жақсылықтың сәті, ағайын!

Менде – көк, сенде – қызыл диплом бар,

Қызыл диплом қызығын көретұғын,

Жұмыстың таптым саған оп-оңайын.

Қызыл халат кигізіп ауылыма,

Қызыл дипломыңмен апарайын» деген әзіліне

Арунаның: «…Ауылыма алып кетемін деп отырған,

Танимын баяғыдан бұл ұлыңды.

Старостаң болам деп универде,

Көргем талай былығыңды.

Төрт жылда төрт-ақ рет сабаққа кеп,

Дұрыстап алған жоқсың іліміңді.

Сандалып жүрсің қазір Астанада,

Бір жұмысқа сала алмай құрығыңды.

Сен сияқты адамға, шынымды айтсам,

Сеніп тапсыра алмаймын ғұмырымды» деп ұтымды жауап беруі айтыс өнерінде болашағынан үлкен үміт күттіретін дарынды жастардың өсіп келе жатқанын айқын аңғартты.

    – Ауқымды іс-шараның ұйымдастырылу мақсаты – рухани құндылықтарды насихаттаумен бірге кейінгі өскелең ұрпаққа қазақтың дәстүрлі әншілігі мен сөз өнерінің қадір-қасиетін ұғындыру. Қай кезде де ұлттық мұрат пен ұлттық мүддеге негізделген мемлекеттік  тілден  бастау алатын рухани құндылықтарға бет бұрып, Мемлекет басшысы белгілеген барынша халықтық мүддеге қызмет ететін саясат аясында жұмыс жүргізу – бүгінгі күн қажет етіп отырған басты талап»  деді Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі  басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев.

 

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button