Елорда тынысы

Педагогтар белсенділік танытуда

Елордалық бір топ мектеп мұғалімдері коронавирустық инфекцияға қарсы ревакцинациядан өтті. Бүгінгі таңда қаладағы барлық егу пункттерінде вакцинациямен қатар халықты COVID-19-ға қарсы ревакцинациялау да жүргізіліп жатыр.

[smartslider3 slider=1846]

Ревакцинадан алдымен халықпен тікелей жұмыс істейтін мамандар өтіп жатыр. Олардың қатарында құқық қорғау органдарының қызметкерлері, медицина қызметкерлері, мұғалімдер және созылмалы ауруы бар осал топтардың азаматтары бар.

Қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев мұғалімдер үшін бірінші кезекте ревакцинациядан өту маңызды екенін атап айтты. Өйткені денсаулықтан бөлек, бұл оқу процесіне де әсер етуі мүмкін. Мысалы, мұғалімде коронавирус анықталатын болса, ол 14 күн бойы үй карантинінде болады, бұл оқу процесіне қосымша күш түсіреді.

 «Біз бүгін әріптестерімізбен – білім басқармасының қызметкерлерімен, мектеп, қосымша білім беру нысандарының, мамандандырылған мектептердің басшыларымен ревакцинация­дан өтіп жатырмыз. Біз мұғалімдерді ревакцинациядан өтуге шақырамыз. 17 қаңтардан бастап үшінші тоқсан онлайн режимде басталды, біз педагог ретінде балаларымыздың үйде қамалып, қашықтан экран арқылы білім алғанын қаламаймыз. Онлайн оқыту болған 1,5 жыл ішінде білім беру сапасының төмендегенін байқадық, бұл әсіресе балаларымыздың тәрбиесіне әсер етті. Сондықтан балалар мен ата-аналардың денсаулығын қорғау және жұқтырмау үшін мұғалімдер ревакцинациядан өтеді» деді қалалық білім басқармасының басшысы.

№2 қалалық емхана директорының емдеу-алдын алу жұмысы жөніндегі орынбасары Майра Ахметова қазіргі таңда медициналық мекемеде 51 мыңға жуық азамат вакцинациядан өткенін мәлімдеді.

«Ревакцинация басталды, сонымен қатар «Pfizer» препаратымен 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдерді, 16-37 апта аралығындағы жүкті әйелдерді, сондай-ақ босанғаннан кейінгі кезеңдегі әйелдерді 41 күннен бастап, сол сияқты 60 жастан асқан қарт адамдарды вакцинациялауды жалғастырамыз. Бірінші кезекте медицина қызметкерлері, педагогтер, созылмалы аурулары бар адамдар санаты, қарттар қайта вакциналанады. Азаматтар қандай препаратпен ревакцина алатынын таңдай алады. Қытайлық, қазақстандық вакциналар бар, сондай-ақ «Спутник Лайтпен» қайта вакциналаймыз. Емхана­мызда қызметкерлердің 90%-дан астамы ревакцинадан өтті. Бұл шара денсаулықты сақтау және вирустан қорғану үшін қажет, сондықтан біз барлығын коронавирусқа қарсы вакцинациядан және ревакцинациядан өтуге шақырамыз» деді Майра Ахметова.

                    Баян АСЫЛБЕКОВА

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button