Әлеумет

ПАРАСАТТЫ ПАРЫЗЫМЫЗ

Алғаш рет аталып өткелі отырған айтулы мереке қалалық этномәдени орталықтарының барлық жек­сенбілік мектептерінде «Алғыс айту – парызым…» атты сабақпен басталды. Өткенін білмегеннің болашағы бұлыңғыр. Тұтас ұлттардың «халық жауына» айналып, өз жерінен еріксіз аударылып, босқын жұрттың қазақ жерінде пана тауып, соның нәтижесінде жаңа тарихтың жазылғанына көп уақыт өте қойған жоқ.

20140501164513
Салман ГЕРОЕВ

Осынау сабақтарға қатысуы шәкірттердің ата-әжелері мен әке-шешелері адам төзгісіз ауыр сынақтарды бастан кешті. Қазақтың кең құшағы мен ыстық пейілі тағдыр тәлкегіне ұшыраған талай отбасын ойрандалудан аман алып қалды. Қазақтар замана зобалаңын өздері де көре жүріп, тізерлеп қалған депортация құрбандарының еңселерін қайта көтеруге сеп болды. Мұндай кеңдікке кемел халық кемде-кем. Ендеше, оның бауырмалдық өне­гесін, жақсылықтарының жадымызда сақталған жылы шуағын бүгінгі ұрпаққа жеткізе білгеніміз жөн. Бұл еліміздің ертеңі саналатын жеткіншектеріміз үшін керек. Біз, қалалық ассамблея мүшелері, Елбасының айқындап берген сарабдал саясатына адалмыз. Сондықтан да елімізде бейбітшілік пен келісім мәңгіге бекіп, адамдар арасындағы достық пен үйлесімге қылаудай сызат түсірмей, кең байтақ республикамыздың кемелдене бе­руіне барымызды салуымыз қажет. Ұрпақтар ауысып, құндылықтар да өзгеріске ұшырап жатқан заманда бірлікті бекем ету – ең абзал іс.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында қалалық этномәдени орталықтарының қатысуымен басталған мерекелік шара наурыз бойына жалғасын таппақ. 4 наурызда Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы сауда орталықтарының бірінде Алғыс айту күніне арналған ашық есік күнін өткізеді. Бұл күні барлық этнос өкілдері қолөнер шеберлері туындылары көрмеге қойылады. Түрлі өнер ұжымдарының мерекелік бағдарламалар ұсынылып, ұлттық сазды аспаптарда ойнауды үйренеміз дегендерге шеберлік сабақтары жүргізіледі.

Алғыс айту күнінде қайырым­ды­лық шараларына да жаңа серпін берілмек. Әртүрлі акциялар аясында жиналған қаржы науқас бала­лардың ем-домына жұмсалады. Сый-сияпатын арқалаған мәдени орта­лық­тардың өкілдері ауруханаларда болып, қатерлі ісікке шалдыққан балалардың көңілін сұрай бармақ.

Осы күндері Ұлттық музейдің Қазақстан халқы Ассамблеясы залына материалдар жинақталу үстінде. Мұның сауабы мол. Қазақстанға жер аударылған халықтың тарихына тағы да үңіліп, өткен жылдардың ауыр сабақтарынан тағылым алуға мүмкіндік туады.

Тағылым мен тағзым үшін тарих беттерін қайта-қайта қараудың артықтығы жоқ. Өйткені, жер бетіндегі бейбітшілік пен ынтымақтың тым қымбатқа түсетінін естен шығармауға тиіспіз. Оның нәзік жібі үзіліп, адамзат жүрегін өшпенділік жайлап, мейірім мен кешірім жоғалғанда бар амалдың тым кеш болатынын барша қазақстандықтар жақсы түсінеді.

Салман ГЕРОЕВ,
«Вайнах» чечен-ингуш этномәдени орталығының жетекшісі

astana-akshamy.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button