Жаңалықтар

КӨРНЕКТІ ЖУРНАЛИСТЕРДІ ЕСКЕ АЛДЫ

Астанада өлшеусіз шығармашылық еңбегімен елордамыздың қалыптасуына және дамуына үлес қосқан, жарық дүниеден ерте өтіп кеткен көрнекті қаламгер-журналистерді еске алуға арналған «Олардың есімдері біздің жүрегімізде» – «В памяти наших сердцах» атты кеш өтті.

«Қазмедиа» орталығының кино-концерт залына жиналған қауымға «Тұмар» журналының бас редакторы болған Фариза Оңғарсынова, «Жаңа Сарыарқа» журналының бас редакторы Нұрғожа Ораз, «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары Дидахмет Әшімханұлы, «Әлем әдебиеті» журналының бас редакторы Кеңес Юсупов, «Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы Марат Аққұл, ҚР «Телерадио кешенінің» редакторы Смағұл Рахымбек, «Хабар» агенттігінің тілшілері Азамат Қалымбетов пен Сергей Насыров, Алексей Пан, Ерлан Ақмұрзин, Ольга Латынина, Айжан Жұмабаева, Сембай Қисымұлы, Светлана Галиева, Әлия Жүсіпова сынды белгілі журналистердің өмір жолы, шығармашылық жетістіктері туралы естеліктер айтылып, бейнешолулар көрсетілді. Айтулы журналистер қызмет атқарған ұжымдар да осы шараға арнайы шақырылған отбасы мүшелеріне сый-сияпат ұсынып, құрмет білдірді.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев елордамыздың 20 жылдығына арналған игілікті іс-шаралардың басы осындай тағылымды да мазмұнды еске алу кешімен басталып отырғанын маңызды екенін атап өтті. Астанамыздың дамуына өздерінің шығармашылық таланттары арқылы ерекше үлес қосқан осындай ел азаматтарын елорда әкімдігі естен шығармайтынын әрі олардың асыл есімдерін ұлықтауға қашанда қолдау білдіретінін айтып, осы шараны ұйымдастыруға бастамашыл болған азаматтарға ризашылығын білдірді.
Кеш барысында жарыққа шыға бастағанына 27 жыл толған «Астана ақшамы» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары болып жемісті еңбек еткен Дидахмет Әшімханұлының зайыбы Лиза Саяқызына «Елорда Ақпарат» медиа ресурсы атынан ата дәстүрмен қамзол кигізіліп, гүл шоқтары ұсынылды.
– Бұл шара Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Астана қаласының 20 жылдығына орай өткізіліп отыр. Журналист қай уақытта болсын қоғамдық маңызы ерекше шығармашылық иесі болып қала бермек. Сондықтан Астанамыздың дамуына өзіндік үлес қоса білген, өздерінің соңынан айшықты із қалдырған журналистерді еске алып отыруды өзімізге парыз санадық. Осы шараны өткізуге қолдау білдірген Астана қаласының әкімдігіне, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, Тұңғыш Президент-Елбасы қорына, «Қазмедиа» орталығына, «Бас редакторлар клубына», «Ұлы дала қырандары» республикалық қозғалысына алғысымыз шексіз, – деді айтулы шараның ұйымдастырушысы Сәдібек Түгел.
Еске алу шарасы аясында тақырыптық-қайырымдылық концерт өтті.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button