ӘлеуметБасты ақпаратЭкономика

Қай банктің карточкасы тиімді?

Қазақстанда 15 миллионнан астам адам төлем карточкасын тұтынады. олардың пайда болғанына жарты ғасырдан асты. Әлемдік карточка индустриясы 2000 жылдары кеңінен дамыса, уақыт көшінен қалмай қазақстандық банктер де 2005 жылдан бастап «чиптік» карталар шығаруға кірісті. Сөйтіп, соңғы он жыл ішінде ақы төлеу, қолма-қол ақша алу, валюта айырбастау үшін карточканың тиімді құрал екендігіне көз жеткізді.
Осы ретте «Астана ақшамы» газеті бірнеше банктерге сұраным жолдады. Айта кетейік, Кейбір банктер жауап беруден бас тартты. Біз мәліметтерді қосымша ресми сайттардан алып, тексердік, call орталықтарынан алынған кеңестерге де құлақ түрдік. Сонымен, төлем карточкасын кім шығарады? Елімізде қандай банктің карточкасы тиімді?

Woman using cash machine-ATM,close up view.

Төлем карточкасының танымалдылығы халық арасында артып келеді. Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметіне сүйенсек, Қазақстанда 15,6 млн адам төлем карточкасын тұтынады екен. Банк карточкалары пайдаланған транзакциялардың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 40,2 пайызға өскен. Қолма-қол ақшасыз төлем үлесінің дәл осындай қарқынмен дамуы, ұлттық экономикамыздың айқын көрсеткіші екені дау­сыз. Төлем карточкаларын шығаруды іс жүзінде жиырма бес банк пен «Қазпошта» АҚ жүзеге асырады.
Бүгінде халықтың көкейінде банк саласына, соның ішінде төлем карточкасына байланысты туындаған сауалдар жетерлік. Қай банктің карточкасы тиімді екендігін жұрттың көбі біле бермейді. Сондықтан, біз көпшілікке кең тараған жалақы карточкасы мен дебетті карточкалар туралы айтсақ дейміз.

Жалақы карточкасының жөні бөлек
Жалақы алатын карта, яғни жұмыс берушімен әріптестік орнатқан банк картасы. Мұнда, әдетте, қызметкердің таңдауы жоқ – көрсетілетін қызметке қанағаттануға мәжбүр. Ондай пакеттерге арналған шарттар карта иесіне емес, жұмыс берушінің бухгалтериясы мен банк-эмитент арасындағы келісімге тәуелді. Сондықтан тек жылдық қызмет көрсетуіне назар аударайық.
Әдетте, көптеген банктер осы жалақы шартына отыр­ған мекемелерге карточканы тегін ашып береді. Тек жылдық қызмет көрсетуге комиссия алынады. Тұтынушыларды тарту әрі оларға ыңғайлы болу үшін бірінші жыл тегін пайдалануға мүмкіндік беретіндер де бар. Мәселен, жалақы жобасы аясында «Халықбанкінің» Visa Electron ISIC карточкасын бірінші жылы тегін қолдануға болады. Одан кейінгі жылдарға 840 теңге төлеу керек болса, бюджеттік мекеме қызметкерлері мен студенттер үшін небәрі 300 теңге алым қарастырылған екен. Дәл осы сауалымыз­ға «Центркредит» банкінің жетекші маманы Анар Айт­баева: «Банкте жалақы жобасына қатысушылар үшін дербес тарифтер көзделген. Тарифтер компания қызметкерлерінің санына және еңбек­ақы қорының аударылатын мөлшеріне байланысты» деп қысқа қайырды. Ал «Еуразиялық банктің» «Vanilla» топтамасының жылдық комиссиясы 1200 теңге тұрады. «Каспий банк» тұтынушылар үшін алғашқы үш жыл бойы ешқандай комиссия алмайды, одан кейінгі жылдан бастап 0,2 пайыз төлейсіз.
Жалпы, банктерде карточка түріне байланысты жылдық комиссия 600 теңге мен 42000 теңгенің аралығын құрайды екен.
Кез келген азамат төлем карточкасын аштыру кезінде екі жақты келісімшарт бойынша төлем карточкасының барлық талаптарын, тараптардың құқылары мен міндеттерін, жауапкершілігін білуі тиіс.

Жағымсыз тұстарын жасыруға болмайды
Жалпы, қандай карталар бәрінен ыңғайлы? Олардың артықшылығы мен кемшілігі қандай? Белгілі бір банк карточкасын таңдау кезінде неге назар аудару керек?
Әрине, кез келген банктің кез келген мақсатқа арналған карточкалары болады. Несие карталары бойынша да талай қызықты ұсыныстар бар. Бірақ біз тек дебетті – яғни қарыз алуға мүмкіндігі немесе несиеге зат сатып алуға рұқсаты жоқ, тек шотқа салынған ақшаны ғана пайдалануға беретін карточкалардың артықшылығы мен кемшілігіне тоқталайық.

Qazkom
Артықшылығы: Ең бірінші банкоматтар желісінің көптігімен ерекшеленеді. Оған қоса «Halyk» банкоматтарын пайдалануға болады. Өзге банктермен салыстыр­ғандағы ең жоғары пайыз, яғни 30%-ға дейінгі қосымша сыйақы бонустары бар. Сыйақы беретін 6000 серіктестігі бар екенін айтсақ, әлеуеті жоғары екенін өзіңіз бағамдай беріңіз. Қосымша карталар шығару мүмкіндігі де қарастырылған. MasterCard PayPass/Visa payWave байланыссыз төлеу технологиясымен карта жасау мүмкіндігі кез келген азаматтың көңілінен шығатыны сөзсіз.
Кемшілігі: Банк қолма-қол ақша бергені үшін және СМС-банкинг пайдалансаңыз ақы алады. Әлгінде айтқан 30 пайыз қосымша сыйақылар өте сирек кездеседі, көбіне 1 пайыздан 5 пайызға дейінгі қосымша сыйақылар аударылады. Қосымша сыйақымен тек әріптестер желісі мен ұялы операторларды төлеуге болады, оларды қолма-қол ақша етіп алуға, тұрмыстық қызметтерді төлеуге рұқсат бермейді. Картада қалған соманың қалдықтарына сыйақы қарастырмаған. Тағы бір айта кетерлігі, картада ақшаны тек бір валютада – теңгеде сақтауға болады.

ForteBank
Артықшылығы: Еліміздің кез келген банкоматынан ақша шешіп алғанда ешқандай комиссия ұсталынбайды. Әрі өзге банктер секілді шектеу жоқ. Төлемдерге cashback 1 пайыздан 15 пайыз­ға дейін беріледі және оларды қолма-қол ақша етіп алуға болады. MasterCard PayPass/Visa payWave байланыссыз төлеу технологиясымен карта жасау мүмкіндігі қарастырылған.
Кемшілігі: Шетелде қолма-қол ақша алғанда комиссия ұсталынады. Электр қуаты, газ, су, мемлекеттік және көлік қызметтеріне cashback есептелмейді. Карта салыстырмалы түрде ұзағырақ дайындалады.

Kaspi Bank
Артықшылығы: картаның дайындалу мерзімі небәрі – 15 минут. Еш комиссия төлемей кез келген банктің банкоматтарынан қолма-қол ақша алуға, толтыруға болады. Картаны өзіңмен бірге алып жүру міндетті емес. Картада қалған соманың қалдығына сыйақы – жылына 10 пайыз, қосымша сыйақы – 1 пайыздан 5 пайызға дейін қарастырылған. Kaspi.kz арқылы барлық қызмет түрлерін қосымша сыйақы есебінен төлеу мүмкіндігін айтуымыз керек. MasterCard PayPass байланыссыз төлеу технологиясымен карта жасату мүмкіндігі де бар.
Кемшілігі: Картада ақшаны тек бір валютада – теңгеде сақтауға болады. Сондай-ақ ақша шешуге шектеу қойылады. Егер де сіз картаңызды өз бетіңізше ашсаңыз, онда сіз комиссиясыз тек 300 мың теңгеге дейін ғана ала аласыз. Содан соң артық алынған ақшадан 0,95 пайыз ұсталады. Қосымша сыйақыны ақша түрінде шешуге болмайды.

Halyk Bank
Артықшылығы: Елімізде банкоматтар мен бөлімдердің кең желісі +Qazkom банкоматтарын қолдануға болады. Halyk Bonus клубының түрлі акциялары (ресторандар, киім, ойыншық дүкендері, дәріханалар – әріптестердің кең желісі) бойынша 1 пайыз­дан 5 пайызға дейінгі қосымша сыйақы қарастырылған. Картамен төлеу кезінде 30 пайызға дейін үнемдеуге болады. Қосымша карта жасату мүмкіндігі бар. Мультивалюта: KZT, USD, EUR, RUB.
Кемшілігі: Барлық операцияларға, мәселен, ақша шешу, аудару, SMS-банкингке комиссия ұсталынады. Қосымша сыйақымен тек HalykBonus клубы әріптестерінің тауарлары мен қыз­меттерін төлеуге болады, ақшалай алуға мүмкіндік жоқ. Басқа банк картасына ақша аудару тек Visa жүйесі арқылы іске асырылады. Картада қалған соманың қалдықтарына сыйақы берілмейді.

Сбербанк
Артықшылығы: Картаның мультивалюталығы: KZT, USD, EUR, RUB. Төлемдерге (қызметтерді төлеуден басқа) cashback 1 пайыз, оны қолма-қол ақша етіп алуға мүмкіндік бар. Қосымша карталар мен MasterCard PayPass/Visa payWave байланыссыз төлеу технологиясымен карта жасау мүмкіндігі қарастырылған.
Кемшілігі: Картаның дайындалу мерзімі 10 күнге дейін созылады. Бұл – басқа банктермен салыс­тырғанда ең ұзақ жасайтын банктердің бірі. Қолма-қол ақша етіп алу, ақша аударуға жоғары комиссия ұсталады және қосымша қызметтерге (SMS-банкинг) төленеді. Картада қалған соманың қалдықтарына сыйақы жоқ.

Астана Банкі
Артықшылығы: Картаның мультивалюттілігінде, яғни басқа банктермен салыстыр­ғанда таңдау мол: KZT, USD, RUB, EUR, GBP. Картаны жеткізіп беретіндей етіп тапсырыс беруге болады. Сатып алуға cashback 1,2 пайыз, оны қолма-қол ақша етіп алуға мүмкіндік пен картада қалған соманың қалдықтарына, басқа банктермен салыс­тырғанда ең жоғары пайыз.
Кемшілігі: Ақша шешуге комиссия ұстау мен ұстамау­дың тәртібі күрделі. Карта ұзақ мерзімде дайындалады.

Қорыта келе, тағы бір байқағанымыз, банк желісіндегі банкоматтар арқылы қолма-қол ақша алудың ең төменгі комиссиясы болмайды. Дәлірек айтсақ, ұсталатын банк комиссиясы қолма-қол ақша мөлшеріне қатысты пайызбен есептеледі. Сондықтан, қолма-қол ақшаны қандай мөлшерде алсаңыз да, ұсталатын комиссия кейбір банктерді айтпағанда, сол алынатын ақша көлеміне байланысты есептеледі.
Бүгінде сауда және қызмет көрсету кәсіпорындарында сатып алынған тауар үшін карточка арқылы ақы төлеген кезде, операция үшін комиссия ұсталмайды. Бұл жағдайда кейбір сауда орындары мен мекемелерге бонустар беріледі. Ақшаны қолма-қол ұстағаннан гөрі төлем карточкасын пайдаланудың артықшылығы көп. Егер тұтынушы көңілінен шықпаған тауар немесе қызмет үшін төлем жасап қойған таласты жағдайда карточканы шығарған банк қаражатты қайтаруға көмектеседі.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button