Басты ақпарат

Өмірдің барлық саласын қамтыған қала

Бас қалада Орталық Азия көлемінде алғаш рет «Жаһандық инновациялық саммит – 2019» атты халықаралық форум өтті. Бұл маңызды шараға 16 елден 50-ден аса спикер келді. Жиында халықтардың бәсекеге қабілеттілігі және мемлекеттердің ұзақ мерзімді тұрақты өсуін қамтамасыз ету мәселесі сөз болды.

Жер жүзінің дуалы ауызды білікті мамандары жиналған самитте елорда әкімі Алтай Көлгінов қазақ елінің астанасында осындай әлемдік маңызы зор шараның өтуі – үлкен мәртебе екендігін жеткізді.
– Бұл – біз үшін абырой ғана емес, халқымыздың қонақжайлық қасиеті мен елорданың іскерлік әлеуетін көрсететін жаңа мүмкіндік. Біздің шаһарымыз соңғы он жылда адам танымастай өзгерді. Сондықтан бүгінгі жиындағы «Бәсекеге қабілеттіліктің өзгеруі, Ұлт, Энергетика, Индустрия, Талант» секілді тақырыптарды талдауға лайықты қала деп ойлаймын. Елорданың қалыптасу тарихы да тереңде жатыр. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей шешімімен бас қала алғашқы өзгерісті сәтті өткізіп, облыс орталығы болған шағын қаладан сән-салтанаты толысқан заманауи астанаға айналды. Елбасының 90-шы жылдардағы әлеуметтік-экономикалық қиындыққа қарамастан осындай батыл шешім қабылдауы – тарихи көрегенділік деп айтуға болады. Шаһардағы тұрғындар саны да 3,5 есеге артып, қазіргі күні 1 миллион адамнан асты, – деді қала басшысы.
Сонымен бірге Алтай Көлгінов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елорданың одан әрі табысты дамуына ерекше маңыз беріп отырғандығын айтты.
«Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы – заманауи инновациялық жобаларды іске асыратын және әлемдік талаптарға толық жауап беретін білім беру, медицина, спорттық кластер шоғыр­ланған орталыққа айналды. Сондай-ақ Назарбаев университеті, ЭКСПО, «Астана Опера» театры, «Астана» халықаралық қаржы орталығы секілді айрықша нысандары бар шаһар. Елорданың халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін 5 негізгі бағытты жоспарлап отырмыз. Осы міндетті іске асыру арқылы инвесторлар мен кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндік туады» деді шаһар әкімі.
Жиын барысында GFCC президенті Дебора Л.Винс Смит өз сөзінде еліміздің астанасы кездесуге өте қолайлы қала екендігін айтып: «Қазақстан – қазіргі таңда өмірдің барлық саласын қамтитын трансформациялық процестердің жүрегі» деді.
Ал Үкімет басшысының бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов Дүниежүзілік Банктің «Doing Business» рейтингісінде Қазақстан 28-орынға көтерілгенін, Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде еліміз 59-орынға ие болғанын атап өтті.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев саммиттің таңдалған тақырыбының өзектілігін айтып, соңғы он жылдықта болған өмірдің түрлі салаларындағы елеулі ілгерілеулер жайында әңгімеледі.
«Тұңғыш Президент Қорының миссиясы – елдің тұрақты дамуына және ұлтымыздың бәсекеге қабілетті болуына ықпал ету. Елбасының тапсыр­масы бойынша бірнеше жобаны іске қосамыз. Олардың бірі – еліміздің бәсекеге қабілеттілік қасиетін арттыру, тұрақты инклюзивті өсудің әлеуметтік-экономикалық моделі бойынша мемлекет үшін ұсыныстар әзірлеу және де ғылыми-тәжірибелік зерттеулер жүргізу» деді ол. Сондай-ақ Әсет Өрентайұлы Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент секілді ірі қалалардан талай таланттар түлеп ұшқандығын айтып, ал бас шаһардың дарындылар үшін озық орталық ретінде танылғандығын жеткізді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button