Мәдениет

АБАЙ МҰРАСЫ – ҰРПАҚҚА ҮЛГІ

Дарынды балаларға арналған №81 «Astana English School» гимназиясында «Ғасырдан ғасырға» қалалық зияткерлік байқауы өтті. Шараны қалалық білім басқармасына қарасты «Астана дарыны» өңірлік ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды. 

e3f9f1

Байыпты басқосуды Білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева ашты.

– Біз қызықты уақиғаның куәгері болып отырмыз. Байқау кезеңдері ұлы ақын Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналмақ. Абайды оқымаған қазақты қазақ деу – қиын. Ұлы ойшылдың өлеңдерін, қара сөздерін үйде де, мектепте де жатқа оқыдыңдар. Сайыстағы мақсат – ақын туралы жиған-терген білімдеріңді паш ету, – деді ол қатысушыларға қарата айтқан сөзінде.

Бұл шығармашылық бәйге оқушылар арасында кеңінен танымал. Онда елордалық 8 мектептің оқушылары өзара бақ сынасты. Балалар бірінші кезеңде көрермен назарына сахналық қойылым ұсынды. Қойылым Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы басты кейіпкер тұлғасы, ой-толғанысы, жазушының түйінді идеялары туралы сыр шертті. Екінші айналымда білімпаздар «Оқығанымыз Абай болды, тоқығанымыз қалай болды?» деген сұраққа жауап берді. Соңғы кезеңде «Сиқырлы сандыққа» салынған қандай зат екенін табу керек болды.

Байқаудың гран-при жүлдесін №40 орта мектеп оқушылары иеленді. Олар Абайдың туған жеріне жолдама алды. Жеңімпаздарға сыйлықтарды филология ғылымының докторы, жазушы, абайтанушы Тұрсын Жұртбай табыстады. Бірінші орынды №76 және №64 мектеп оқушылары өзара бөлісті. Топ жарғандарға «Абай әліппесі» шығармасының электронды нұсқасын сыйға тартты. Ал екінші орын №78 және №48 мектептеріне бұйырса, №3, №54 және №73 мектептері үшінші орынды қанағат тұтты. Байқау қатысушыларына М.Әуезовтің «Абай жолы» кітабы мен дип-ломдар берілді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Абай әлемі бізді жеті түнде адас-тырмайтын темірқазық. Соған қарап тілегіміздің дұрыс-бұрысын сараптай аламыз» деп баға берген. Сондықтан да, оқушылар арасындағы өткізілген сайыстың маңызы зор.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ, astana-akshamy.kz

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button