Басты ақпаратРуханият

Қазан төңкерісі қазаққа не берді?

взять деньги в долг по паспорту срочно

Бүгін бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп, жер шарының алтыдан бір бөлігін алып жатқан алып аумақты түгел шарпыған Қазан төңкерісіне тура 100 жыл толды. Ол ХХ ғасырдағы жаһан тарихына тікелей әсер еткен орасан зор оқиға болды. Осы ұлы дүрбелеңнің дәргейі қоғамдық формацияға социализм дәуірін әкелді. Сөйтіп, дүние жүзінде бір-біріне қарама-қарсы бағыттағы екі лагерь пайда болды. Бұл екі жүйенің текетіресі 70 жылдан аса уақыт планета жұртшылығын екіге бөліп келіп, соңы 90-жылдары Кеңес Одағының біржола ыдырауымен аяқталды.
Кеңестік дәуірдегі Қазақстанның жүріп өткен жолына баға бере келгенде, оның барынша ұзаққа созылғанын және процестің мейлінше күрделі болғанын естен шығармау керек. Демек, оны біржақты ақ немесе тұтас қара бояулы етіп көрсетудің орайы келмейді. Бұл кезеңнің қазақтар үшін тиімді жақтары болды, сонымен бірге залалы да аз емес еді.

1917 жылдың ақпан айында болған буржуазиялық төңкерістің қорытындысында
А.Керенский бастаған Уақытша үкіметтің құрылуы, нау­рыз­дың басында император II Николайдың тақтан бас тартуы, содан кейін билікті алуға тиіс болған ұлы князь Михаилдың да монархияны жалғастыруға құлық танытпауы, осы аралықтағы биліктің елдің тізгінін ұстауға қауқарсыз болып шығуы қазан айының соңына қарай Ленин мен Троцкий бастаған большевиктердің көтеріліп, сыртқы үлкен елдердің астыртын көмегі нәтижесінде мемлекетті күшпен тартып алуына жеткізді.
Қазақтар алғашқы ақпан төңкерісін қуана қарсы алды. Өйткені олар патша өкіметі тұсындағы бодандық бұғауынан біржолата құтыламыз деген үмітке малданды. Сондықтан уақытша үкіметті қолдаған қазақтың оқыған азаматтары өздерінің Алашорда деп аталатын ұлттық партиясын құруға қол жеткізді. Осы партия басшылығымен 1917 жылғы 18-26 желтоқсан күндері Орынборда өткен екінші жалпықазақ съезінде Алаш автономиясы жария етілді. Алайда 1918 жылы басталған большевик әскерлері мен олардың жаулары арасындағы азамат соғысы барысында Алашорда Қазақстан территориясының көп бөлігіне бақылау жасай алмады. Колчакшылардың қазақтарға автономия беруден бас тартуы мен, керісінше, большевиктердің ұлтты өзін-өзі анықтауына шақыруы 1918-1919 жылдары Алаш­орданың дағдарысқа ұшырап, ақырында күйреуіне апарып соқтырды. Ал азамат соғысында жеңіске жеткен большевиктер мен олардың одақтастары Қазақстандағы өз билігін заңды тұрғыда бекіте түсудің шараларын жасады. Осы тұста Алашорданың іс-әрекеті қазақтар арасында автономизм идеясының танымал бола бастағанын байқатты. Сондықтан кеңес өкіметі қазақ жерінде автономия құру идеясын қолдады. Бірақ олардың автономиясы Алаш ойлас­тырғаннан басқашалау болып шықты.
Алашордашылар 1919 жылдан кейін большевиктермен ымыраға келуге мәжбүр болды. Оның Әлихан Бөкейханов бастаған басшылары осыған дейін мүмкін болған барлық варианттарды қарастырып бақты. Олар КОМУЧ-пен де, Сібір үкіметімен де, Директориямен де, Колчакпен де келіссөз жүргізіп көрді, бірақ бәрінен алған жауабы біреу-ақ болды, олар әртүрлі пішінде айтылғанымен, Ресейдің біртұтас екендігі мен бөлінбейтіндігін алға тартты. Ақтар қозғалысында ешкім де Алаш автономиясын ресми түрде мойындағысы келмеді. Ал большевиктер әу басынан халықтың өзін-өзі анықтауына құқық беретіндерін жариялаған болатын. Әлбетте, барлық автономиялар РКП (б)-ның толық бақылауында болуға тиіс. Большевиктер сонымен бірге Алаш партиясы басшыларымен және Алашорда үкіметі мүшелерімен қызметтес болуға, оларды ұлттық республика құруға тартуға әзір екендерін де білдірді. Жалпы, большевиктер ұран тастауға шебер болды: «жер – шаруаға, зауыт – жұмысшыға, билік халыққа берілсін» деген соң жұрт неге ермейді оның соңынан? «Қазаққа бос­тандықты саует хүкіметі берді» деп жазды сол күндері алашшыл қайраткер Смағұл Сәдуақасұлы.
1920 жылғы 26 тамызда Қыр­ғыз (қазақ) кеңестік социалистік автономиялы респуб­ликасын құру жөнінде қаулы қабылданды. Ал сол жылғы 22 қыркүйекті Орталық комитет Қырғыз (қазақ) АКСР-і құрамына қосымша Орынбор губерниясын кіргізіп, республиканың орталығы етіп Орынбор қаласын белгіледі. Орталық 1924 жылы Қызылордаға көшкеннен кейін республиканың ұлттық-мемлекеттік шекарасын белгілеп алу жұмыстары жүргізілді. Осының нәтижесінде оның Орта Азия респуб­ликаларымен және РСФСР-мен арадағы мемлекеттік шекаралары анықталды. Бұл тұста республика территориясы өзінің үштен бір бөлігіне дейін ұлғайып, тағы 700 мың шаршы шақырым жерді және 1 млн 468 мың халықты қосып алды. Сөйтіп, тарихта бірінші рет қазіргі таңдағы Қазақстанның бет-бейнесі жасалды. Тағы бір ерекше айта кететін жайт, халқымыз тап сол кезде өзінің «қазақ» деген тарихи атауын заң жүзінде қайтып алды. Сөйтіп, респуб­лика енді Қазақ кеңестік социалистік автономиясы деген атау алды. Арада тағы 12 жыл өткенде, 1936 жылғы 5 желтоқсанда Қазақстан, жаңадан қабылданған Конституцияға сәйкес, одақтас республикаға айналды.
Міне, қазақтардың кеңес өкіметінен көрген алғашқы екі зор пайдасы ел ауқымын қазіргі қалпына келтіріп алуы мен өзінің тарихи атауын қайтарып алуы болды. Бұл кезге дейін қазақ жері үш ірі бөлікке бөлініп, бір-біріне ешқандай қатысы болмай тұрған еді. Бұған патшалы Ресейдің соның алдында жүргізген әкімшілік басқару реформасы жол салып берген болатын. Патша өкіметі алдымен 1865 жылы Қазақстанның әр аймағының шаруашылық ерекшеліктерін, қолданыстағы басқару жүйесін, әдеттегі құқықтары мен реформа жобасын игеру барысын зерттеу үшін комиссия құрды. Оның жұмыс қорытындысында 1867 жылғы 11 шілдеде «Жетісу және Сырдария облыстарын басқару туралы уақытша ереже», 1868 жылғы 21 қазанда «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлығы далалық облыстарын басқару туралы уақытша ереже» шықты. Осы реформа негізінде бүкіл Қазақстан территориясы алты облыстан тұратын үш генерал-губернаторлыққа бөлінді. Орынбор генерал-губернаторлығына Орал және Торғай облыстары, Сібір генерал-
губернаторлығына Ақмола
және Семей облыстары, Түркістан генерал-губернаторлығына Жетісу және Сырдария облыстары қарады. Алайда аталған облыстар қазіргі заманғы Қазақстан территориясын түгел қамти алған жоқ. Осылайша, Бөкей хандығының жері Астрахань
губерниясына бағынса, Маң­ғышлақ уәкілдігі 1870 жылы Кавказ әскери округіне, ке­йінірек Закаспий облысының құрамына кірді. Олай болса, осы территорияның бәрін
1924 жылы бір шаңырақтың астына біріктіріп, Қазақстан автономиялы республикасын құру үлкен жеңіс болды.
Төңкерістің қазақ тарихында оң сипаты мұнымен де шектелген жоқ. Біріншіден, Қазақстан жеріне Ресейдің орталығы мен түкпірлерінен шаруалардың жаппай көшіріліп, жергілікті халық меншігіндегі жерлерді күштеп алып қоюы тоқтатылды. Бұл үдерістің XX ғасырдың басында қарқынды жүргізілгені сондай, бұл жалғаса берсе, таяу жылдардан кейін мұның соңы қазақтардың үндістер сияқты резервацияда қалуына апарып соқтырар еді. Осының алды алынды. Екіншіден, төңкеріс қазақтарға толыққанды азаматтық құқықтар әперді. Ресей империясының 1867-1868 жылдардағы реформасынан кейін қазақтар қызметінің ең жоғары сатысы тек болыс болу ғана еді. Сирек жағдайларда ғана олар әскери қызметтер атқара алды. Рас, бұл таза большевиктердің ғана еңбегі емес еді. Ақпан төңкерісінен кейін-ақ Уақытша үкімет қазақ қоғамдық-саяси ортасынан шыққан ең жарқын тұлға Әлихан Бөкейхановты Торғай облысының комиссары етіп тағайындады. Қазақ интеллигенциясының бір топ өкілі әртүрлі өкімет органдары құрамына кіріп, өз халқының мүдделерін қорғау мүмкіндіктеріне ие болды.
Кеңес Одағы қазаққа не бер­ді дегенде, ауызға алдымен ілінетін жайттың бірі – ол біздің халқымызды жаппай дерлік сауатсыздық қалпынан алып шығатын айтарлықтай білім берді. Рас, көзі ашық, көкірегі ояу, империя астанасында білім алған қазақтар бар еді. Бірақ олар ат төбеліндей ғана болатын. Елде білім жүйесі жақсы дамығанын жоққа шығаруға болмайды. «Оқы, оқы және оқы» деген ұран тасталды. Өйткені социалистік жүйені сақтау, дамыту үшін білімді адамдар керек-тін. Социализмнің артықшылығын көрсету үшін кейбір саланы дамытуға басымдық берілді, денсаулық сақтау жүйесі жақсы дамыды және тегін болды. Мұның бәрі жүйені нығайту үшін қажет болды. Жұрт жүйелі жұмыспен қамтамасыз етілді. Жұмыссыздық деген мүлдем болған жоқ. Осы жылдарда, негізінен, мал шаруашылығына көңіл бөлетін ауыл шаруа­шылығы бағытындағы аймақ саналған республикада индус­триализация кезеңінде өнеркәсіп пен теміржол құрылысы қолға алынды. 40-жылдарға қарай Қазақстан еліміздегі көмір, мұнай және түсті металл өндірілетін аса маңызды аймақтардың біріне айналды. Өлкеміздің барлық тараптарының жерасты байлықтары зерттеліп, Қ.Сәтбаев, Ш.Есенов сияқты өз ғалымдарымыздың атсалысуымен оның картасы жасалды. Рас, Қазақстан, негізінен, шикізат өндіретін және астық өсіретін республикаға айналды. Жүздеген зауыт пен қырық шақты қала салынды, алыс аудандарға дейін жол мен жарық тартылды. Екінші дүние­жүзілік соғыс кезінде бірқатар өндіріс орындары орталықтан қазақ жеріне амалсыздан көшірілді.
Енді Қазан төңкерісі мен оның салдарынан пайда болған кеңес өкіметінің қазаққа әкелген зардаптарына келсек, оның тіпті көп еке­нін байқаймыз. Бұл ретте ұлт жанашыры Мұстафа Шоқайдың: «1917 жылдың 12-16 наурыз күндерінде ескі тәртіп құлап, жаңа тәртіп орнағанын қуана қарсы алған біздер, ол кезде өзіміз зор қуанышпен қарсы алған осы жаңа тәртіп халқымыздың басына бұрынғыдан бетер қасірет әкелерін ойламаған едік» деп жазуында шындық бар. Расында да, қазақ халқы үшін бұл оқиғалар патшалық Ресей заманындағы отаршылықтан бетер езгіге тап болған кезең болды. Осы 70 жылдық кезеңде қазақ ұлтына залал келтіретін талай асыра сілтеушіліктер көптеп орын алды. Соның нәтижесінде жер-жерде қазақ мектептері жаппай жабыла бастады, орыс­тілді, біртұтас кеңес халқын жасаймыз деген желеумен қазақ тілі құруға бет алды, сырттан келушілердің көптігінен және орыс ұлты санының республикада бірінші орынға шығып кетуі салдарынан қазақтар өздерінің отан­дарында екінші сұрыпты нәсілге айналды. Осылайша, 1906 жылы саны 6 миллион адамнан асқан халқымыз 30-жылдардың соңына қарай осының тең жартысынан айы­рылып қалып, бұл мөлшерді тек 70-жылдар шамасында ғана толтыра алды.
Жалпы, халқымызды қыр­ғынға, геноцидке ұшырату 1921-1922 жылғы алғашқы аштық кезеңінен басталады. Ал бұдан кейінгі 1931-1933 жылдардың аштығы қазақты тіпті отап кетті десе болады. Бұл қырылу Отан соғысы аяқталғанға де­йін созылды. 1928 жылғы 28 тамызда шыққан «Бай-кулактарды кәмпескелеу туралы» қаулыға байланысты жүргізіл­ген күштеп тәркілеуден кейін шет жақтарға ауа көшкен қазақтар да аз болған жоқ. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» дейтін ұранмен жүзеге асқан науқанның соңында 30 миллионнан астам мал құрып-бітті. Сөйтіп, 1929 жылы Қазақстандағы мал ба­сы 40 миллион болса, 1933 жылы
4 миллионға зорға жетті.
Мұның соңынан халқымыз­дың бас көтерер көзі ашық азаматтарын репрессиялау науқанына жол берілді. Большевиктер 1937-1938 жылдары ұлт қаймағы болып саналатын сондай тұлғалардың басым бөлігін қырғынға ұшыратып, зиялы қауымды баудай қырып салды. Оның көпшілігі кешегі алаш идеясын қорғаушылар еді. Міне, өстіп ұлттың іргесін бұзып, партияның айтқанына бас шұлғитын халге жеткізді. Бұдан кейін жүргізілген Қазақ­стан жеріндегі тың көтеру нау­қаны да қазақтың мүддесіне бола жасалған нәрсе емес еді. Ол, керісінше, біздің жұртымызды өз жерімізде азайта беру үшін жасалған қарышты қадам­дардың бірі болды. Осы шамада қазақ жері аса зиянды әскери, ядролық, ғарыштық полигон болып кетті. Семей жерінде орын алған атом бомбасы сынақтары салдарынан елі­мізде кемінде 2 миллион адам зардап шекті. Кеңес би­лі­гінің шаруашылық пен өндірісті экстенсивті жүргізуі сал­­дарынан қоршаған ортаға өлшеуге келмейтін нұқсан келтірілді. Мұның соңы жер құнарының кеміп, Арал теңізі табанының тартылуына, экологиялық апаттарға алып келді.
Қазір тарихшылар мен зерттеушілер арасында «Қазақстанда 1917 жылдан кейін тәуелсіздік алу мүмкіндігі болды ма?» деген сауал да әрәдік қойылып тұрады. Бұған сол бірқатар тарихшылар ондай мүмкіндіктің болмағанын алға тартып, жауап қайтарады. Олардың ойларынша, тап сол заманда бізде Балтық жағалауы елдері, Финляндия­ға, тіпті Украинаға қарағанда да, басқаша жағдай қалыптас­қан. Аталған аймақтар мен елдердің батыс мемлекеттеріне жақын орналасуы олардың тәуелсіздік жолында күресулеріне зор мүмкіндіктер алып берді. Ал біз бір шеткері аймақта жатқандықтан және айналамызда қуатты елдердің болмауынан ешкімнен ондай көмек күте алмайтын едік. Сондықтан бізде Ресей дәргейінде қала беруден басқа жол болмады. Оның үстіне, қазақ жері Қазан төңкерісін біртұтас қалыпта қарсы ала алған жоқ.
Ал егер бұл болжамның ауқымын бұдан да кеңірек алып көрсек, Қазақстанды үш түрлі даму жолы күтіп тұрғанын да байқаймыз. Бірінші, Қазақстан Ресей мемлекетінің отарлық аумағы, яғни оның құрамдас бөлігі болып қала береді. Осы жылдарда Ресей империясы біртіндеп демократиялық жолға түсіп, өзінің монархиялық сипатынан айырылады. Бұл жағдайда Қазақстан территориясы бірнеше губернияға бөлінген қалпында қалып, қазақ жұрты бір-бірінен біртіндеп жырақтап, өзінің тұтас тұрқын жоғалтып алуы да ықтимал. Екінші, XX ғасырда әлемдегі көптеген державалардың, атап айтқанда, Британия империясының ыдырауын, Францияның өз отарларынан айырылып қалуын, яғни қуатты мемлекеттің бәрінің пәрменді ұлт-азаттық қозғалыстарына тап келіп, өздерінің сырт жақтардағы иеліктерінен бас тартуға мәжбүр болғанын ескерсек, мұндай жағдайдың Ресей территориясында да орын алуы әбден мүмкін еді. Мұның соңы Кавказда, Орта Азияда, Сібірде ғасырдың ортасында ұлт-азаттық қозғалыстарының өршіп кетуіне апарып соқтырып, «әбден шаршаған» Ресей империясы жаңа Қазақ мемлекетінің бой көтеруіне рұқсат берген болар еді. Жезқазғанда мыс өндіре бастаған ағылшындардың Ресей құрамында болған өңірге көз салуы да қиындау, қисынсыздау болжам. Үшінші нұсқа бірінші мен екіншінің ортасынан шығады. Қазақстан әлдеқандай бір ұлттық мәртебеге қол жеткізеді. Ол, алашордашылардың армандағанындай, Ресей құрамындағы ұлттық автономиялы құрылым болады. Былайша айтқанда, Қазақ КСР-іне ұқсайды.
Егер Қазан төңкерісі болмаса, Қазақстан қандай тарихи жолдан өтер еді? Тарихшылар бүгінде бұл тақырып төңірегінде де өз болжамдарын білдіріп отыр. Олар, негізінен, республиканың шеткергі аймақ мәртебесін сақтап қалатынын алға тартады. Бұл жағдайда қазақ жерінде индустриализация да, ұжымдастыру науқаны да орын алмаған болар еді. Сонымен бірге, қазақ жұрты қолдан жасалған аштық пен ұлт зиялыларының қуғын-сүргініне де ұрынбас еді. Сол сияқты біздің өлкеміз басқа халықтар депортациясы жасалатын аймаққа айналып, тың көтеру секілді әсіреұраншыл кезеңнің құрбандығына ұшырамас еді. Демек, Қазақстан 130-дан астам нәсілдің мекені саналып, «жүз ұлттың планетасы» деген атаққа қол жеткізбеген болар еді. Осылайша, баяу даму жолын таңдап алған Қазақ елі қазіргі заманғы Моңғолия сияқты дәстүрлі көшпелі мал шаруашылығын дамытатын, бірақ үлкен өндіріс ошақтары кем аграрлы елдің ахуалын бастан кешер ме еді, кім білсін?!.

P.S: Қазан төңкерісінің сабақтары әлі толық зерттеліп, өзінің әділ бағасын алып болған жоқ. Сондықтан бұл тарихшы-ғалымдардың алдағы күндерде қолға алатын толғақты тақырыптарының бірі болса керек. Дүниені дүр сілкіндірген оқиғаға бір ғасыр толды. Біз оны ел шежіресінен сызып тастай алмаймыз, алдағы ұрпақ та кешегі қызыл империя сабақтары мен зардаптарын үнемі талдап, талқылап отыратын болады.

Еркін Қыдыр

Тағыда

Еркін Қыдыр

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button