Әлеумет

ОТАНДЫ СҮЮ – ОРТАҚ ПАРЫЗ

Астана қалалық мәслихатында Әлеуметтік-мәдени дамыту мәселелерге арналған тұрақты комиссияның отырысы өтті.

kok-tu

Жиында қалалық Білім басқар­масының басшысы Қасымхан Сенғазыев елордалық білім орда­ларында жас ұрпақтың бойына пат­риоттық рухты қалыптастырудағы атқарылған шаралар жөнінде баян­дама жасады. «Отансүйгіштік тәрбие халқымыздың сан ғасырлық тарихынан бастау алады» деп сөзін бастаған баяндамашы астаналық мектептерде осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстарға кеңірек тоқталды. 2016-2018 жылдарға арналған патриоттық тәрбиені дамытуға бағытталған кешенді бағдарлама қа­былданғандығын жеткізді. Барлық балабақшалар мен білім орындарында Мемлекеттік рәміздер ілініп, оларға арналған танымдық, ашық сабақтар жиі өтетіндігін баяндады.
Әсіресе, оқушылар арасында әскери-патриоттық клубтардың жұмысы жақсы жолға қойылып, бүгінде олар­дың саны еселеп өскендігін айтты. Қысқасы, баяндамадан осы тақырыпта көлемді жұмыстар атқарылып жатқан­дығын көрдік. Сондай-ақ, Білім бас­қармасының басшысынан депутаттар мектептегі діни мәселелер туралы сұрады. Мәселен, оқушылардың діни киіммен сабаққа келуіне байланысты қойылған сұраққа білім басшысы: «Біз осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізіп, ата-аналармен кең отырып әңгімелесіп, түсіндіру шараларын өткізудеміз. Нәтижесі де жаман емес» деді ол.
Одан кейін қалалық Дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Данияр Есин діни ахуал жайында қысқаша баяндама жасады. Бұл тарапта да бірқатар шаралар қолға алынып, атқарылған.
Елордалық Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Болат Мажағұлов өз баяндамасында бас қаладағы Сәкен Сейфуллин мұражайы, Атамекен этно-мемориалдық кешені, Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені және Тарихи-мәдени мұра объектілерін және ескерткіштерін сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі дирекция мен қалалық Мемлекеттік мұрағатта сақталған жәдігерлер мен тарихи құжаттарға тоқталып, асыл мұралар жайында салмақты сөз қозғады.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button