Әлеумет

Қайым Мұхамедханов көшесі

Елорданың «Жағалау» тұрғын алабында Шыңғыс Айтматов пен Ұлбике ақын көшелері аралығын жалғап тұрған, бұрынғы жобалық атауы Е250 көше тарихи тұлға Қайым Мұхамедхановтың есімімен аталады. Сондай-ақ Қазақ бизнес және технология университетінің қабырғасына ғалымның ескерткіш тақтасы ілінген.

Көрнекті ғалым, абайтануды ғылыми негіздеуші, шәкәрімтанудың негізін қалаушы, текстолог, ұстаз, ақын, жазушы, драматург, әдеби аудармашы, қоғам қайраткері Қайым Мұхамедханов (Ғабдулқайым) 1916 жылы 5 қаңтарда Семей қаласында дүниеге келген.
Әдебиетке 1930 жылдың орта шенінде келген ол алғашқыда өлең-жырлар, драматургия жанрында бірқатар шығармалар жазды, тәржіме жасаумен де көбірек шұғылданды. 1941 жылы Семей педагогика институтының филология факультетін бітірді. Көп жыл әдебиет пәнінің мұғалімі, Абай мұражайының директоры қызметін атқарды, «Абайдың әдебиет мектебі» тақырыбына кандидаттық диссертация қорғады (1951). Абай төңірегіндегі атақты әншілер: Көкбай, Ақылбай, Мағауия туралы, өткен заманның кейбір мұралары жайында зерттеулер, көлемді мақалалар жазды. «Абайдың ақын шәкірттері» атты төрт кітаптан тұратын жинақ құрас­тырды. «Абай» журналының қайта жарық көруіне көп еңбек сіңірді. Абай және Шәкәрім – сөздерінің түпнұсқасын сақтаған майталман педагог, тыйым салынған кезеңге қарамастан жүздеген жазбаларды сақтап қалған тұлға. 1951 жылы Абай мектебін сақтап қалу әрекеттері үшін репрессия мен азапты бастан кешірді. Сол үшін де 1951 жылы қамауға алынып, Семей, Алматы түрмелерінде, Қарағанды лагерінде отырды.
«Толқын», «Майданнан майданға», «Ер Білісбай» пьесаларының авторы. Әзербайжан драматургі У.Гаджибеков­тың «Аршин мал алан», татар жазушысы Ш.Камалдың «Қажы әпенді үйленеді» пьесаларын қазақшалаған.
1996 жылы «Абай» энциклопедиясын шығарудағы еңбегі үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Қазақ КСР Гимнінің авторы, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, әдеби аудармашы, Семейде Абайдың мұражайын ұйымдастырушы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының, Жазушылар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері, профессор, КСРО және Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі; Семей қаласының, Аягөз, Жаңасемей, Абай аудандарының Құрметті азаматы; жарияланған 800-ден аса ғылыми еңбектің авторы.
Әкесі Мұхамедхан Сейіт­құлов өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу азаматы еді. Оның үйінде Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов, өзге де Алаш қайраткерлері жиі бас қосатын. Мұхамедхан Семейде шығып отырған «Сарыарқа» газеті мен Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтің басшылығымен шыққан «Абай» журналын қаржыландырып отырды. Сөйткен әке өткен ғасырдың отызыншы жылдары «халық жауы» атанып, атылып кетті.
Кезінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы Қайым туралы «Бұл бала біздің есімізді жаңғыр­тады» деген екен. Қайымның өзі «Өлсем, Алаш азаматтарынан жаным артық емес» деп жазып кеткен. Оның өмірі мен тағдыры – туған елге қызмет ету мен адам бойындағы рухтың асқақтығына, ар-намыстың тазалығына мысалы болып табылады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button