Sport

Парижге бет алды

Елордада «Шекарасыз спорт» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі адамдардың қатысуымен «Blind Race Astana – Paris» атты ерекше веломарафоны басталды.

Жоба шеңберінде көзі нашар көретін және зағип жандардан құралған команда 5000 шақырымнан астам арақашықтықты жүріп өтпек. Астанадан жолға шыққан қатысушылар 8 қыркүйекте веложарыстың отаны – Парижде мәреге жетуді жоспарлап отыр. Марафоншылар 6 мемлекет – Қазақстан, Ресей, Беларусь, Польша, Германия және Францияда болып, 30 қаланы жүріп өтеді. Жобаның бір мақсаты да сол – елдер арасындағы достық қарым-қатынасты дамытып, велошабандоздар арасында тәжірибе алмасу. Спортшылар 11 ірі қалада қоғам белсенділерімен, ерекше қажеттілігі бар жандармен және БАҚ өкілдерімен кездеседі.
Веломарафонға жалпы 15 спортшы қатысады. Олардың қатарында Бахтияр Базарбеков, Кенжегүл Сейтжан, Мусрят Елібакиев, Данияр Базарбек, Мұрат Айтжанов, Қанат Ермекұлы, Ильяс Фаткулин сияқты танымал спортшылар бар.
Халықаралық жарыстың салтанатты ашылуында сөз сөйлеген ҚР Қоғамдық даму істері вице-министрі Берік Арын спорт арқылы мүмкіндігі шектеулі жандарды белсенді өмірге үндеудің маңызын атап өтті. Вице-министрдің пікірінше, жоба мүгедектігі бар адамдарға тең және бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасайды.
«Астана–Париж» веломарафоны тек екі елді біріктіріп қана қоймай, мүмкіндігі шектеулі жандардың рухын көтеріп, бір мақсатқа жұмылдыратыны сөзсіз.
Ал веложарыс ұйымдастырушысы, «Шекарасыз спорт» жобасының жетекшісі Бахтияр Базарбековтің айтуынша, марафон салауатты және позитивті өмір салтын насихаттап, велосипедті экологиялық таза көлік ретінде танытуды көздейді. Сонымен қатар, экотуризмді дамытып, ерекше жандар арасында спортты кеңінен дамытуға жағдай жасау.
Биыл өткізіліп жатқан жарыс үшінші рет өткізіліп жатыр. Бұдан бұрын Алматы–Астана, Алматы–Ыстықкөл бағыттары бойынша веломарафон ­ұйымдастырылған еді.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button