Жаңалықтар

ОЙЛЫ МАҚАЛА – ОҚЫРМАН ОЛЖАСЫ

«Астана ақшамы» газетінің жарыққа шыға бастағанына 27 жыл толды. Осы айтулы күнге орай басылым ұжымы «Астана қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» мемлекеттік мекемесінде болып, осында тұратын оқырмандармен кездесті.

Бұл мекемеде бүгінде 328 адам тұрады. Олардың ішінде – 183 қарт кісі болса, 145 адам мүгедек жан. Мұнда қамқорлыққа мұқтаж азаматтардың өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған.
– Біздің мекемеге қабылданатын адамдарды Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы аясында құрылған комиссия анықтайды. Бұл, негізінен, жалғызбасты қарт адамдар, күтушісі жоқ мүгедек адамдар, сондай-ақ, бала-шағасы қарай алмайтын егде ерлі-зайыптылар. Мұнда әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың бәрі жасалған. Бес мезгіл тамақтану, медициналық қызмет көрсету ұдайы жүргізіледі, – дейді «Шапағат» әлеу­меттік қызмет көрсету орталығының директоры Кенжеболат Бәпішев.
Мекеме тұрғындарының тыныс-тіршілігімен таныстырған директордың әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары Жанар Есенаманова алдымен еңбек терапиясы бөлмесіне бастап барды. Мұнда гүл, өсімдік өсірумен айналысуға мүмкіндік жасалған.
– Мен осында келгеніме екі жылдай болды. Өсімдік өсіремін. Гүлдерді қыстай осында баптап, жазда далаға шығарамыз. Осы маңайдың бәрін жайнатып қоямыз, – дейді өзін Жұмағазы Сарбасов деп таныстырған зейнеткер.
Ал «Қолданбалы өнер» бөлмесіне келгенімізде де жұмыс қызып жатыр екен. Ою-өрнекпен айналысатын Жанболат Бейсенбаев көрпе, төсекше жасайтынын, тіптен «қыздың жасауын» дайындайтынын айтып мақтанып қойды.
Осы мекемеде 1989 жылдан бері істейтін мейірбике Ғалия Төлеуованы мүгедек жанның қан қысымын өлшеп жатқан сәтінде жолықтырдық. «Біздің жұмысымыз тәулік бойы үзіліссіз жүргізіледі. Өйткені мұнда қамқорлық пен мейірімділікке аса мұқтаж жандар тұрады ғой. Сондықтан да біз, дәрігерлер мен күтушілер оларға мейлінше сапалы әрі жылы шыраймен қызмет көрсетеміз» деді тәжірибелі мейірбике өз жұмысының жауапкершілігін меңзеп.
Мекеменің кітапханасы да тұрғындардың жиі бас қосатын жайлы орны екен. Біз кіріп келгенде Аманжол Байшин деген азамат «Астана ақшамы» газетін оқып отыр екен. Әңгімеміз бірден жарасып кетті.
– Бізде кітапханаға келушілер көп. Ал «Астана ақшамы» газетін тұрақты оқып тұрамыз. Өйткені осы газет арқылы еліміздегі, Астанамыздағы барлық оқиғаларды біліп отырамыз. Және бұл газет біздің мекеме жайында да жазып тұрады. Ойлы мақала оқырман олжасы ғой. Сіздердің газетте оқылатын қызықты мақалалар жиі шығады. Осылай жалғастыра беріңіздер. Түптеп айтсам, бізде сіздердің газеттің оқыр­мандары көп, – дейді Аманжол аға көңілі көтеріліп.
Иә, дәл қазіргідей баспасөзге жазылу нау­қаны жүріп жатқан кезеңде оқырмандар тарапынан осындай жылы сөз, игі тілек естігеннен жанымыз марқайды.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button