Басты ақпарат

Өзіңе сұрақ қоя біл!

«Дүниеде жалқау адам жоқ, тек арманы құлшындырмайтындар ғана бар». Бұл сөзді қайсы ғұлама айтқаны есімде жоқ. Азанда сізді орныңыздан тұрғызатын қандай күш? Қазір көп адамдар мақала-кітап оқығанның орнына, қызықты қысқа видеоларды көреді, электронды ойын ойнайды. Қарап тұрсаңыз, бұл өзіне ойлану орайын бермеудің тәсілі сияқты. Ал ойлана қалар болса, «Өмірімнің мәні не?» деген сұрақтардың мазалауынан өлердей қорқады. Өйткені оның жауабын әлі тапқан жоқ…

[smartslider3 slider=1869]

Адам өз табиғатына неше жасынан бастап үңіле бастайды? 6-7 жасында балалар «Өмірге қалай келдім?» деп сұрайды. 13-14 жасында «Кім болам?» деп ойлана бастайды. 35 жас шамасында «Мен өзі кіммін?» деген үлкен сұраққа жауап іздейді. Әрине, әр адамның өзіне-өзі сұрақ қою жасы әркелкі болуы мүмкін, бірақ осы үш философиялық сұрақ адамның өмірге деген көзқарасының, парасат-пайымының, құндылығының негізін қалайды. Бағыт-бағдарын сілтейді. «Өмірге қалай келдім?» сұрағы әке-шешесі кімнен басталып, жеті атаны жеттік білуге дейін, өзінің туыс-туған жақын-жанашырларын, ата-бабасын, арысы ру-ұлысын тануға дейін жалғасып жатады. Бұл – қанның өз тегін іздеуі. «Кім болам?» деген сұрақ өзінің кәсібі мен мамандығын таңдау барысы. «Отызында орда бұзбаған, қырқында қыр аспайды» деген сөзді қайсыбір өрт тілді атамыз айтты екен, отыздан асқан соң ойланбайтын жан болмас. Қазірге дейін не бітірдім, енді не тындырам? Сонда осы тіршілікте не үшін тынымсыз жанталасып жүрмін? Бұл сұрақты өзіне-өзі қойған кезде есті адамның көбі үнсіз ойға шомады…

Бізде «үмітсіз – шайтан ісі» деген сөз бар. Жалпы өміріміздің шамшырағы ретінде үміт пен арманды жиі алға тартамыз. Баламыздан, болашағымыздан, өзімізге маңызды адамдардан үміт күтеміз… сол үміт талай қиындықтардан алып шығып жатады. Барға да, жоққа да, қуанышқа да, қайғыға да шыдатып, шыңдайтын – сол үміт. Үміт деген өмір жолымыздағы жарқыраған шырағдан секілді. Бірақ көнелер «Төзімнің де шегі бар» деп неге айтқан? Әсілі, төзімнің шегі осы үмітке байланысты еді. Үміт дегеніміз төзімнің алтын тиегіндей еді. Үміт өшпесе, алдамаса төзім бейне шойындай шыдас беретін. Шойын секілді төзімнің өзі аса морт келетін. Көбіне-көп адамдар үміттің оты сөнбегендіктен, ит тірлікке де төзіп жасай беретін.

Бірақ кейде сол үміт орындалмай қалуы да мүмкін, ондай шақта төзіміміз шарт сынып, морт кетер едік. Осы тұрғыдан алғанда, үміт дегеніміз – нәзік те, сырлы ұғым, ол кейде құтқарушы болуы да мүмкін, кейде алдамшы сезім болуы да мүмкін. Бұл туралы Виктор Франклдің «Өмірдің мән-мағынасы» атты кітабында мынадай бір оқиға баяндалады.

Виктор Франклдің өзі еврей, Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында фашистердің қанқұйлы лагерінде өмір өткізген. Енді түрме халі жантүршігерлік еді. Өлімнің қарапайым болып қалғаны соншалық, көп адамдар атылып өлу, жоғары кернеулі тоққа соғылу немесе улы газды үйге кіруді өздері таңдап барып өлетін дәрежеге жетеді. Сол шақта кімнің ертең өлетінін темекі шеккеніне қарап білуші едік дейді Виктор. Өйткені түрмеде темекі ең қымбат байлыққа баланады. Егер біреу ертеңдікке ештеңесін қалдырмай шегіп жатса, онда ол өлуді таңдады деген сөз. Ерте ме, кеш пе, бәрібір өлім болған соң түрмедегі адамдар ажалды жайбарақат қарсы алатын болған. Біреу еденге құлап түссе, қалғандары ақырын киімдерін бір-бірлеп таратып ала бастайды, ал анау жығылып жатқан адам да енді ештеңенің керегі қалмағанын сезіп, бәрін табиғи қабылдай беретін болған. Әрине, осылардың ішінде есте қаларлық оқиға – біреудің өз үмітінің азабына шыдамай көз жұмуы еді. Ол ұзақ уақыт бойы «Бұл түрмеден қашан құтыламын?» деп тәңіріне жалбарынумен күн өткізетін адам екен. Бір күні ғажап түс көреді. Түсінде «Сен 1945 жылы 30 наурызда еркіндік аласың» деген ап-анық аян келеді. Ол осы түстің күшімен бірер ай бойы қуанып өмір сүреді. Түс оған үлкен үміт сыйлайды. Бірақ түстегі айтулы уақытқа таяған сайын дегбірсізденіп, ештеңе өзгермегенін көріп, қорқынышы көбейіп, үміті азая бастайды. 29 наурыз да келіп жетті. Бірақ ол күткен ешқандай жаңалық өмірде туындамады. Ол өз ойынан өзі қорқып, қызып ауырып ұшып түседі. Көрген түсіндегі ап-анық айтылған сөздердің өтірік болатынына ешуақыт сенгісі келмейді. Солайша түрлі-түрлі сандырақтап жатып, дәл 30 наурызда жан үзеді.

Санақ мәліметтерге қарағанда, лагердегі өлім саны ең жоғары болатын кез – әсіресе, Рождестово мерекесінің алды-артында туындайды екен. Өйткені «Мерекеге дейін шыдасақ, мереке кезінде жеңілдік беріп, босатып қалар» деген болмашы үміттің ғайып болар кезі сол ғой.

Адамның көзі де, өзі де өлімге үйір болып, өлісі қайсы, тірісі қайсы айырылмай қалатын лагерде адамдар барынша екі үйекке жіктеледі екен. Бірі –шамасы келгенді шалып жығып, асын тартып жейтін мейірімсіз үстем тобыр, барынша қаныпезер, мейлінше сүркей. Ал екіншісі – түңілгендерді үмітке шақырып, қолындағысын бөліп беретін мейірімді адамдар. Виктор екінші топқа қосылады. Бұл топтың адамы аз. Күштері де әлсіз, жейтіндерін кейде басқаларға береді. Бірақ соңында тірі қалғандардың көбі осы топтан еді.

Адамның барлық байлығын тартып алуың мүмкін. Бірақ бір ғана еркіндігінен айыру мүмкін емес дейді Виктор, қандай еркіндік дерсіз. Ешқашан да, ешбір жағдайда да өзінің іс-әрекетін, позициясын басқаларға басқартпау еркіндігі. Тек осы еркіндіктен бас тартқан кезде ғана адамды басқалар оңай сындыра алар еді.

Виктор Франкл сонда адамды барлық қиындықтан алып шығатын үміт емес, қайта өзінен мағына табу екенін қорытындылайды. Адам өзін мағыналы, керекті сезінген кезде алдамшы үміттерге де сене бермейтін болады.

Сондай ит басына салмасын дейтін түрме жағдайында да жүзінен мейірім төгіліп, басқаларды берекеге, сабыр­ға шақырып, тіпті өзіне қол сілтеп, ұрып-соққан қанішер күзетшілерге де кешіріммен, аяушылықпен қарайтын дегдар адамдар болады екен. Ондай адамдар қандай кезде де өзін сабырлы ұстай алады. Солайша, түрме азабын кешіп жатқан жандарда жарық жалғаннан уаз кешпейді. Олар үшін өле салу оп-оңай, бірақ өмірлерін мағынасыз аяқтатқысы келмейді.

Енді қазіргі замандағы жаумай жасын түсіп, елдің-күннің аманында өзін-өзі мерт ететін жандар туралы тоқталайық. Өмірден түңілудің байлық, кедейлікпен аса көп қатысы жоқ. Бұның басты жұмбағы – адам өмірінің мағынасы не деп санайтындығында ғана. Санжар Керімбай «Өмірге ғашық болу» кітабында жазғанындай, асық ойнаса кештің қалай батқанын білмей қалатын ауыл баласы үшін өмірдің мәні асықта, ересектеулері үшін өмірдің мәні – футболда. Енді-енді махаббат дәмін татып, отырыс жасай бастаған жастар үшін өмірдің мәні – ғашықтықта. Қоғамға аттаған студент үшін өмірдің мәні – жақсы қызметте. Одан кейін үйлі болу, көлік алу, перзент сүюде. Ал кейбір адамдар үшін өмірдің мәні – малда немесе ақшада. Малы кемісе, ақшасы азайса, өмірінен мән, көңілінен сән кетеді. Әсілі, ақша-мал дегеніміз – өмір сүрудегі бір құрал ғана еді, бірақ оны қуа беріп өмірдің мағынасы етіп алған кезде ол да алдамшы үміт секілді бізді орға жығып, морт сындырып кетуі мүмкін еді. Көп адамдардың өмірден ерте түңілуінде бір ғана сыр бар, ол – өмірдің мағынасын баянсыз нәрселерден іздеу. Мысалы, кей жігіттер өмірдің мәнін ішімдік пен шегімдіктен тапқандай болады. Аз уақыттық көңіл алдарқатуға беріледі. Кейде осы арақтың құрығына басқа жоғын іздеп жүріп, абайсыз ілініп қалатындар да бар. Мысалы, бір ағамыз өзінің мансапта өсетініне қатты сенетін. Жоғарыдағы ағаларының отымен кіріп, күлімен шығып, барлық қызметін атқаратын. Бірақ кейіндеп, ол өзі ойлағандай өсе алмады. Өсе алмағанының өшін арақтан алды.

Өмірді мағыналы ететін ең баян­ды нәрсе не? Оны Санжар Керімбай өзгелерге шаттық бағыштау деп түсіндіреді. Расында өзгелерді қуантудың, шаттандырудың үлкен-кішілігі, шет-шегі жоқ…

Кейіндеп Илон Масктің өмірдің мағынасы туралы түсініктемесі бұл ойларды тіпті де толықтағандай болды. Илон Маск: «Өмірдің мәні дегеніміз – адамзаттың болашағы үшін үлес қосу, қайта туындайтын энергия көздерін ашып, Жер-ананы қорғау, ғарыш тасымалы мәдение­тін қалыптастырып, қаншама мың жылдарда қалыптасқан адамзаттың ақыл-парасатын және бір планетада запастау». Былайша айтқанда, қос ғаламшарда қоныстанып, адамзат өркениетін оқыс қатерден біржола құрып кетуден сақтау дегендерге сая­ды. 30 жасында-ақ ғұмырына жетіп асатын байлықты жинаған Илон Маск сол байлығын адамзат үшін кәдеге жаратудан әлі бір тынған жоқ. Ол тек өз өміріне ғана емес, өзі бастаған қаншама ғалымдардың ғұмырына жететін мағына тапқан адам еді.

Әрине, Илон Маск сияқты ірі істермен айналысуға күш-қуат, қабілет жетіссе жақсы-ақ, ал ондай орай болмаған жағдайда Санжар Керімбай сияқты біреудің батпаққа бата қалған көлігін шығарысып жіберу сияқтылар да қолжетімді қуаныш сыйлау әрекеттері еді. Шынымен, бір адамды болмашы болса да қуанту өзіңнің де қаншама күн энергияң тасып еңбектенуіңе жетіп артады.

Пенсияға шыққан соң адамды не нәрсе тез қартайтады деп ойлайсыз?

Қалада тұрған кезде әкемнің кәсібі тек қана үйде жатып телевизор көру еді. Бұл көптеген адамның армандағы тіршілігі болуы мүмкін. Бірақ есесіне әкемнің қыңқыл-сыңқыл ауруы, уыс-уыс дәрі ішуі көбейді. Кейіндеп бұл жағдайдың болмайтынын байқап, мен әкемнің өзі ұнататын ағашшылықпен айналысуына, оның ішінде де домбыра жасау сияқты жеңіл түрлерімен шұғылдануына мүмкіндік бердім. Қазір таңертең ерте жұмысына кетіп, қас қарайса да, бірдеңесін шұқыланып отырып алады. Жексенбіде демалу дегенді де ұнатпайды. Өзінің сүйікті ісі бар және қолынан шыққан туындыларға алдымен өзі риза.

Қарттар орталығында мынадай сынақ жасаған: екіқабатты көпбөлмелі ғимараттың үстіңгі қабатындағыларға тек қана бос жатуды, ал астыңғы қабаттағыларға көмектесіп, гүл баптап, түрлі өсімдіктерді бағумен айналысуды міндеттеген. Нәтижесінде бірнеше жыл ішінде үстіңгі қабаттағылардың өлім мөлшері астыңғы қабаттағылардан 1.5 есе жоғары болған. Бұл бізге нені түсіндіреді?

Жалпы қоғамда рухани құлазу және өзін керексіз сезіну сезімі бар. Өйткені осы замандық техникалар көп жұмыс орындарын қысқартып, кейбір салаларды құлатты. Сондай салаларға ғұмырын арнаған адамдар өзін керексіз сезіне бастады. Өзін керексіз сезінген адам өлімге іштей ынталанған жан деп қарауға да болады. Біреулерге бала кезден асқақ арман бітпеді. Кейбір адамдарды арманы алдады, өмір басқа қиырға айдады. Соның соңы қарашадағы қалтырауға, орта жастық тоқырауға тіреді. Адам тек балалары үшін ғана емес, өзіне көңіл бөлетін жандар үшін өзін керекті сезінуі қажет.

Ықылас Оразбай

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button