Мәдениет

ЖЫР АЛЫБЫНА АРНАЛҒАН ЖИЫН

Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі Қазақ әдебиеті кафедрасының мұрындық болуымен Жамбыл Жа­баевтың 170 жылдық мерейтойы аясында «Өлең-жырдың алыбы» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті.

1393568894

Біз Жамбылға жиі-жиі оралып отырамыз. Өйткені, бабамыздың бойынан бүгінгі таңда сиреп бара жатқан қазақтың қазыналы қариясының даралық мәдениеті мен даналық қалыбын көріп, көз ұшында бұлдырап қалған ғасырлардағы ұлтымыздың ғажайып қасиеті мен өнерін бір өзі арқалап, кейінгі ұрпақтарына жеткізген ұлылығы үшін де ұлықтаймыз.

Аталған оқу ордасындағы Мағжан Жұмабаев атындағы әдеби бірлестіктің жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Рахымжан Тұрысбек тау тұлға туралы тебірене сөз толғады.

– Жамбылдың ақындығы, жыраулығы мен жыршылығының өзі құбылыс саналады. Суырып­салмалық қабілеті де қарымды. Атамыз өзіне дейінгі даңғайыр ақындардың дәстүрін өз дарынымен байытқан. Бабамыздың 100 жылдығында жазушы Сапарғали Бегалиннің «Жамбыл» деген кітабы жарық көрген еді. Ол – даланың данагөйін көзімен көріп, сөзін тыңдаған адам. Сапекең сол еңбегінде Жамбылды шын мәнінде халықтың адамы, тума талант деп бағалаған. Ата тегі мен нағашы жұртында ақындық, әншілік, күйшілік арнаның болғанын жазады. Жалпы, жырау туралы айтылған, жазылған естеліктердің барлығында оның әруақты кісі екендігін айтады. Сондықтан, Жамбыл жылдар жылжып, ғасырлар өтсе де жаңғырып, жаңарып тұратын тұлға, – деді белгілі ғалым.
Жыраудың бірқатар дүниелері көрші қырғыз елінде сақталып қалғандығын кейінгі кезде ғалымдар жиі айтып жүр. Белгілі ғалым Бекен Ыбырайым осы жайында мерзімді баспасөзде тарқатып жазды. Енді осы деректі филология ғылымдарының кандидаты Болат Қорғанбеков те дәлелдей түсті. Оның айтуынша, Жамбыл «Шора батыр», «Мұңлық-Зарлық», «Алпамыс» дастандарын таңды-таңға ұрып жырлағанын, бірақ олардың бізде қағазға қатталып қалмағанын, қайта осы деректердің қырғыздарда бар екенін жеткізді. «Біздің қоғамда ауыз әдебиетін архаизм деп қарайтын түсініктің әсерінен ақын тұлғасын әлі жете түсінбей жүрміз. Оның көптеген шығармалары бізге жеткен жоқ. Ақын туындыларының тартымды болатын себебі, ол рухани ілімді жіті зерделеген» деді сөзін түйіндеп.

Жиында арқалы ақын Дәулеткерей Кәпұлы өлең-жырдың кемелі атанған Кенен Әзірбаевтың «Жамбыл жыр» дастанынан үзінділер орындап, жиылған қауымның делебесін қоздырып, айтулы шараның шырайын аша түсті. Және халық ақынының әдеби хатшылары жазып қалдырған естеліктерімен бөлісті.

Игілікті шара барысында ғалымдар ғана емес студенттер де салмақты сөз өрбітті. Атап айтқанда, Гүлжайна Алтынбекова, Айдана Сариева, Айтолқын Молдабекова жыраудың «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр» дастандары мен айтыстары негізінде байыпты баяндама жасады. Жас ақындар Бейімбет Сейілхан мен Дәулет Жәлелов әдемі айтыс өткізді. Жамбыл атамыздың шығармалары 1955 жылы қытай тіліне аударылып, 1980 жылдан бастап сол жақтағы қазақ оқулықтарына енген екен. Бұл тақырып та талқыланды. Қысқасы, жүз жылға жуық ғұмыр кешіп, өмірдің барлық ащы-тұщысын қатар көріп, арғы-бергі жақсы-жайсаңдардан бата алып, өзі де аузы дуалы батагөйге айналған дара тұлғаның қадірін салмақтаған салиқалы жиын өтті.

astana-akshamy.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button