МәдениетРуханият

ДИХАННЫҢ ДИДАРЫ

Талдықорған  облысы тарап, жұмыс орнымыз жабылып, жүдеп-жадап жүр­ген күреңқабақ күн­дер­дің бірі еді. Астана атанып, айы оңынан туып тұрған Ақ­моладан бес жыл университетте бірге оқыған  Мұратбек  Тоқ­тағазин  телефон соғып, жарым көңілімізді  жа­дыратар  жа­ғымды  жаңалығын  жеткізді.  «Еге­меннің»  екпінді тілшісі ретінде республикаға танымал талантты курстасым бар беделін салып  бала-шағаға «бас-көз» боп бес-алты айдан бері үйде бос жатқан маған мәнсапты қызмет тауыпты. Қалалық газет­тің бас редакторы Жұмагүл Саухат апайымен уағдаласып үлгеріпті. Тегінде, мені сыртымнан мақтап-мақтап «өткізіп» жіберген сыңайлы. Бұйырса, сол кісінің орынбасары болып қонжия қалмақпын. Енді тек жеделдетіп жетуге тиіспін. 

d24530180516a7f1497624e0c18dd4a5

ТАНЫСУ МЕН ТАБЫСУ

Асай-мүсейімді арқалап Арқа жаққа аттанарымда қиыр­дағы Қызыл­ор­дадан Бауыржан (онда Омаров осы қала әкімінің орын­басары-тұғын) хабар­­ласып, сәт сапар тіледі. Сөзі­нің со­ңында Алатаудың бауы­­рынан Са­ры­арқаның сауырына алғаш­­қылар сапында қоныс аударған дегдар замандасымыз Дихан Қам­забекұлына мені жақ­сылап тапсырғанын, жаңа ортаны жатыр­қамай сіңісіп кетуіме септігін тигізетінін астын сыза айтып, қобалжулы көңілімді демдеп қойды.

Содан алып-ұшып тәуелсіз Қазақстанның туы тігілген Ақ­молаға келдік. Көктемнің төбесі көрінгенмен ақ қар, көк мұздың көбесі сөгілмепті.
Академик Әлкей Марғұлан әспеттеген Бытығай қайда? Алдан Смайыл ағамыз жазғандай тарихтың талай сыры таңба­лан­ған Тайтөбе қай тұста? Қасиет қонған Қараөткелі қайсы? Бірін білмейміз.

Әйтеуір, абырой болғанда, айнадай жалтырап, ерімей жатқан ені жалпақ Есіл өзенін көрдік. Әртүрлі әдебиеттерден оқыған өлең жолдары еріксіз еске түсті.

«Есіл тасып барады жардан асып,
Қар жауады жаңбырмен араласып.
Шам сөндіріп барайын деген басым,
Ұйықтап өліп қалыппын, қара басып»,
– демеуші ме еді ел аузындағы ескі жырлардың бірінде.

Жадым жаңылыстырмаса, 1998 жылдың 10 сәуірінде елор­далық мәртебе еншілеген «Ақмола ақшамының» (қазіргі «Астана ақшамы») тұсаукесері болды. Оқушылар сарайы салтанатты жиынға қатысушыларға лық толды. Ой, сондағы оқырманның ыстық ықыласы-ай. Ағыл-тегіл тілектерін ақтарды. Біраз базыналарын да білдірді. Желпінген жерлестерінің жүрекжарды қуанышына ортақтасу үшін ат сабылтып Алматыдан жеткен атақты ғалым Тұрсынбек Кәкішев бастаған зиялы қауым өкілдерінің той үстіндегі толғаныстары алқалаған әлеуметті әдемі әсер­лерге бөледі.

Айтпақшы, әлгі Бауыржан әй­баттап жарнамалаған Дихан мырзаңызбен осы жолы таныс­тым. Әріптестеріммен әжік-күжік әңгіме қызығына кірісіп кетсем керек, әлдекімнің арқам­нан ақырын қаққанын кештеу аңғардым. Артыма бұ­рылып қарасам, қарсы алдымда бұрын көрмеген бейтаныс жігіт тұр ақсия күліп. Жаймашуақ жүзі­нен жан-дүниеңді жадыратар жы­лылық еседі. Аты-жөнін айтпай-ақ, кім екенін бірден білдім. Екеуміз ескі таныстардай шұр­қыраса төс қағыстырып аман­дастық. Құдайға шүкір, апаш-құпаш айқасқан сол құшағымыз әлі күнге дейін ажыраған жоқ.

АЛАШ АМАНАТЫНА АДАЛДЫҚ

Одан бері, міне, он сегіз жыл зулап өте шығыпты. Баяғыда әкесінің қал­пағын киіп ойнаған баланың қалпын байқататын Астанаңыз бүгінде бүкіл дүние жүзіне белгілі әсем шаһарға айналды. Бәріміз елордамен бірге есейдік. Ердің жасы – елудің есігін енді ашқалы отырған етене досымыз Дихан Қамзабекұлы да өмір­дегі өз соқ­пағымен өрге қарай батыл беттеп барады. Үнемі ізденіс үстінде. Ғылым жолында таң­даған төл тақырыбы – Алаш арыстарының әдеби мұраларын ақи-тақи зерттеуден ешқашан айныған емес. Алыс-жақындағы архивтерді ақтарып, қаншама құнды деректерді көзі қарақты көпшіліктің рухани олжасы етті. Мәйекті мақалалар жариялап, мазмұнды-мағыналы кітаптар жазды. Қазақтың қамын ойлап, қарекет қылғандары үшін алды атылып, арты айдалып кеткен ұлт қайраткерлерін ұлықтаудағы ұлағатты істеріне сүйсініп, қалайша таңдай қақпассың. Тұғыры биік тұлғаларымыздың есімін мектептерге, көшелерге бергізуге қомақты үлес қосты.

Елі үшін еңіреп өткен ердің сойы – Смағұл Сәдуақасовтың Мәскеуде сақталған сүйек күлін елге әкелуін екінің бірі бара бермес батырлыққа баласақ, айыпқа бұйырмассыз, ағайын. Сүйектері қайда қалғаны беймәлім боздақтар рухы туған топырағымызға қайта оралғандай сезіндік. Білдей мем­лекеттік мекемелердің орын­дауы оңайға соқпас орасан міндетті жалғыз өзі-ақ атқара салғаны ерлік емей немене?! Қоғамда әжеп­тәуір қозғалыс туғыз­ған бұл сауапты акция қашан аяқтал­­ған­ша Диханның жүйке жұқар­тар ұйқысыз түндер мен күлкі­сіз күндерді бастан кешкенін былайғы жұрт біле бермейді.

Ал, енді мұның Алаш қай­рат­керлерінің ұрпақтарымен аралас-құраластығы – айтып тауыса алмайтын әңгіме. Ұлтымыздың ұлы перзенттерін ұлықтаған көшелі ұлды қалың көпшілікпен бірге сталиндік қуғын-сүргін құрбандарының балалары мен немере-шөберелері де төбелеріне көтеріп, төредей құрметтейтініне талай куә болдық. Солардың той-томалақтарында томпиып төрдегі жақсы-жайсаңдардың ортасында жамбас мүжіп отыр­ған жампозымызды көр­генде жанындағы біздің де жалымыз күдірейіп, мерейі­міздің өсіп қалатынын қайтерсің.

Қағаз кемірген Қамзабек­ұлы­­­ның қазақ әдебиеттану тари­хындағы ойып алар орны туралы жеті ықылымның білімін тауысқан жетелі оқымыстылар орайлы ой толғаса жарасар. Ал, ғалым жолдастарымның қол­пашымен қоқиланып бір емес, екі рет кандидаттық диссертация тақы­рыбын бекіткенмен бел буып қорғамай кеткен мен «қудың» қолынан ондай шаруа келе қоймас. Сондықтан соқ­талы жерге соқтықпай, жө­німе көшейін.

ҚАЗАҒЫН ҰЛЫҚТАҒАН ҚАЙРАТКЕР

Қазіргі қазақ қоғамындағы беделі бес батпан («Дарын» мемлекеттік жас­тар сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің про­ректоры және т.т.) абыройлы, ақ жүзді азаматтың ай­рық­­ша атап өтуге тұрарлық тағы бір еңбегі – оның жаңа елор­да­мыздың мәдени-рухани кел­бетін қалып­тастыруға аянбай атса­­лысқандығы. Алаш аманатына адалдық танытып, ана тілі­міз­дің айбынын асыруға күш салды. Қазақша мектептер ашуға тал­пынған бастамашыл топ­тардың бел ортасынан табылды. Қалалық ономастикалық комиссияның мүшесі ретінде отар­шылдықтың оңайшылықпен кетпес белгісіндей әбден орыс­­­­­­танған көше атауларын қазақ­­­­­шалаудың концепциясын жасауға қатысты. Соның ар­қа­сында Ақмешіт, Жетісу, Сығанақ, Сауран, Түркістан, Баян­ауыл, Ордабасы, Оқжетпес секілді аяулы Атамекеніміздің аса қадірлі жер-су аттары Астана төрінен орын алды. Осы жолдар авторының кіндік кесіп, кір жуған Ойтоған ауылы да құтты ордамыздың бір орамы болып орнай қалғанын сәтімен жүзеге асқан сол жобаның жемісі санаймын. Ақылды бастардан шық­қан игі идеяның арқасында Ақордалы Астанаға кең-байтақ Қазақстан көтеріле көшіп келгендей керемет күй кешудеміз.

«АСТАНА ЖҰРТЫН АЙНАЛСАМ»

Қарымды қаламгер Дихан Қамзабекұлының «Астана ақшамы» газетінде (әсіресе, санаткер-редактор Амантай Шәріп басқарған тұста) жарық көрген көсемсөздері, ұлт, ұждан, ұрпақ жайлы көзқарасы, ойтұмарлары баспадан жеке жинақ болып шықты. Оқырман оң бағалаған ол кітаптың аты – «Жұрт». Автор бұрынғы-соңғының бәрі қастерлеген бұл киелі ұғымды қалауын тауып қолданған. «Қоныс» есебінде қолданса да көкейге қонымды, тереңірек тебіреніп «халық», «ел», «мемлекет», «отан» мағы­насында қарастырса да жанымызға жақын. «Жәкеңнің әңгімелері» айдары аясында топтастырылған ми­ниатюралық дүниелерде тол­ғауы тоқсан тіршіліктің толып жатқан тол­ғақты проблемалары кө­тері­леді. Қаузалмаған тақырып қал­мағандай. Сан алуан ситуациялар сарапталып, тұшымды пікірлер түйінделген. Кейбірін келтіре кетейік. Оқып отырсақ, «Иттің де өз тілі бар» екен. Ал, біздің қайсыбір қандастарымыз өзінің ана тіліне астамси қарайды. «Мұстафа Шоқайдың сүйегі» Германияда жерленгенмен, рухы өзіміздің өлкеде қалықтап жүрген сияқты. Тағдырдың тәл­кегімен тарыдай шашыраған қырық миллион «Күрдінің арманы» дербес мемлекет атану көрінеді. Азаттықтың ақ таңы атып, арғы-бергісін тани бастаған халқымызды шатып-бұтып әр нәрсенің басын шалған «Әуесқой тарихшылар» адастыруы әбден мүмкін ғой. Олай болса ондай «білгіштердің» оңды-солды «оттаубайына» неге тосқауыл қоймасқа?!

Әне, көрдіңіз бе, әлеуметшіл, алашшыл һәм қазақшыл Қам­забектің Диханы қаламын қалай-қалай сілтейді?!

«Астана жұртын айналсам». Кітаптың екінші бөліміндегі осындай ортақ «қалпақ» ас­тындағы жазбаларында ол ағынан жарылып, аяғын апыл-тапыл басқан жас елордамыздың еңселене түсуіне қандай қадамдар жасау қажеттігі төңірегіндегі ұтымды ой-ұсыныстарын алға тартады. Кейбір келеңсіз жәйт­тарға байланысты өзегін өртеген өкініштерін де жасыр­майды. Біз бірдеңе білсек, бұл – ұлы мұраттарға ұмтылған ұлысын, ата-бабаларымыз аң­саған, Алла жарылқап енді ғана қол жет­кізген Азаттығымыздың айға­ғындай Астанасын сүйетін, асыл мақ­саттарынан айнымас аяулы аза­маттың жанайқайы.

Амандық болса, оның ер­теңгі нұрлы елорданың өсіп-өркендеуіне еңбек сіңіре бе­реріне сеніміміз мол.

ТЕКТІЛІК ТӨРКІНІ

Ақсақал академик­тері­мізбен ертерек аралас­қаннан ба екен, біте қайнасқан осы досымыздың кейде одан бірер иткөйлекті бұрын тоздырған бізден ересектеу көрінетіні бар. Өйткені өзіміздің арамызда өрбіген пікірталастарда жасы кіші болса да бәтуалы сөзді бәріміз осы «баладан» күтеміз. «Қой асығы демеңіз, қолыңа жақса сақа ғой!» Ақылды афоризмге алып-қосарымыз жоқ.

Сыйласа, сырласа жүріп аңғар­ғаным, Диханның бойындағы бекзаттық қасиет қаршадай кезінен қалыптасқан. Оған «Он бес үй» әулетнамасын оқу барысында көз жеткіздік. Тектілік тезистеріндей тәрбиелік мәні зор естеліктерді сіздің де ет жүрегіңіз елжірей отырып оқырыңызға кепілміз. Атағы аңызбен астасқан Тәңіртаудың етегін, табиғаты тамаша Ақсу-Жабағылы аясындағы, түкті кілемдей түрленген Түлкібастың шұрайлы пұшпағын атажұрт қылған Қамзабек ақсақалдың ақарлы-шақарлы шаңырағы хақында сыр шертетін шежірелі жинақты жаңадан үйленген жастар үлгі-өнеге алар отбасылық оқулыққа теңесек болар еді. Бәсе деймін-ау, жүріс-тұрысынан кіршіксіз кісілік қонған ауылдың баласы екені көрініп тұратын Диханның түбінде тартпай қоймас негізі мықты екен ғой.

Анау жылы мен оның анасын көрдім. Ұмытпасам, Қарағанды жаққа ұзатылған қыздарының құдалығына келді білем. Қуа­нышқа жайылған дастархан басында жақсы-жақсы сөз­дер айтты жарықтығым. Елдегі туыс­тармен телефон арқылы сөйлесіп жатқан келіні Гүл­бай­раға дауыстап «Пойыз­дың барар-қайтар билеттерін алдын ала алып қойсын. Өзім сөйттім. Керек уақытында таппай қина­ласыңдар» дегені есімде қалып қойыпты. Себебі, баяғы кеңес дәуірінде үш баласын Мәскеуде оқытқан апамның бір ұлы ол кезде облыста үлке-е-ен қызмет істейтін. Біз білетін бүгінгінің ондай болып-толып отырған қолы ұзын кемпірлері (әсіресе Оңтүстікте) кесірді салып би­летті үйге алдыртар еді…

Асып-тасудан аулақ Диханның «дишесі» (ата-әженің бауырында өскен ол шешесін осылай атайды) өйтіп өңмеңдемейді. Қашанда қарапайымдылық қағи­даларын ұстанады. Адамгер­шіліктің ала жібін аттамайды.

Осындай өнеге көрген өреннің өз биігінен төмендемесі анық.

Талғат БАТЫРХАН,

astana-akshamy.kz

Материалды “Астана ақшамы” газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button